Оқиғалар

Тілсіз жау тығырыққа тіреп кетті

Тілсіз жау тығырыққа тіреп кетті


Өрттен зардап шеккен «Мелисса» ЖШС-не «Ертіс» ӘКК қаржылай көмек беруі мүмкін. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ корпорация басшылығына бұл шаруаның заң аясындағы ең тиімді жолын іздеп табуды тапсырды.

OSB тақталар шығаратын еліміздегі жалғыз зауыт 8 сәуірде түн жамыла өртке оранған болатын. Ағаш өңдеу саласында 28 жыл еңбек етіп келе жатқан серіктестік өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы инвестициялық несие алып, қытайлық технологиямен қалдықсыз ағаш өңдеу цехын құрған. Сол несиеге құрылған цехтан өрт шығып, компания қазір әрі-сәрі күйде тұр. Ағаш өңдеу саласындағы мүмкіндіктері толық игерілмей отырған біздің өңір үшін бұл компанияның әрі қарай дамуы аса маңызды. Сондықтан аймақ басшысы оның қазіргі жағдайымен танысып, орынбасары Қуат Тұмабаевқа мемлекет тарапынан көмек көрсету жолдарын қарастыруды тапсырды.

Сол бір сұрапыл оқиғадан бері 10 күннен астам уақыт өтсе де, жалынның неден тұтанғанын құзырлы орындар әлі анықтамапты. Ал компанияға келген шығынды қытайлық инженерлер есептеп шығаруы тиіс екен. Өйткені, мұндағы ағаш қиындыларын сығымдайтын негізгі қондырғыны солар орнатқан болатын.
Серіктестіктің бас директоры Александр Воробьев OSB тақталар өндірісін жолға қою үшін қомақты мөлшерде қарызға кіргендерін айтады. Өндіріс жүрген сегіз айдың ішінде соның 120 млн. теңгесін қайтарып үлгерген.

-Алғаш көргенде зауытты қалпына келтіру мүмкін еместей көрінген. Қазір ептеп ес жия бастадық. Дұрыстап есептесек, талай дүниені қайта іске қосуға болады екен. Сығымдағыш қондырғының қозғалтқыштарына қайта сым орап шығу қажет. Қалған тетіктері сау деуге болады. Ал ағаш жоңқалайтын бөлігіне от тимеген, – дейді А.Воробьев. Облыс әкімі «Мелисса» ЖШС-не көмектесудің бірнеше жолы қарастырылатынын айтты.
-Бұл кәсіпорында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Шығарған өнімдері Қазақстаннан бөлек, көрші елдерге де сатылады. Сондықтан мемлекет тарапынан көмек көрсетуге болады. Біз бұл мәселені кешенді түрде зерттейміз. Біріншіден, зауытты қалай сақтап қаламыз деген мәселе төңірегінде ойлану керек. Екіншіден, шикізатпен қамту жолын шешеміз. Облыс бойынша жылына 1,1 млн. текше метрге дейін ағаш өңдеуге мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті зауыт өндірісіне пайдалану қажет. Жобаның экономикасын тыңғылықты зерттейтін боламыз. Қаншалықты өзін ақтайтыны, кәсіпкердің «несие тарихы» зерделеніп, бір аптаның ішінде нақты жоспар дайындалуы тиіс. Бұл іске біз «Ертіс» ӘКК арқылы араласуымыз мүмкін. Алайда, аталмыш корпорацияның бұған дейін бірнеше өндіріс ошағына көмек қолын сәтсіз созғанын білеміз. Бір ғана Семейдегі құс фабрикасын мысалға алуға болады. Сол олқылықтар қайталанбауы үшін тыңғылықты талдау жүргізіп барып, шешім қабылдаймыз, – деді аймақ басшысы.
Серіктестік базасы орналасқан аумақ та несие алу кезінде кепілдікке қойылған екен. Бұл да компанияның қаржылық операциялар жүргізуіне кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан мемлекеттің қолдауы қандай жолмен жүзеге асатыны әлі белгісіз. А.Воробьев несие алған банк өкілдері де өндіріс басында жүргендерін айтады. Қазіргі таңда олармен несие кестесін шегере тұрудың мүмкіндіктері талқылануда.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button