Қоғам

Тұлпарлардың тұяғы дала төсін дүбірлетті

Тұлпарлардың тұяғы дала төсін дүбірлетті

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін Аягөз жұрты кең көлемде тойлады. Ауылдық округтер мен елді мекендерде сайын дала төсін дүбірлеткен бәйгелер өтіп, жұрт қызығы мен қуанышы мол мерекелік сәттерді бастан кешірді.

Дүбірлі думан алдымен аудан орталығы Аягөз қаласының орталық алаңында «Бір шаңырақ астында» Достық фестивалін мерекелеуден бастау алды. Бұдан соң қалың көпшіліктің толқыны қала сыртындағы атшабарға қарай ауды. Бұл жерде Аягөз ауданының әкімдігі және аудандық ат спорты федерациясының ұйымдастыруымен аудан әкімінің жүлдесіне арналған аударыспақ пен ат жарысы өтті. Аудан әкімі Бақытжан Байахметов пен ел ағаларының ізгі тілегі, сондай-ақ, ән-жырдан шашылған шашу бөктерге жиылған жұртты береке мен ынтымаққа шақырып, бірлікке үндегендей болды.
Осыдан кейін жарыс та басталып кетті. Жылқы тұяғының дүбірі қай қазақтың қанын қыздырмаған. Бетегелі беткейге орналасқан шатыр ішіне сыймаған жұрттың бір парасы төбешік басына шоғырланып дуылдасты.

Аламан бәйгенің қызығына түскен жұрт ат тұяғынан шыққан шаңды да елей қоймай, мойындарын созып ентелеп алға ұмтылады. Тайға мінген жасөспірімдер, құнанды ауыздықтаған бозбалалар мен бестісінің қайыстырған атпал азаматтардың назары түгелдей ортада. Тайжарыс, құнанжарыс, аламан… Әудем жерде өтіп жатқан аударыспақ ойыны тіпті қызық! Құдды, осы жерде жеңіліс тауып құлап жатса қайта тұра алмайтындай өндіршегін соза айқайға басқан жігіттер төңіректі дуға бөлеп тұр.

Мұнда да жауырыны қақпақтай, бұлшық еттері бұлтылдаған, тақымы тастай жігіттер қарсылас шақ келтірмей, домалатып жатыр.
Кең көлемде өткен мерекелік шараға әр ауылдық округтен тай жарысқа – 25, аламан бәйгеге – 23, топ бәйгеге – 32, құнан бәйгеге 26 ат қосылып, жүйріктерді анықтады. Сондай-ақ, аударыспаққа 17 адам қатысып, алғашқы екі орынды Ақшәулінің азаматтары жеңіп алғанын айтқан абзал.

Тайжарыста бірінші орынға Мамырсу, екінші және үшінші орындарға Байқошқар ауылдық округінен келген жүйріктер шықты. Құнан бәйгеде бірінші орынды Баршатас, екінші орынды Мыңбұлақ, үшінші орынды Мамырсу ауылдық округтері иеленді. Топ бәйгеде Аягөз қаласы топ жарса, екінші және үшінші орындарға Ақтоғай мен Нарын ауылдық округтері тұрақтады. Жұрттың делебесін қоздырған аламан бәйге десек, артық айтқандық емес. Мұнда мәре сызығын бірінші және екінші болып, Көксала ауылының сәйгүліктері кессе, үшінші орын Шыңғожа ауылына бұйырды.

Бірлік пен ынтымақты, достық пен берекені ту еткен 1 мамыр мерекесі осылайша аудан жұртшылығының есінен кетпейтіндей тойланды.

Берікхан ТАЙЖІГІТ
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button