Қоғам

Тәлімгерлерге енді ақы төленеді

Тәлімгерлерге енді ақы төленеді


2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап дуальді оқыту жүйесі бойынша оқытатын кәсіптік колледждер жан басына қаржыландыруға көшпек. Жаңа жүйе бойынша енді тәлімгерге әр оқушы үшін ақы төленеді.

-«Атамекен» ҰКП мен жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша заңнамаға тәлімгерлікті қолдау тетіктері енгізіліп, дуальді білім беру бойынша үлгілік шарт жасалған. 2019 жылдың басынан бастап техникалық және кәсіптік білім беретін білім орындарында жан басына қаржыландыру енгізіледі, ал тәлімгерлерге 1 студент үшін 6-8 мың теңге төлеу қарастырылған. Бұл жаңашылдық бизнес үшін қосымша ынталандыру болмақ, -деп атап өтті «Атамекен» ҰКП өкілі Ләззат Шонаева. – Студенттер кәсіпорында өндірістік оқудан өткенде, кәсіпорын белгілі бір өндірістік шығынды көтереді, яғни материалдар, жабдықтар пайдаланылады. Колледж басшылығы мұны ескеруі керек және осы тармақ жан басына қаржыландыруға ену керек. Колледждер қаржыны жұмыс берушіге ме, әлде тәлімгердің тікелей өзіне ме, кімге беру керектігін шешуі керек.

Осы ретте Өскемендегі танымал ресторатор Рустам Адамов тәлімгерлік нақты жеке тұлғаға емес, кәсіпорынға байлану керектігін айтты. Өйткені өндірістік циклдар күрделі әрі әртүрлі болады және тәлімгер жалғыз болмайды.

«Қаржы орталығы» АҚ Білім беруді мемлекеттік қаржыландыру жүйесін дамыту департаменті директорының орынбасары Айнұр Кадесованың айтқуынша, бүгінде қарастырылып жатқан тәлімгерлікті қаржыландырудың жаңа жүйесінің тиімді тұстары бар. Тәлімгерлерге төлем жасаудың белгілі бір әдістемесі, жан басына қаржыландырудың есептері бар. Тәлімгер өндірістік оқытудың деңгейіне қарай төлем алып отырмақ.

Көпшіліктің пікірінше тәлімгерге оқытып, үйреткені үшін қосымша ақы төленетін болса, ол студентке жүрдім-бардым қарамай, білікті маман болып қалыптасуына (заңмен бекітілген түрде) нақты қолдау көрсетпек. Бүгінгі күні екі жақты да аяқтан шалып отырған нәрсе – тәжірибе алуға, жұмыс істеуге келген жас мамандардың жұмысты бірден игеріп кете алмауында. Соның салдарынан маман жетіспеушілігі туындап, жұмысқа келген маманның тәжірибесіздігі мәселесінің өзектілігі жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі күні өңірде мейрамхана, тігін бизнесі, сонымен қатар машина жасау, өнеркәсіп салаларында кадр тапшылығы қатты сезілуде.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button