Қоғам

Тәлімгерлерді таңдап алыңыз

Тәлімгерлерді таңдап алыңыз


«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз». Міне, балалардың қызықты жазғы демалысына да санаулы күндер қалды. Ал жазғы демалыстың тиімді әрі әсерлі өтуі сондағы тәлімгерлердің білім-біліктілігіне тікелей байланысты. Осы орайда Таулы Үлбідегі «Дарын» базасында «Тәлімгер – Вожатый «FEST» облыстық фестивалі өтіп, сайыс нәтижесінде өңіріміздің ең өнерлі, жаңашыл, үздік тәлімгерлері анықталды.

Өңіріміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерде педагог-ұйымдастырушы мамандығы бойынша білім алып жүрген болашақ тәлімгерлер сайысына фестивальдың былтырғы жеңімпазы – Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжімен қатар С.Аманжолов Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесі, Семей қаласының көпсалалы колледжі, Қазақстан-Америка Еркін университеті, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі және басқа да оқу орындарының жасақтары белсене қатысты.

Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру және кадрлар даярлау орталығының директоры Ришат Рамазанов салтанатты құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

-Жазғы демалысын сауықтыру лагерінде өткізетін балаларға азаматтық-патриоттық, эстетикалық және ұлттық тәрбие беруде, салауатты өмір салтына баулуда тәлімгерлер жан-жақты білімді болуы тиіс. Дәстүрге айналған тәлімгерлер фестивалінің жұмыс берушілер үшін де маңызы зор. Олар осы байқау арқылы жазғы лагерьлерге мықты тәлімгерлерді жұмысқа шақырады. Ал студенттер үшін өзінің сүйікті мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. Мәселен, он күнде оларға 30 мың теңге көлемінде жалақы төленсе, отыз күн ішінде біршама еңбекақыға қол жеткізуіне болады. Жатын орынмен, тамақпен қамтылады. Бір жағынан теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады,-дейді Ришат Сағибекұлы.

Тәлімгерлерді таңдап алыңыз

Болашақ тәлімгерлердің кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында облыста осымен үшінші рет өткізіліп отырған сайыста студенттер төрт байқау бойынша сынға түсті. Олар – педагогикалық жасақтардың визиттік карточкасы, «Лагерьдегі бір күн» үй тапсырмасы, зияткерлік-шығармашылық квест және флешмоб. Әр жасақ 12-19 тәлімгерден құралған. Жасақтардың дайындаған шығармашылық өнерлері бірінен бірі асып түсетін деңгейде болды.

Техникалық және кәсіптік білім беру және кадрлар даярлау орталығының маманы Динара Рахымжанованың айтуынша, облыстық білім басқармасының бастамасымен дәстүрге айналған «Тәлімгер – Вожатый «FEST» фестивалі биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Фестиваль шеңберінде «Тәлімгерлер жәрмеңкесі» өткізіліп, өңіріміздегі «Үржарайым», «Болашақ», «Толағай» сауықтыру лагерьлері мен Өскемен қаласындағы, Шемонайха, Глубокое, Күршім аудандарындағы мектеп жанындағы жазғы лагерьлерден келген басшылар өз лагерьлеріне тәлімгерлік жұмысқа үміткерлер таңдауға мүмкіндік алды.

Жауын-шашынды күнге қарамастан фестиваль жоғары деңгейде өтті. Аймақтық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Данияр Жүніс, «Жігер» балалар мен жасөспірімдер клубының басшысы Елена Деш, «Жастар ресурстық орталығының» сектор басышысы Елқоныс Кірісұлы сынды сарапшылардың шешімімен жүлделі орындарға ие болған жасақтар – Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал фестивальдің бас жүлдесін Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің дарынды жастары жеңіп алды. Өңіріміздің «Үздік тәлімгерлері» атанған жеңімпаздарға ерекше дизайндағы Кубок пен ноутбук сыйға берілді.

Тәлімгерлерді таңдап алыңыз

Таңғы жаттығуды «Қаражорғамен» бастайды

Аудан орталығынан 150 шақырым, Алакөл жағалауынан 75 метр жерде орналасқан «Үржарайым» сауықтыру лагері – балалардың сүйікті демалыс орны. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин мен аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісованың қолдауымен мұнда әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан ұл-қыздардың алаңсыз тынығып, білімдерін жетілдіріп, жазғы демалыстарын мазмұнды өткізуіне барынша жағдай жасалған.

-Сауықтыру лагерінде қос қабатты 21 корпус бар. Бір үйде 24 баладан орналасады. Әр корпустың ішінде балалардың жуынатын орны, санитарлық торабы бар. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан көлге шомылу кезінде балалардың қасында жүзу нұсқаушысы, тәрбиешілер мен тәлімгерлер міндетті түрде болады,-дейді демалыс лагерінің аға тәлімгері Шалқар Шәкеров. – Лагерьдегі таңғы жаттығу күнделікті «Қаражорға» биімен басталады. Еліміздің жұлдыздары келіп, балалармен кездесу өткіземіз. Алакөлдің емдік қасиеті болғандықтан шығар, жыл сайын мұнда келушілер көп. Тіл үйрету, спорт, туризм, экология бағытындағы түрлі мәдени іс-шаралар өтеді. Балалар бес уақыт тамақпен қамтылған.
Балаларды жастайынан еңбекке тәрбиелеу мақсатында «Еңбек десанты» жобасы да қолға алынған. «Қалдықсыз әлем» күнінде балалар ағаш қалдықтарынан мүсіндер, түрлі бұйымдар жасап, көрме ұйымдастырады.

Демалушылардың 80 пайызы оқуда дарынды балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар және әлеуметтік жағынан аз қамтылған көп балалы отбасылардың балалары екен. Аталған топтар үшін арнайы квота арқылы лагерьдегі демалыс тегін.

Глубокое ауданындағы «Толағай» жазғы лагерінде де жеті күннен тоғыз кезең бойы балалардың демалысы ұйымдастырылған. «Үштұғырлы тілге» мән беретін бұл демалыс орнында қазақ, ағылшын тілдерін үйретеді.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button