Түлектер жұмыс тапты

Облыстық білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының ұйымдастыруымен Семейдегі құрылыс колледжінде бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңке «Мәңгілік ел жастары – индустрияға», «Серпін-2050» бағдарламасы негізінде оқып жатқан колледж түлектеріне арналды.
Айта кету керек, бүгінгі таңда облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде «Мәңгілік ел жастары -индустрияға», «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 507 студент білім алуда, соның 208-і биыл бітірмек.
Бос орындар жәрмеңкесінің басты мақсаты – «Серпін-2050» бағдарламасы негізінде оқитын жас түлектерді жұмыспен қамтуға жағдай жасау және аймақаралық көшіп-қону тәртібімен таныстыру. Жәрмеңке барысында құрылыс колледжі мен көлік колледжінің түлектері «InnovativeCollege» компаниясымен үш жақты келісімшарт жасады.
– Облысымызда «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 208 түлек жаңа өмірге жолдама алғалы отыр, – деді құрылыс колледжінің директоры Қайрат Тастекеев, – қолар міндетті түрде еңбекпен қамтылып, біздің өңірде жұмыс істейтін болады. Бүгінде студенттер, колледж және жұмыс беруші арасында үшжақты келісімшартқа отыру қарқынды жүріп жатыр.
Жәрмеңке барысында Зайсан ауданының бір компаниясы колледждердің 5-7 түлегін жұмыспен қамтуға дайын екендіктерін айтты. Жас мамандар жол жөндеуге тартылмақ. Жалпы бұл күні жұмыс беруші компаниялардың барлығы түлектерге тегін тамақпен қамтитындықтарын айтты.
– Жастардың жәрмеңкеге белсене қатысып жатқандығы өте қуанышты, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы көші-қон бөлімінің жетекшісі Раушан Таймулдина, – мемлекет жастарға қолдау көрсетіп отыр. Біздің серпіндіктер «2017-2021 жылдарға арналған жаппай кәсіпкерлік және өнімді еңбек» бағдарламасына да қатыса алады. Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының жастары бізге келіп оқып, жұмысқа орналаса алады. Оларға баспана алуға субсидиялық көмектер де беріледі.
Жәрмеңкеге өткен жылдың түлегі де келіпті. Ол – қызылордалық Мұратбек Ізбасар. «Серпін» арқылы оқыған Мұратбек Шығыс өңірінде жұмысқа орналасқан.
– Семейдегі құрылыс компаниясында жұмыс істеймін. Жобалаушы мамандығын игердім. Мамандығым өзіме ұнайды және мақтан етемін, – деді Мұратбек Ізбасар.
Облыстық білім басқармасының өкілі Гүлмира Ілиясова, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев жастарға сәттілік тілеп, 2014 жылы басталған «Серпін» бағдарламасы жалғаса беретінін айтты.
Раушан Нұғманбекова