Түлектер талпынды жыраққа

Соңғы қоңырау сыңғырлайды тынымсыз,
Нәзік үні таңсық емес құлаққа.
«Алтын ұя» ойға шомып тұр үнсіз,
Түлектерін талпындырып жыраққа… Иә, 25 мамыр күні біздің облыстағы барлық мектептер де түлектерін ұшырып, 2014-2015 оқу жылының соңғы қоңырауын сыңғырлатты.
Биыл біздің облыстан 8660 оқушы мектеп бітірді. Мұның 2494-і ҰБТ-ға қатысады. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, бұлардың ішінде 394 түлек «Алтын белгіден», 142 оқушы «Үздік аттестаттан» үмітті.
Біз Өскемен қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №20 мектептің соңғы қоңырау салтанатына барып қатысқан едік.
Бұл мектептен биыл 29 түлек қоңырау үнін естіді. Арманының ақ қанатына ақ бантик байлаған бойжеткендер мен болашағына бой созған бозбалалардың жанарында қуаныш та, қимастық сезім де, сәл-пәл қорқыныш та бар.
Балдай тәтті бал күндердің куәсі болған, өмір көктемінің 11 жылын өткізген алтын ұя – мектеппен қоштасу түлектер үшін ауыр екені айтпаса да түсінікті жағдай. Осы бір жүректі сыздатар қимастық сезімді аталмыш мектептің түлектері әнмен әлдилеп, бимен тербетті. Өздерінің алдын ала дайындаған нөмірлерімен мектепке, ұстаздарға, соңынан ерген іні-қарындастарына деген ілтипатын жеткізді.
Көзін қысып қалса, кірпігі мөлдір моншақ таққалы тұрған түлектерді мектеп директоры Қанипа Мұқышева мен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Арман Ысқақов құттықтап, сапарларына сәттілік тіледі.
– Биылғы жыл – еліміз үшін аса маңызды жыл. Қазақ хандығының құрылғанына 550, Ұлы Жеңіске 70, Ұлы Абайдың туғанына 170, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Конституциясына 20 жыл толады. Сіздер осындай атаулы даталардың қарсаңында мектеп бітіріп отырсыздар. Ендігі сендердің алдарыңда тұрған ең үлкен сын – ҰБТ. Сендерге ҰБТ-да өткен жылғы түлектердің жолын берсін, қалаған мамандықтарыңа түсіңдер, – деді мектеп директоры.
Өткен жылғы демекші, бұл мектептің өткен жылы «Алтын белгілер» үміткер 7 баланың бесеуі ақтап шыққан. Өмірінің жаңа сатысына қадам басқалы тұрған биылғы 29 түлектің ішінде сан қырлы талант иелері, қазірдің өзінде болашағының жарқын бейнесін аңғартып қойған дарынды жастар бар. Айталық, үшеуі «Алтын белгіден», екеуі «Үздік аттестаттан», бір оқушы ерекше куәліктен үміткер. Екі оқушы халықаралық ғылыми жоба жеңімпазы, грант иесі, бір оқушы «ХХІ ғасыр көкшбасшысы» жобасының айлық, маусымдық ойындарының жеңімпазы.
Өздерін 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан оқытушыларына ризашылығын білдірген мектеп түлектері әрбір мұғалімнің атын атап тұрып рақметін айтып, гүл шоқтарын тарту етті. Айтпақшы түлектердің соңғы қоңырауына негізгі мектепті бітірген 46 оқушы да қатысты. Өйткені, олардың да кейбірі мектеппен қоштасып жатыр. Аяулы ана мектеп құшағын ән-жырға, әдемі гүлге толтырған түлектер шара соңында қалыптасқан дәстүр бойынша мектеп ауласына ағаш егуге аттанды. Енді олар қоғамның бір-бір тал шыбығы болып, мәуелеп өспек. Тал шыбықтардың тамыры тереңге тарта бергей! Сәт сапар түлектер!
Мұратхан Кенжеханұлы