Қоғам

Түлек атакәсіпті түлетіп жатыр

Түлек атакәсіпті түлетіп жатыр


Бұдан үш жыл бұрын Зайсан ауданының Дайыр ауылына көрші Қытайдан көшіп келген Назымбек деген азаматпен таныстық. Ұлы Түлек, жұбайы Сәбила үшеуі екі жылдан бері мал бордақылаумен шұғылданып жатқан көрінеді.

-Келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын. Атажұртта жаңа жыл қалай тойланады екен?-деп сауал қойдық амандықтан соң.

-Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. 25 жылдығын тойладық. Қытайдың Қабасында тұратын қандастарымыз Наурызды жыл сайын атап өтеді. Бұрындары Қазақстанда Наурыз тойы ұмытылған екен деп естуші едік. Жыл мен күн теңесіп, табиғаттың тамырына қан жүгіріп, халықтарды достық пен татулыққа шақыратын мерекенің тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жыл сайын дүркіреп өтетініне көз жеткіздік. Киіз үйлер тігіліп, наурызкөжеден дәм татып, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын паш ететін Ұлыстың ұлы күнін биыл да сән-салтанатымен мейрамдамақпыз. Наурызкөже жасап, көрші-қолаңдарға дәм татқызуды ұйғарып отырмыз,-дейді отағасы Назымбек Сағатбек.

Түлек Назымбекұлы Дайыр ауылына көшіп келген соң жиған-тергеніне ірі қара, бұзау сатып алады. Өткен жылы жеке кәсіпкерлікпен шұғылданушыларға Үкімет тарапынан жеңілдікпен несие берілетінін естіген соң, талаптанып, мал бордақылау алаңын ашпақшы болады. Алайда, несие алмай, өзі мал жинап, бордақылай бастайды. 40 басқа арналған қора салып алады.

-Қазір бізде 30 ірі қара бар. Оларды жайылымға жібермейміз, себебі, қоңын жоғалтып алады. Желтоқсан, қаңтар, ақпанда мал семіреді, шөбіміз жеткілікті, жем береміз. Апта сайын Зайсанда жәрмеңке өтіп тұрады, бір-екі ірі қараны сойып апарып, келісін 1000-1200 теңгеден сатамыз. Әкем көмектеседі, ол кісі мал өсірудің шебері, тәжірибесі мол. Алдағы уақытта мал басын көбейте түспекпіз,-деді Түлек.

-Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша жекеменшік малдары барларға Үкімет тарапынан қолдау көрсету, жағдай туғызу міндет етіп алға қойылған. Бұл ретте облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ арнайы тапсырма беріп, мал бордақылау алаңдарын салуға жете назар аудару қажеттігін айтқан. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мал бордақылаумен шұғылданатын 87 қожалық пен жекеменшік малдары барларға жеңілдікпен несие берілді. Бес, он, жиырма, отыз, одан да көп мал бордақылап жатқандардың есебі түгел. Семіз, жас малдың етіне сұраныс әуел бастан жоғары екені белгілі. Ендеше мемлекеттің бұл саясаты тұрғындар тарапынан қолдау табуда,-дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Уәли.

Түлектің әкесі Назымбек Сағатбек атамекенге қоныс аударғанына разы. «Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерге келгеніміз қандай оңды болған. Ұлымыз екеуіміз енді елге еңбек сіңірсек деген ойдамыз. Мемлекет басшысының «Елден аламын деп емес, атажұртыма не беремін деп келу керек» деген сөзі қандай орынды? Аудан әкімі Т.Қасымжанов біздің жұмысымызбен танысты, қолдау көрсететінін айтты. Демек, сенімді ақтауға тырысамыз», – деп ағынан жарылды Назымбек.

Кең, жарық қора ішіне енгенімізде жинақылықты байқадық. Бір уақыт малдар кең аулаға шығарылады екен. Сол кезде мал тұратын алаң тазартылады. Жас болса да, шаруаның ретін білетін Түлектің тірлігіне іштей разы болдық.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button