Қоғам

Тіл шеберлері сайысқа түсті

Тіл шеберлері сайысқа түсті


Қазақстан халқының тілдері күніне орай Өскемендегі «Жастар» саябағының орталық алаңында облыстық тілдерді дамыту басқармасының және «Славян мәдениеті» қоғамының ұйымдастыруымен «Удивительный мир славянского слова» деген атпен байқау эстафетасы өтті.

-Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз – орыс тілі мен мәдениетін жақсы білетін дарынды жастарды қолдай отырып, мәдениетаралық қарым-қатынаста олардың белсенді азаматтық ұстанымы мен ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған шығармашылық бастамаларын іске асыру. Осы айдың соңында Сол жағалаудағы этноауылда Достық үйінің 25 жылдығына орай өткізілетін Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінде өңіріміздің барлық аудан, қалалары, этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен ауқымды шаралар өтеді. Ал қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан халықтарының тілдер күні мерекесі болғандықтан, Александр Яковлев басшылық ететін «Славян мәдениеті» қоғамының ұйымдастыруымен «Удивительный мир славянского слова» эстафеталық байқауын өткізгенді жөн көрдік. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл байқаудың жастарымыздың сөйлеу мәдениетін арттырып, шешендік өнерді дамытуда ықпалы зор,-дейді облыстың тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.

Қызықты байқау эстафетасына әрқайсысы он адамнан тұратын бес топ қатысты. Топтар Өскемен қаласындағы №№30, 32, 9, 4, 10 орта мектептерінің білімді оқушылары мен аулалық клуб тәрбиеленушілерінен құралды. Әр топтың өз атауы бар және тақырыпқа сай арнайы ұлттық киімдерін киіпті. Сайыскерлер орыстың тілі мен әдебиеті, фольклоры мен мәдениетіне арналған сауалдарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.

Шара барысында ән-биден шашу шашқан «ММДэнс-студия», «Ладушки», «Крынички», «Свиточ», «Прорыв», «Вдохновение», «Бастеньки», «Ақниет», «Перезвон», «Злато» өнер ұжымдары жиналған көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

– Достық үйі құрылғалы 25 жыл бойы жастармен жұмыс жүргізіп келеміз. Жастарымыз өз тілін жетік білгеннен кейін барып қазіргі жаһандану заманына сай бірнеше тілді меңгергені жөн. Латын тілінің де еш қиындығы жоқ. Ол заман талабы,-дейді «Ақниет» әжелер ансамблінің өнерпазы, облыстық мұсылмандар лигасының мүшесі Тамара Қабдікенова.

Қазылар алқасының шешімімен, жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ, қатысушылар да славян әліппесінің тарихы, орыс әдеби тілінің әралуандығы мен халық арасында күнделікті қолданылу ерекшеліктерін білуде үздік нәтиже көрсеткендері үшін тілдерді дамыту басқармасының арнайы дипломдарымен және сыйлықтармен марапатталды.

Шара көрермендерге арналған тақырыптық сұрақ-жауаптар және түрлі қызықты байқаулармен, қолөнер шеберлерінің көрмесімен жалғасты.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button