Тіл бітсе, музей не дейді?
Музей тілінде экспонаттың тарихи дерегі құжатпен дәлелденбесе, жай ғана «жәдігер» деп атайды. Біз барған облыстық ішкі істер департаментінің тарихи мұражайында ондай заттар жетерлік екен. Алайда небір қылмыстарға айғақ болған заттарға қазақтың «жәдігер» деген әдемі сөзін қиғымыз келмеді.
Тасадағы «Теңге сарайы»
Кірген бетте көзімізге зеңбіректің ұңғысы түсті. Сөйтсек, ол ұңғы емес, фотоұлғайтқыш құралдардың арғы атасы екен. Музей меңгерушісі Жанетта Қалимолдина шойыннан құйылған құралды қозғау үшін бірнеше адам қажет екенін айтады. Сотталғандарды үш түрлі қалыпта осы ұңғыдан көздеп түсіріпті. Құралдың қашан жасалғаны белгісіз. 1959 жылы реставрациядан өткені ғана мәлім. Бірақ біздің іздегеніміз ол емес болатын. Тасада теңге шекіп, онысын асқан ептілікпен айналымға енгізбек болған инженер туралы талай естігенбіз. Музейге соның дерегін іздеп кірген едік. Таптық та. Теңгені қолыма алып қарай бердім, бетінде көзге түсер мін бар ма деп. Музей қызметкерінің айтуынша, оның қолданыстағы теңгеден айырмашылығы қырындағы бедерінде ғана екен. Кәдімгі тиындардың кертіктері қолға түрпідей сезілсе, қолымыздағы жалған тиында білінер-білінбес қана.
2000 жыл «Александр Л» ЖШС-нің 40 жастағы директоры үшін оңай соқпапты. Кәсібі өрге баспай, қарызы 70 мың долларға дейін өседі. Бірде оған қарызын жалған ақшамен қайтару туралы ой келеді. Металл өңдеу ісінің инженері әуелі қалып пен баспа табағын сатып алып, доллар шығармақшы болады. Бірақ бұл істің тәуекелі жоғары екенін ескеріп, темір ақша жасау керек деп ұйғарады. Қорғасын зауытына тапсырыс беріп, 450 мың теңгеге қажетті станок пен қалыпты, металл сығымдағыш жабдық жасатады. Бұл қаржыны да ол таныстарынан пайыздық үстемемен алыпты. Қажетті станокты толық құраған соң, ондаған 50 теңгелікті шекіп көреді. Кейін сарапшылар оның қолынан шыққан ақшаларды кәдімгі теңгеден айыру өте қиын екенін айтып, таңғалысқан екен. Тіпті барлық қорғаныш қабаттары сақталыпты. Теңге сарайында бір күн де істеп көрмеген адамның өз бетімен шеку технологиясын сызбаға түсіруі шынымен таңғаларлық жайт еді. Шығарған өнімінің сапасына көңілі толған өнертапқыш Новосібірден сапалы металға тапсырыс береді. Тасадағы теңге сарайының патшасы осыдан кейін-ақ тағынан құлапты. Облыстық ішкі істер департаментіне қарасты 9-бөлім мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері көптен бері Александрдың ізіне түскен болатын. Құзырлы органдарға станок бөлшектері жасалып жатқан кезде хабар жетсе керек. Аурухана ғимаратынан жалға алған цехта кезекті клиенттерін қабылдап жатқан Александрдың үстінен құрықтау тобы басып кіреді.
Тергеу кезінде ол мұндай қадамға мәжбүрліктен барғанын, бірнеше миллион теңге жасап, қарызын қайтарған соң, заңсыздықты тоқтатам деп ойлағанын айтқан. «Неге қағаз ақша жасамадың» деген сұраққа «Темір ақшаға ешкім мән бермейді. Маған дейін ондай ой ешкімнің басына келмеген. Сондықтан тәуекелі аз еді» деп жауап береді. Ол құрастырған станок бір аптада 1,5 млн. теңгенің елуліктерін шекуге қауқарлы болған екен. Бүгінде аса талантты қылмыскердің атышулы өнертабысына куә ретінде жалған ақшалар ғана қалған.
Күркедегі крематорий
Жалған тиындардың жайына қаныққан соң, өзге бұйымдарға да көз сала бастадық. Көзімізге ағаш сапты жіңішке ара темір оттай басылды. Ойымызға Голливудтың «Пила» атты қанқұйлы фильмі түсті. Қиялымыз шындықтан алыс кетпеген екен. Бұл ара 1990 жылы бүкіл Шығысты дүрліктірген әйгілі адамжегішке тиесілі болып шықты.
1990 жылдың жазында Глубокое ауданының Предгорное ауылында сегіз жастағы ұл бала жоғалады. Оны іздеуге шыққан сақшылар баланың үйден теуіп шыққан велосипедін бөтен үйдің қашасына сүйеулі тұрған жерінен табады. Бұл үйде шағын қожалығы бар, томаға-тұйық бір жан тұратын. Шағын фермасында шошқа мен тауық асырайтын. Биік қоршаудың үстінен ток тартылған сым өтіп жатқандықтан, ешкім маңайына жоламапты. Жолаған күннің өзінде есіктің сыртынан қайтарады екен. Полиция қызметкерлерін де сөйтеді. Аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары үйге тек прокурордың санкциясы арқылы күшпен кіреді. Аулаға кірген бойда қанқұйлы қылмыстың сан түрін көріп жүрген жедел бөлімнің қызметкерлері де тілсіз қалады. Өйткені, ауладағы көрініс кішігірім крематориді еске салатын еді. Асханада қолдан соғылған мәйіт өртейтін пеш тұрды. Пештің ішіне үңілген сақшылар баланың қарайып күйген сүйегін көреді. Олар сол кезде ғана темір күркенің ішін күйген еттің исі алып кеткенін аңғарады. Үй иесі Өскемендегі индустрия техникумын бітіргендіктен, мәйіт өртейтін пешті де, токпен қорғалған дуалды да өзі жасаған екен. Сақшыларға шошқаларын «жапондық» тәсілмен семіртетінін айтады. Жардай боп семірген айуандардың алдында астау толы құрттап кеткен ет жатқан екен. Үйдегі тоңазытқыштан да асқан еттің қалдықтары табылады. Бірақ сараптама оның адам еті екеніне 100 пайыз көз жеткізе алмаған.
Тергеу кезінде үй иесі бұл бала оның алғашқы құрбаны еместігін мойындайды. Бұған дейін 12 жасар баланы да алдап кіргізіп, өлтіріпті. Ал оның алдында бірге тұрған әйелді де құрбан еткен. Етін азық еткен соң, марқұмдардың сүйегін өзі соққан пеште өртеп отырған. Бір қызығы, үш марқұмның да киімдерін ұқыппен бүктеп, сақтап келіпті. Құлауға жақын қалған саяжайдың бір бұрышынан фотоальбом табылады. Ондағы суреттерден қылмыскердің балалары және әйелі болғанын көруге болатын еді. Бір кездері үй ішімен Қара теңіздің жағасында асыр салған адамның ауладағы темір дүңгіршекті паналап қалғанына сену қиын еді. Сот оны ақыл-есі ауытқыған адам деп танып, психикалық-неврологиялық диспансерге еркінен тыс емдеуге жібереді. Адам мүрдесін кескілеген қанды шербекті суретке түсіру үшін қолымызға алуға тура келді.
-Ол оқиға әлі есімде. Бүкіл ауылды дүрліктірген болатын. Өзі ауылдың тумасы еді. Үйі жүн өңдеу фабрикасына қарсы бетте болатын. Өмірінің көп бөлігін салт басты жағдайда өткізген. Ешкіммен араласпайтын, ешкімді кіргізбейтін. Адамдар маңайынан айналып өтетін. Жоғалған баланы ұзақ іздеді. Кейін үйінен бірнеше адамның сүйегі табылды деп жүретін, – дейді осы ауылдың тумасы, журналист Ирина Муравьева.
Жендет қаламсап
Музейде бір көзіміз түскен тағы бір дүние темір қаламдар болды. Жай қалам емес, сия орнына оқ құсатын қаламсап. Бұл жасырын қарулардың музейге қалай келгені, кімнен тәркіленгені, мойнына жүктеген қаны бар-жоқтығы белгісіз болып шықты. 5,45 калибрлі автоқалам газбен зарядталған немесе арнайы сигналдық оқпен атуға бейімделген екен. Музейдегі деректер тым жұтаң болғандықтан, ғаламтор ақтарып көрдік. Қарудың бұл түрін екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Батыстағы елдердің тыңшылары жиі қолданса керек. 5,45 калибрлі «жендет қаламның» жақын қашықтықтан бірінші санаттағы оқ өткізбейтін кеудешені тесетіндей қауқары бар екен. Демек, жақын қашықтықта ол Макаров тапаншасынан әлдеқайда қауіпті болған.
Жанетта Қалимолдинаның айтуынша, мұражайдың негізі 1989 жылы бөлімше ретінде қаланыпты. Тек 2001 жылы ғана ресми түрде музей болып ашылған. Мұндағы заттық деректер облыстағы алғашқы сақшылар жасағы 1920 жылы Зайсанда құрылғанын айтады.
-Оңтүстік пен Батысқа, Солтүстікке қарағанда біздің өңірде Кеңес үкіметін құру қиынға соққан. Іргеде Қытайдың жатуы да өзіндік рөл ойнаса керек. Ақ пен қызылдың итжығыс шайқастарының көбі осы Шығыстағы шекара бойында өткен. Ресми тарих алғашқы милиция жасағы қарапайым халықты ақ пен қызылдың тонауыннан қорғау үшін құрылғанын меңзейді, – дейді музей қызметкері.
Алайда, шынайы тарихтан қазаққа жаны ашитын милиция 1917 жылы Алашорда өкілдерінің ықпалымен жасақталғанын білеміз. Алаштың алғашқы құрбаны Қазы Нұрмұхамедұлының 1918 жылы 6 наурызда алаш милициясы сапында қызылдар қолынан оққа ұшқаны қағаз бетінде қалған. 1931 жылы ішкі істер қызметі бүкіл облысты бақылауға алатындай қуатқа жетіп, ресми орган болып құрылады. Оның алғашқы басшысы, әрі негізін қалаушы адамның бірі Әбдірахман Атиев деген адам болыпты. Бір қызығы, Үкіметтің құрылуына бір адамдай атсалысқан қызыл комиссар 1936 жылы өмірден өткен екен.
Бұл жерден алаш милициясына қатысты титтей де дерек таба алмағанымызға қынжылдық.
-Маған дейін бұл мұражайда төрт адам тұрақты түрде істеген екен. Арасында тиіп-қашып істегендер де көп болыпты. Сол төрт меңгеруші де өзге ұлт өкілдері болған. Мен қабылдап алғанда талай экспонаттың дерегі жоқ еді. Әдебиет қопарып, кітаптар ақтарып жүріп, талай дүниені тірілткендей болдық, – дейді музей меңгерушісі.
Сондай экспонаттың бірі ішкі істер қызметінің ардагері Құмарбек Төпелековтің орысша-дарише сөздігі. Ауған соғысына аттанбас бұрын аға лейтенант Ташкенттен жергілікті халықтың дари тілін меңгереді. Ондағы халықтың төл әліпбиі қазақтың төте жазуына өте ұқсас екенін байқаған Қ.Төпелеков оны қағазға түсіріп, сөздік жинайды. Ауған жерінде өткен жылдары ол сөздігі біртіндеп молая берген. Кейін бұл қолжазбаны музейге өткізіпті. Ж.Қалимолдина аталмыш қолжазбаның құндылығын түсінгендіктен, Алматы мен Астанадағы тіл мамандарына хабарласқан екен. Барлығы мұндай сөздік ғылыми айналымда жоқ екенін айтыпты.
Мұражайда қызыл комиссарлардан қалған фтосуреттер көптеп сақталыпты. Кеңес армиясының маршалы Буденныйдың келген сапары да сурет бетінде қалған. Сол суреттерді қарай отырып, кеңес милициясының килікпеген жері болмаған-ау деген ойға қалдық. Кімнің қорасында қанша тауығы бар екені, кімнің бір күнде қанша өнім өткізгені, бәрі-бәрі фотоайғақпен тіркеліп отырған. Өңірде қызыл комиссарлардың қолдауымен қызыл үкіметтің қалай құрылғаны туралы Виктор Горшков есімді ардагер сақшы «Красный Восток» деген кітап та жазыпты.
Жасы ғасырдан асатын отқарудың түр-түрін көрдік музейден. Ақтар ұстады деген мылтықтардың сымбаты мен сапасына қарап еріксіз сүйсінесің. Өкініштісі, көбінің жеке сипаттамасы болмаса, нақты дерегі жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл музейдегі мұраларға жаңа көзқарас пен жаңғырған рухани леп керек сияқты.
Есімжан Нақтыбайұлы