Төкпелетіп жыр төккен Аюдының ақыны

Жалпы, адамдардың мінез-құлқы, болмыс-бітімі мен жүре келе бойларында қалыптасатын әдеттері бір-бірін көп қайталамай, сан алуан боп келетіндігін бәріміз білеміз. Оның солай болуы заңды да. Өйткені, Алла тағала ол адамды шыр етіп дүниеге келгенінде-ақ солай етіп, өзіндік ерекшелігімен жаратқан.
Қайсыбір адамдар болады, алпыстан асар-аспаста ебі кетіп бүгежектеп, жүріс-тұрысы мен ұйқы-күлкісін айтпағанда, әр нәрседен қарадай тартыншақтап, тыйылып, күн өткен сайын өз-өзінен тұйықтанып жүретін. Ондайларды біздің қазақ «Жасына жетпей қартайған», – деп жазғырып жатады.
Ал енді осы айтқандарға мүлдем қарама-қайшы, жасы келген сайын жасындай жарқылдап, ойын-тойларда әнін шырқап, жастардан қалмай шыр көбелек айнала билеп, жүрген жерін ду-ду күлкі мен әзіл-қалжыңға көміп жүретін, күнделікті күйбең тіршіліктің анау-мынау проблемаларына налымайтын жандар да бар. Бірақ ондайлар аз. Тіпті, өте аз десек те болады. Біздің қазақ ондайларды да кекетіп-мұқатып, іліп-шалып қалмаса ішкен асы бойына сіңбейді.
Ондай адамдарды «Селтең-селтең еткен мынау бір дуана екен» немесе «Бейшараға ата сақалы аузына шыққанша ақыл кірмеген бе?» – деп сырттай сөгіп, сынап-мінеп жатады.
Ал шынтуайтына келгенде қарадай қабағынан қар жауып, жауар күндей түнеріп жүретін адаммен біраз уақыт сапарлас немесе дәмдес болған қалай, болмаса жүрген-тұрған жерін гүлдей жайнатып жіберетін жайдары мінезді жанның қасында болған қандай. Әсілі, біздің қазақ:
– Жақсымен бірге өткізген жарты сағат,
Жаманның өтіп кеткен өміріндей, – деп текке айтпаған болар.
Сондай жақсылардың бірегейі – Ұланның намысты ұлы, Ресейдің Барнаул қаласында оқып, алған мамандығы инженер-механик болса да, өзі альпинист, өзі шахматшы, гір көтеруші, кезінде боз кілем мен шаршы алаңның шаңын қаққан балуан-боксшы, жастайынан өнер мен өлеңге құмар боп өскен кешегі сал-серілердің сарқыты Өкен ағамыз.
Өкен ағамен таныстығымыздың өзі тосын болды. Елге танымал журналист, ғалым Қасымов Айтмұхамбет ағамыздың 60 жылдық мерейтойына ойдан-қырдан келгені, облыс орталығында жүргені бар бірқыдыру адам Өскемендегі «Турист» мейрамханасында бас қостық.
Не керегі бар, дүркіреген той, күркіреген қонақтар. Әннің әсемі айтылып, күйдің көсемі тартылып жатыр. Бір-бірінен асып түсетін тілектер қандай? Асаба да қара судың бетінен қаймақ қалқып алғандай сөзге мүдірмес шешендердің бірі екен…
Сөздің реті келгенде «Той иесінің бірге туған ағасы!» – деп орта бойлы, тал бойында артық-ауыс еті жоқ қаршығадай ғана қағылез ағамызды ортаға шақырды.
Манағы шешен деп отырған асабамыз далада қалды. Қолына домбырасын ала шыққан ағамыз көпсөзділікке салынбастан бірден өлеңдете жөнелді. Әуелде «ауылдағы көп өлеңшінің бірі шығар», – деп аса мән бере қоймаған едім. Отырғандардың ду-ду соққан шапалағы еріксіз назарымды жыр айтушының аузынан шыққан сөздеріне аударды.
Сөйтсем, әлгі кісінің айтып тұрғаны – кәдімгі Абай ақсақал айтып кеткен, шып-шымыр, айналасы жұмыр келген, қазақтың қара өлеңі. Бір қызығы, бұл кісінің табан астында шығарып сап айтатын өлеңдеріндегі, әсіресе қайсыбір ұйқастарында ұйқасып кете беретін орысша сөздерді айтпағанда, өлең жолдарының өзі ел ішінде қалыптасып қалған қазақы поэзияның қалыбына сыймайды екен. Біз білетін, кәдімгі он бір буындық қара өлең әуелі екі жолы қатар ұйқасып, үшінші жолында негізгі ой айтылып, төртінші жолы бірінші-екінші жолмен ұйқасып жатпаушы ма еді. Бұл кісінің жырларында ондай тәртіп жоқ деуге болады. Біріншіден, бұл кісінің жыр арнағаны құдды бір оқ боратып тұрған пулемет секілді. Сосын, Өкен ағаның өлеңдері айтушының өзі қалаған жолында, өзі қалаған жерінде, өзі қажет деп тапқан тармағында түйдек-түйдек боп ұйқасып және жарасымдылық тауып кете береді.
Шынымды айтсам, қайран қалдым. Жиырма жылдан астам жыл айтыс сахнасында жүргенімде «Менмін!» – деген небір ақынмен айтыстым. Бірақ дәл мынандай төкпе ақын көрмеппін. Төгіліп тұр ғой, төгіліп тұр. Тағы бір айта кетерлігі, бұл кісінің өлеңдері көбінесе жанға жағымды әзіл-қалжыңдарға құрылады екен. Бір-бірінен аумайтын сүреңсіз жұмыс күндері мен банктен алған несиеден, баланың керек-жарағы деген секілді тағы да басқа тіршілік тауқыметінен еңсесі түсіп, есеңгіреп жүрген халық әлгі жерде қыран-топан күлкіге кенеліп, кәдуілгідей бір серпіліп қалды.
Бұрын-соңды көрмеген мына бір арқалы ақынға қарап отырып: – Апыр-ай! – деп қоям. – Мына кісі өз заманында әлдебір адамдардың немесе басқа да себептермен айтыс сахнасына көтерілді бар ғой, құдай біледі, бет қаратпас ақындардың бірі болар ма еді…
Үзілісте арнайы барып қолын алдым. Азан шақырып қойған есімі Октябрь екен. «Шалыс естідім бе?» – деп қайтадан сұрасам, шынымен де солай боп шықты. Сөйтіп, сол тойда мен аты да, заты да өзгелерге ұқсамайтын Өкен деген өлеңші, өнерпаз ағаммен танысып олжалы қайттым.
Одан бері де он шақты жылдың парақтарын жыртып жіберіппіз. Өкен ағаның оқта-текте редакцияға ат байлап жүретіні бар. Бірақ қашан көрсең асығыс. Әлде соншалықты сезімталдығы ма, әйтеуір қайдағы-жайдағы қысыр әңгімемен миыңды жеп, жұмысыңа кедергі болмай, қалай келсе, солай шапшаңдатып шығып кетеді. Қашан көрсең сергек, жайраң-жайраң етіп жарқылдап жүреді. Жай өзі ғана жадырап жүрмей, елді де жарылқап кетеді ғой.
Кейде осы Өкен ағама қарап қызығатыным бар. Сосын, отырып ап: – Шіркін ертеңгі күні осы кісінің жасына жетеміз бе, жетпейміз бе? Жеткен күннің өзінде қандай қарт болар екенбіз? Осы кісі құсап 80-ге келсе де жақпар-жақпар жартастарда жүретін ортекедей орғытып сергек жүрсек жақсы. Әлде, алпысқа жетпей жатып….
Жо-жоқ, олай деп ойлаудың өзі қорқынышты. Ондай жасына жетпей қартайғанның бетін аулақ қылсын. Бәріміз де сергек жүруге тырысайық.
Қадірлі Өкен аға! Сеңгірлі сексеніңіз қайырлы-құтты болсын. Айналаңызды күлкіге бөлеп:
– Тағынып күміс жырдан өмілдірік,
Жүре бер жырларыңды төгілдіріп, – дегіміз келеді.
Серік Құсанбаев