Өткен ғасырдың бүкіл зобалаңын басынан өткерген
Жеңіс мерекесі – әкелері майданда от кешкен, аналары тылда аянбай еңбек етіп, Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан жандардың ұрпақтарының бірі ретінде маған да өте қымбат. Күн сайын ажалмен бетпе-бет келіп, қанды қырғында Отан қорғаған әкелерімізбен қатар, тылдағы ауыр еңбектің барлық бейнетін көтерген аналарымыздың еңбегі де ерлікпен пара-пар болған екен. Мен бүгін Зайсан ауданы, Үлкен – Қаратал ауылының тумасы болған анам Зүлжамал Тоқтасынқызының естеліктерін еске түсіріп, тыл ардагері туралы сыр шерткім келеді.
– Анам «ауылға қызылдар келіп, кеңес өкіметі орнап жатқан кезде дүниеге келгенсің» деуші еді, мен кеңес өкіметінің түйдей құрдасымын. Колхоздастыру дәуірін, ашаршылық кезеңін, сталиндік зұлмат жылдарын, бәрін де көзіммен көрдім. Балалық шағымды еске алсам, ата-анамның тоғыз ұлдан кейін көрген жалғыз қызы болғандықтан, ерке болып өстім. Сол бір қиын-қыстау заманда дәрігер жоқтығынан ба екен, ағаларымның бесеуі жастай шетінеп, төрт ұл және мен ғана аман қалсам керек.
Ыбырайхан деген ағам ескіше сауаты бар, білімді азамат еді, ауыл балаларын киіз үйге жинап оқытатын. Төте жазуды тез үйреніп алдым. Көкем аңыз-әңгімелерді айтып беріп, жыр-қисаларды жаттататын», – деп бастайтын анам өзінің әңгімесін. (Сол кезде жаттағаным ғой деп, 80-нен асқан кезінде «Қалқаман – Мамыр» жырынан үзінділер айтып бергенде, оның еске сақтау қабілетіне қайран қалушы едік).
– тоғыз жасымда ауылда алғашқы ашылған мектеп табалдырығын аттадым. Төте жазуды біліп тұрғандықтан маған оқу қиынға соқпады. 1-сыныпты аяқтағанда, бірден 3-сыныпқа көшірді. Латын алфавитін де үйреніп алдым. 3-сыныпты бітіргенімде, сауатсыздықты жою науқаны басталып, мені ересектерге мұғалім етіп жіберді. Сол беті мұғалім болып кетер ме едім, алайда қиын-қыстау кездерді басымыздан өткердік. Әкемнің малы кәмпескеленіп, азамат екі ұлы айдалып кетіп, үшінші ұлы арғы жаққа өтіп кетеді, кәмелеттік жасқа толмаған Төлеген ағам ғана қалады. Ұлдарының қайғысы бар, әрі денсаулығы сыр берген әкем төсек тартып жатып қалды.
«Менің түрім мынау, саған енді кім қамқор болады»,- деп 17 жасымда жұмыстан шығарып алып, батасын беріп өзі ұнатқан бір азаматқа ұзатты. Осылайша, соғыс басталған кезде Кеңесбек ағаларың үш жаста, Кәнтай әпкелерің бір жаста еді. Ауылдағы әскерге жарамды барлық азаматтар майданға аттанып, қыз-келіншектер мен бірен-саран ақсақалдар еңбек майданына шықты.
Соғыс деген суық сөздің ызғары бойымызды қарығандай, тас-түйін болып, есейіп кеткендей болдық.
Жолдасым алғашқылардың бірі болып 1941 жылы майданға аттанған. Өмірімде ең қиыншылық көрген кездерім осы кезде болды. Кәрі әке-шешем, жеңгем, өзімнің кішкене екі балам маған қарап қалды. Күрек, кетпен ұстағаннан қолдарым күлдіреп ойылып, белім ашып ауыратын. «Ертең тұра алмай қалар ма екенмін» дейсің іштей, бірақ тұрмаған қайда, таңғы бесте жұмысқа қайта кетесің. Қараңғыдан қорқатыным жайына қалды, түнімен жүріп, өзіме бөлініп берілген жердің егінін суарамын. Судың құлағын байлап қойып, аз-кем мызғып аламын.
Мен қырда егін суарып жүргенде, бір жастағы қызымды ауылдағы әке-шешеме қалдырып кеттім. Ал ұлым зар еңіреп менен қалмады, қашып келе берді. Содан басқарма ұлымды қарау үшін менің жаныма Омар Салбанов ақсақал мен Майғайша апаны қосып берді. Осылайша біз бір жанұя болып, бір дәнді бөліп жеп, туыстай болып кеттік. Бірде ауыр жұмыстан әбден қажыған кезде, қатты ауырып, жатып қалдым. Балам үрпиіп қасымда отыр.
– Кеңесбек, егер мен өліп кететін болсам, сені абысындарымның қайсысына беріп кетсем екен? – дедім. Сонда ұлым:
– Тәте, өлеріңді анық біліп жатсаң мені абысындарыңа бермеші. Майғайша апамда қалайыншы, – демесі бар ма. Балама да, өзіме де қамқор болған иманды болғыр жарықтықтар-ай!
Қыста төрт өгіз жегілген шанамен 11 әйел, Ахмади деген ақсақалмен бірге бір апта жүріп Тұғылға астықты апарып өткіземіз. Қайтарда жанармай тиейміз. Аязды күндері кірпігімізге мұз қатып, беті-қолымыз үсіген кездері де болды. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін!» деп, азаматтар атқаратын жұмыстың бәрін де тындырдық.
Осылайша Жеңіс күніне де жеттік-ау! Қанды қырғыннан аман қалған азаматтар тән жарасымен, жан жарасымен ауылға орала бастады.
Шамар деген жақын қайным, бір аяғын тізеден беріп, балдаққа сүйеніп оралса, әкелерің бір көзінен айырылған екен.
«Соғыс бітті, шаршадық» деп, дем алу қайда, бізді Майқапшағайға қора салуға жіберді. Он бес шақты азаматқа аспаз болдым. Даладан отын теріп әкелемін, иінағашпен әудем жердегі бұлақтан су тасимын. Аяғым ауыр еді. Қарашаның ызғарлы бір күнінде босандым. Ертеңінде белімді байлап алып, суға бардым. Суға толы екі шелекті көтере бергенімде, белім кілт етіп, шойырылып қалмасы бар ма. Содан бір ай тұра алмай қалған кезім болды. Сол кезде көрші кейуана балама қарасып көмектесті…
Осы бір естеліктерін айтқаннан кейін анам біраз үнсіз отырып қалушы еді. Көрген қиыншылықтарын тағы бір басынан қайта кешкендей сезімде болды ма екен, кім білсін.
-Тәте, сіз ХХ ғасырдың бас кезінде дүниеге келіп, сан алуан тарихи оқиғалардың куәсі болыпсыз. Жастық шағыңызда тылдағы ауыр еңбектің бейнетін көрдіңіз. Өміріңізде қатты қуанып, бақытты болған кездеріңіз болды ма өзі? – деп сұраған едім бірде.
– Менің өмірімдегі ең бақытты, ең қуанышты болған күнім – сталиндік зұлматтың құрбаны болған үлкен ағам Төре 11 жыл дегенде, 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, одан кейін Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан тетелес ағам Төлеген жеті жыл дегенде, екеуі күзде бір күнде үйге оралған күн, – деді анам.
Менің түсінігімде бақыт деген ұғымды адамдар әдетте өз отбасына, балаларына байланысты қолданатын сияқты еді, ал анамның туысшылдығы ерекше еді, екі ағасына жан теңгермейтін. «Менің ағаларымдай аға жоқ қой, үшеуіміздің жанымыз бірге»,- деп отыратын.
Өзінің орындалмай қалған мұғалім болу арманын бізден көргісі келді.
Жоғары білім алуымызға жанын салды. Төрт баласы ұстаздық жолды таңдап, еңбек еткеніне қуанды. Анамның бізге өнеге болар қасиеттері көп еді. Еңбекқорлығы ерекше еді, күні бойғы күйкі тіршіліктен шаршаса да, түнімен ою ойып, сырмақ тігетін. Сонымен қатар, зеректігін, ауызша есепке жүйріктігін байқайтынмын.
Өмірімде қиыншылықтар кездескен кезде анамның әңгімелерін еске алып, оның көрген қиыншылықтарының жанында бұл түк емес, жеңуге болады деп өзіме күш-жігер берген кездерім де аз емес.
ХХ ғасырдың шежіресіндей болған асыл анамыз қартайған шағында жас күніндегі бейнетінің зейнетін көріп, ұлы Сағатбек пен келіні Күләнданың аялы қамқорлығында болып, немере-шөберелерінің қызығын көріп, 87 жасында өмірден озды.
Айгүл Қабылова,
Өскемен