Қоғам

Өткелден өту мұң болды

Өткелден өту мұң болды


Ресми түрде «Қызыл ту өткелі» деп аталатын қалқымалы өткелдің Күршім ауданының, осы аймақтағы барша халықтың ең толғақты мәселесіне айналып, жұртты әбігер мен уайымға салып қойғанына да біршама уақыт болды. Бүгінде облыс орталығын бетке алып, жолға шығатын жұрт бұрынғыдай «пәлен уақыттағы паромға үлгерейік» деп сеніммен айтудан қалған. Оның себебі сол – сәл жел көтерілсе, екі кеме бірдей тоқтайды. Сөйтіп, жолаушылар жолдан қалып, сеңдей соғылысады. Ал әлдеқандай ақау шықса, бір паром тоқтайды да, екінші кеме саулаған көлік нөпірін қамтып үлгере алмайды. Бүгінде бұрынғыдай Күршім мен Марқа өңірінің ғана емес, бұл жақтың жолы жақсы болғандықтан, Зайсан мен Катонқарағай аудандарының көліктері де осы «Қызыл ту» өткелі арқылы жүретін болған. Жалғыз паром тасымалдап үлгере алмағандықтан, үздіксіз келіп жататын көліктердің тізбегі шақырымнан астам ұзыннан-ұзақ колонна түзейді де, үйлеріне немесе басқадай шаруамен асығып келе жатқан қауым оны бірнеше сағат бойы сарыла күтуге мәжбүр болады. Бұған лып етіп алға түсіп кететін, қарсы бағытпен жүріп, елден бұрын өтіп кетуге тырысатын пысықайлардың әлегін қосыңыз. Жанжалдың бәрі осыдан басталады. Әдеп сақтап, кезек тосып тұрған жұрт алға шығып кеткісі келген озбырлардың қылығына наразылық білдіріп, мұның соңы кейде кәдімгідей төбелеске айналып кететіні де жалған емес. 11 мамырдағы екі бойжеткеннің аянбай шаштасқан айқасын телефонға түсіріп алғандар осы ғаламат «жекпе-жекті» бүкіл елге таратты емес пе. Өз басым сол күні Өскеменнен паромға сағат бесте келіп, Күршімге түнгі сағат 11-де жеткен болатынмын.

15 мамыр күні алдымыздан жолыққан Марқакөл аудандық ауруханасының медбикесі Мұқатаева Бақытжанның жанайқайына құлақ түрмеске амалымыз жоқ еді. Облыстық психо-неврологиялық диспансерге жүйке сырқатына ұшыраған адамды апара жатқан олардың паром күтіп тұрғандарына төрт сағат болыпты. «Тоғыздағы паромға үлгермек болып, таңғы сағат 5.00-де шығып кетіп едік, – деп қынжылады ол. – Мұнда келсек, жалғыз паром ғана жүреді екен, кезек күткен көлікте қисап жоқ. Жүйкеміз жұқарып, кезегімізді күткелі неше сағат болды, облыстағылар бізді портал бойынша тықыршып тосып отыр, ал біздің қашан өтеріміз белгісіз».

Ал бұл жайсыз ахуалды бір жөнге салудың жолы жоқ па?», – деген сауалға жауап іздеген біз алдымен «Қалқымалы өткел» ЖШС басқарушысы Бақытбек Нұрпейісовпен тілдескен едік.

-Паром тиянақты жүріп тұрған, – деді ол. – Соңғы күндері бірнеше күн қатарынан соққан қатты желдің салдарынан бұл ырғақ бұзылып, жолаушылар арасынан шу шығып жатқаны рас. Сонымен бірге «Иртыш» паромының бір маңызды бөлшегі сынып қалып, мұның өзі өткелдегі қалыпты жұмысқа айтарлықтай кедергі болып тұр.

Бұл қысқа жауапқа қанағаттана қоймаған біз Күршімге келіп, аттың басын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тіредік. Ондағылар мандытып жауап бермей, аудан әкімінің орынбасарымен тілдесуімізді өтінді. Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат.Әзімбаевпен тілдестік.

-Жалпы паром өткеліне нұсқау жүргізіп, әлдеқандай бұйрық беруге біздің құқымыз жоқ, – деген жауап қайтарды Қайрат Зейнолдабекұлы. – Бұл серіктестік облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бағынышты. Ал осы ЖШС басқарушысының сізге берген жауабы негізінен дұрыс, соңғы үш күн бойы тынымсыз соққан жел паром жұмысына елеулі кедергі жасады. Ереже бойынша желдің жылдамдығы секундына 17 метрден асқан жағдайда, паромды тоқтату қажеттігі жайлы нұсқау бар. Ал мұндай жағдайда кемені жүргізу, жүргізбеу – оның капитанының құзырындағы шаруа. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, соңғы күндері «Иртыш» паромының бір маңызды бөлшегі сынып қалып, мұның да жұмысқа үлкен кедергі жасап тұрғаны рас. Бұл мәселені бәріміз тексеріп, нақты жағдайға көз жеткіздік.

Осылай деп әкімнің орынбасары менің алдыма 14 мамыр күні Күршім аудандық архитектура, құрылыс, тұрғын үй-құрылыс, автомобиль жолдары және жолаушы көлігі бөлімінің бас маманы Г.Ермекова, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Д.Әділбеков, Күршім ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Б.Оразғалиев және «Қалқымалы өткел» ЖШС басқарушысы Б.Нұрпейісовтің паромның кезекші сменасы қызметкерлерінің қатысуымен қол қойған актіні көлденең тартты. Онда «Иртыш» паромының аппарельді-зәкірлік құрылғысының тік орнатылған білігінің сынып кеткені, ал оны жонып-жөндеу үшін Өскемен қаласына жөнелтілгені жазылған екен. Бұл маңызды бөлшектің жөнделуі үшін жоқ дегенде 10-15 күн қажет көрінеді.

Енді әлгі бөлшектің тезірек жөнделіп, орнына салынғанын, сөйтіп бұл кеменің қалыпты жүрісін тапқанын тілегеннен басқа біздің қолдан келетін не қалды?

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button