СпортТОП

Ткаченконың үлесі елеулі

Нұржан Кенжеұлы

АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында мәресіне жеткен ХХХІ қысқы Универсиадада Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 11 медаль жеңіп алса, соның біріне шығысқазақстандық саңлақтың сіңірген еңбегі орасан зор болды. Осы ретте аталмыш жүлдеге жерлесіміз бен тағы бір отандық спортшының жұбы иелік еткенін айту керек.

Төрткүл дүниені өзіне қаратқан дүбірлі доданың соңғы күнінде жарыс жолына шыққан риддерлік Сергей Ткаченко әріптесі, алматылық Данил Васильев екеуі тамаша өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көріне білді. Дәлірек айтсақ, тұғырдан секірушілер арасындағы командалық сайысқа қатысқан қазақстандық қос спортшы алдарына тек аустриялық жұпты ғана жіберіп, қорытынды есепте екінші орынға көтерілді. Сөйтіп, ел қоржынына тағы бір жүлде, күміс медаль салды.

Айта кетейік, бұл сайыста еліміздің атынан бірден екі жұп сынға түскен-ді. Оның бірі үздіктер қатарына іліге алмағанымен, екінші жұп кішігірім сенсация авторы атанды. Олай дейтініміз, Ткаченко мен Васильев жұбы барлық мүмкіндіктерінде бірдей нәтижеге (90-93 метр аралығы) ие болып, тұрақтылықтың ерен үлгісін көрсетті. Ал Данил Васильевтің бір көрсеткіші тіпті 96 метрге тең болғанын айтқан абзал.

Еске салайық, дәл осы Васильев бірер күн бұрын өткен жекелей жарыста да медаль жеңіп алған болатын. Сол бір сында алматылық спортшы чемпиондық атаққа қол жеткізген еді. Дегенмен командалық сайыстың жөні бөлек, бұл жарыста өзіңнің ғана емес, әріптесіңнің де міндетін мүлтіксіз орындағаны маңызды. Бұл жағынан алып қарағанда, Риддер қаласының тумасы Сергей Ткаченконың да қара жаяу емес екенін айтпасқа лажымыз жоқ. Жерлесіміз осыған дейін өткен бірнеше байрақты бәсекеде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер көрсеткен болатын. Ал оның ең айтулы жеңісі 2019 жылы тіркелген еді. Сол жылы Финляндияның Лахти қаласында өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында керемет өнер көрсеткен Ткаченко қола медаль иегері атанған. Енді, міне, тағы бір жүлдеге қол жеткізіп отыр.

Осы ретте жалпы есепте Васильев пен Ткаченко жұбы Универсиада алтынын алған Аустрия құрамасының спортшыларынан 0,2 ұпайға ғана қалып қойғанын айтқан орынды. Яғни, отандастарымыздың жаһандық жарыста топ жаруына сәл ғана жетпей қалды деген сөз.

Тағы бір айта кетер жайт, бұл жолғы жарысқа қатысқан қазақстандық екінші жұптың құрамында да жерлесіміз болды. Нақтырақ айтсақ, қорытынды есепте жетінші орыннан көрінген екінші командамызда алматылық Святослав Назаренко мен риддерлік Никита Девяткин өнер көрсеткен.

Осы айдарда

Back to top button