COVID-19 ТОП

Тиісті өтемақысын ала алмай жүрген дәрігерлер еңбек инспекциясына хат жолдады

Катонқарағай аудандық №2 ауруханасының қызметкерлері өздеріне тиесілі өтемақыларын ала алмай жүр. Коронавируспен ауырған науқастарға ем-дом жасап жүріп қатерлі дертті өздері де жұқтырған. Сол үшін ол дәрігерлерге 2 миллион теңге өтемақы төленуі тиіс еді.   

Бұл жайында бұрын да жазылған. Облыстық денсаулық басқармасына арнайы сауал да жолданған. Басқарманың жауабынан ұққанымыз, аудандық аурухана басшылығы өтемақы алуға тиіс қызметкерлерінің құжаттарын дер кезінде жібермепті-мыс. Соның кесірінен өтемақы төленбепті. Мәселенің түйіні шешіліп қалар деп күте-күте шаршаған отыздан астам емгер облыстың бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовқа хат жазды.

– Біздің шағымымызға құлақ асқан Қизатов мырзаға рақмет айтамыз. Осы уақытқа дейін облыстық денсаулық басқармасына да, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына да хат жаздық. Ешқайсынан мардымды жауап келмеді. Содан еңбек инспекциясына хабарласып едік, ол кісі  тексеру үшін арнайы маманын жіберді. Тексеруші инспектор біздің проблемаларымызды естіп, білген соң жағдайды баяндап еңбек инспекциясына арнайы хат жазуға кеңес берді. Содан соң құқығы тапталған медицина қызметкерлері әрқайсысы өзінің жағдайын түсіндіріп, астына қолын қойып, Бақытбек Қизатовқа жолдадық. Ол кісі басқарманың құзыретіне кіретін мәселелерді қарайтынын жеткізді. Ал өтемақы мәселесі қалай шешілетіні тағы да белгісіз қалды, – дейді коронавируспен ауырып тұрған аудандық аурухананың мейірбикесі Эльмира Рафхатқызы.

Біз осы шағым бойынша облыстың мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының  басшысы Бақытбек Қизатовқа хабарласқан едік.

-Иә, ондай шағым хат келіп түсті. Бір айдың ішінде тексеріп, жауабы беріледі. Бұл жерде біз өзіміздің құзырымызға кіретін еңбек қатынастарына қатысты заңбұзушылықтарға ғана баға бере аламыз. Ал өтемақы туралы сұрақты тиісті органдарға, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, облыстық  санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдаймыз. Бұл жерде маманның індетті жұқтырғаны туралы аурухана басшысы облыстық  санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне дер кезінде хабарлама жіберуі тиіс болатын. Сол бойынша медик ковидті жұмыста жұқтырғанын растайтын құжаттарын өткізу керек еді. Бұл мәселелерді атаған органдар қарастырып, тиісті жауабын береді деп сенемін, – деді облыстың бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатов.

Иә, әлемді дүр сілкіндірген тәжтажалмен күресте ақ желеңді жандардың еңбегі ерен екеніне әрқайсымыздың көзіміз жетті. Шілденің аптабында резеңке қорғаныс киіммен, терге малшына жүріп қызмет көрсеткен жандардың еңбегін ерлікке балаған ел Президенті дәрігерлер қауымына жоғары құрмет көрсетіліп, түрлі жеңілдіктер жасалсын деп қадап тұрып айтқан еді ғой. Олай болса катонқарағайлық дәрігерлер неге сол құрмет пен жеңілдіктен шет қалды?

2020 жылдың 20 қазанында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов бұдан былай жұмыс орнында коронавирус жұқтырған медиктерге біржолғы өтемақы төленбейтіні туралы хабарлады. Өйткені медицина қызметкерлерінің барлығы тиісті қорғаныс киімдерімен толық қамтылған. Осыдан кейін дәрігерлер қауіпті инфекцияны жұқтырса бұл олардың сақтық шараларын дұрыс сақтамауынан болған жағдай деп қаралады. Бұл да жөн шығар. Алайда аталмыш бұйрық шыққанға дейін жұмыс орнында жүріп коронавирус жұқтырғандардың жағдайы қалай болмақ? Олардың мүддесін кім қорғайды? Өтемақы қалай төленеді? Тағы да белгісіз…

Төменде катонқарағайлық дәрігерлердің облыстың еңбек инспекциясы басқармасына жолдаған хатын ұсынып отырмыз. Хаттың түпнұсқа қалпын сақтау үшін мемлекеттік тілге аудармадық.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button