Экономика

Титанның ішкі нарықтағы тұтыну көлемі артады

Титанның ішкі нарықтағы тұтыну көлемі артады

Өскеменде «Титан-2015 ТМД-да» атты тақырыппен ХІІІ халықаралық конференция өтті. Әлемдік титан нарығының даму үрдістері мен болашағы туралы тәжірибе алмасып, пікір бөлісуге арналған жиынға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, «Мемлекетаралық Титан қауымдастығы» ЖАҚ, Инвестиция және даму министрлігі өкілдері, комбинат басшылары мен ТМД, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Қытай, Польша елдерінің титан өндірісі саласының мамандары қатысты.
Қанатты металымен Қазақстанды әлемге әйгілеп отырған «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-на биылғы наурызда 50 жыл толды. Кезекті халықаралық конференция ТМК-ның жарты ғасырлық мерейтойына орай алғаш рет Өскеменде өткізілді. Конференцияға қатысушылар комбинат өндірістерінде болып, кәсіпорын жанындағы Б.Шаяхметов атындағы медицина орталығының қызметімен танысты.
ХІІІ халықаралық конференцияны ашқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жиынға қатысушыларды аймақтың әлеуметтік -экономикалық даму көрсеткішімен, әлеуетімен, Мемлекет басшысының алдыға қойып отырған міндеттерімен таныстырып, Қазақстанның индустриялық өркендеуіне, дамыған 30 елдің қатарына қосылуына серпін беріп келе жатқан еліміздегі түсті металлургия саласының, Титан-магний комбинаты өнімдері нарығының аумағы ұлғайып, отандық шикізат қоры көлемін арттырып, жаңа өнімдерді игеру бағытындағы жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанын айтып, титан өнеркәсібіндегі әлемдік проблемалар мен тәжірибелерді, титан өндірісін дамытудың болашағын бағдарлауға мүмкіндік беретін халықаралық конференция жұмысының жаңа экономикалық жетістіктердің бастауы болатынына сенім білдірді.
Қазақстан титанының, оны өндіріп отырған Өскемен титан-магний комбинатының болашағы қандай? Әлемдік дағдарыстың салқыны шығыстағы кәсіпорынға қаншалықты әсер етіп отыр? Титан өндірумен танымал болған бірнеше елден келген әріптес компаниялар өкілдері конференцияда алдымен осы сауалдарға жауап алып, отандық металлургия алыбының тыныс-тіршілігіне қанықты.
Конференция қонақтарын ТМК өндірісімен таныстырған «ӨТМК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер комбинат өз өндірісін дамытып қана қоймай, қазіргі күні әуеғарыштық өнеркәсіпке қажетті халықаралық стандарттар талабымен сертификатталған титан өнімдерін жеткізіп отырған титан өндірушілердің санаулы тобының құрамына еніп отырғанын баяндады. Соңғы бес жыл ішінде вакуумды-доғалық балқыту цехындағы, электронды-сәулелі балқыту зауытындағы, Франциядағы бірлескен кәсіпорындағы жаңа технологияларға 150 млн. АҚШ доллары жұмсалған.
Бұл жаңа технологияларды меңгеру ТМК үшін авиациялық қозғалтқыш, ұшақтардың құрылымдық бөлшектері және мұнай-газ секторының, медицина жабдықтары сияқты жаңа нарықтың ашылуына жол ашты. Президенттің ел экономикасы индустриясын дамытуға орай берген стратегиялық міндеттерін орындауға байланысты ТМК -да комбинаттың басты даму кезеңдерін анықтайтын Қазақстандағы титан-магний өнеркәсібін дамытудың үш кешенді бағдарламасы бекітіліп, кәсіпорын осы бағдарлама аясында жұмыс істеп жатыр.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығында титан өнімінің ең ірі сатылы интегралданған, жоғары үстеме құнымен шығарылатын түрлерін көбейтіп, оларды өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік берген үш бірдей жоба жүзеге асты. Осыдан төрт жыл бұрын іске қосылған титан құймалары мен қорытпалары цехы, 2011 жылы Францияда бірлескен «УКАД» кәсіпорнының ашылуы, былтыр «Посук Титаниум» титан құймалары мен қалбырлары өндірісі зауытының іске қосылуы ТМК-ны нағыз жаңа экономиканың маңызды нысанына айналдырды. Осыдан бес-алты жыл бұрын аймағымызда Сәтбаев кен байыту фабрикасының ашылып, ильменитті концентрат өндірісінің іске қосылуы комбинатты өзінің меншікті шикізат қоры бар ең ірі титан өндірушілердің қатарына шығарды.
Комбинат президенті Әсем Мамутова конференцияның пленарлық отырысында шетелдік әріптестері алдында ТМК қол жеткен жетістіктерімен шектеліп қалмай, комбинаттың 2012-2022 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес технологиялық құралдарды жетілдіріп, өндірісті қайта жарақтандыру, жаңа өнімдерді игеруге жасалатын қадамдардың жалғаса беретінін баяндады.
Өнімдерінің 100 пайызы түгелдей экспортталып келе жатқан отандық өндіріс енді ел нарығына енуді көздеп отыр. Сыртқы нарықпен бірге ішкі нарыққа шығуға маңыз беріп отырған кәсіпорын еліміздің мұнай-газ, энергетика саласы өндірісіне, медицина саласына титаннан жасалған құрал-жабдықтар шығаруды жоспарлап отыр. Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен бірлесе отырып отандық нарықты игерудің тетіктері мен тиімділігі сараланып, талданған арнайы бағдарлама әзірленген. Металлургтердің пайымдауынша, келешекте ішкі нарық ТМК-ның екінші тынысын ашатын сенімді тұтыну алаңы болмақ. Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу де қолға алынуда.
«ӨТМК» АҚ титанының әлемдік нарықтағы үлесі бүгінде 11 пайызды, жеке авиағарыштық нарықтағы үлесі 17 пайызды құрайды. Еліміздің инвестициялар және даму министрлігінің өкілі Қанат Байытов бұл отандық өнімнің тұтыну кеңістігін кеңейту бағытында мемлекет тарапынан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында үлкен көмек жасалғанын, өнім түрлерін көбейтіп, өндірісін әртараптандыруға келешекте де түрлі бағдарламалар бойынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
– Өзге елдермен қатар Ресейде де титанды тұтыну нарығы өсіп келеді. Әлемде дәстүрлі өнімдер мен титан құймаларынан басқа титан негізінде алынған жаңа материалдарға деген қызығушылық артып келеді. Жаңа қорытпаларға, интерметаллидтер мен инновациялық технологиялар жолымен алынған жаңа материалдарға деген қажеттілік жоғары. Әлемде осындай титан өнімдерін қорытып, өңдеуге мүмкіндік беретін жаңа техникалық шешімдер, дәстүрлі емес, біріктірілген әдіс-тәсілдер жасалып, енгізіліп жатыр. Осы жаңалықтарға қазақстандық титан өндірісінің де қосқан, алдағы уақытта қосар табыстары айтарлықтай, – деді жиында Мәскеудегі «Мемлекетаралық Титан қауымдастығы» ЖАҚ бас директоры Андрей Александров.
Өскеменде екі күн бойы өткен халықаралық конференцияның пленарлық отырысының екінші кезеңінде қазақстандық, жапондық, украиналық, ресейлік, германиялық ғалымдар мен компаниялар басшылары «Жапониядағы титан нарығы», «2014 жылғы әлемдегі титан нарығының даму үрдістері», «Ресейдегі титан шикізатының жағдайы», «Титан өнімдерін алудағы инновациялық технологиялар», «Титан металлургиясындағы жаңа бағыттар» тағы да басқа тақырыптарда баяндамалар жасап, тәжірибе алмасты.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button