МерекеСпортТОП

Тілшілердің футбол турнирі мәреге жетті

«Тілшіні аяғы асырайды…» деген сөз бар көпшілік арасында. Кім айтса да, қаланы да, даланы да жаяу кезген журналист қауымның тынымсыз қызметін меңзесе керек.

Соңғы кездері аяғы әбден «шыныққан» журналистердің аяқдопқа да айрықша икемді екенін байқап жүрміз. Бұған елорда төңірегінде жиі ұйымдастырылып жүрген шағын футбол турнирлері дәлел болды. БАҚ өкілдері арасындағы спорт бәсекесі біртіндеп өңірлерде жалғасын тауып жатқаны да көңілді көншітеді. Мәселен, кеше ғана, журналистердің төл мерекесі қарсаңында, теңбіл доп турнирі Төр Алтайда ту көтерді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Шағын футболдан Марат Қабанбай атындағы республикалық турнирді Қазақстан Журналистер одағының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы ұйымдастырды.

Еліміздің әр өңірінен жиналған әуесқой сегіз команда өзара мықтыны анықтады. Ал бас демеуші – «Kazzinc» компаниясы турнирдің бірінші жүлдесіне 1 000 000 теңге сыйақы тағайындады.
Облыс орталығындағы «Восток» стадионына жиналған қауым доп додасының жоғары деңгейде өткеніне куә болды. Жетісу өңірінің жүйріктерінен құралған «Қарекет» командасы қарсылас шақ келтірмей, турнир кубогын төбеге көтеріп, 1 000 000 теңге сыйақыны еншіледі.

Көрші өңірден келген «Абай ақпарат» алдыға «Қарекетті» ғана жіберіп, екінші орынға табан тіреді. Абайлықтар 500 мың теңге алды.
Ал қонақжай «Шығыс» құрамасы үздік үштікті түйіндеді. «Алаң қожайындарына» 400 мың теңге сыйақы тарту етілді.

Сондай-ақ «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы» аталымына лайық өнер көрсеткен ойыншыларға арнайы диплом мен сыйақы табысталды. Белсенді өнер көрсеткен әріптестер де «Алғыс хатпен» марапатталды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар Марат Қабанбай атындағы турнирді дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуге ниетті екендерін білдірді.

Оразай Жеңілұлы 

Осы айдарда

Back to top button