ҚоғамМәдениет

«ТІЛІМ!» ДЕП ШЫРЫЛДАП ЖҮР ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ТУҒАН ТІЛ

Серік ҚҰСАНБАЕВ 

Төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің белгісі – оның ана тілі мен ұлттық ерекшелігі. Өзінің ана тілі, ұлттық ерекшелігі жоқ ел өз алдына мемлекет боп өмір сүре алмайды. Жер бетіндегі қандай халық болмасын тәуелсіздікке  ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумақ тұтастығын, салт-дәстүрі мен тілін ерекше қорғайды.

Ал осы тіл мәселесі тәуелсіздігін жариялағанына 31 жыл болған Қазақстан деп аталатын мемлекетте қалай қорғалып, тұрғындары оны қалай қолданып жүр? Төтесінен қойылған бұл сұраққа жауап берерден бұрын сәл-сәл күмілжіңкіреп, кібіртіктеп қаларымыз сөзсіз. Неге?

Себебі, бабадан балаға баға жетпес мұра боп жеткен бір кездегі айбарлы да, айдарлы, айшықты тіліміздің бүгінгі ахуалы адам аярлықтай, бейшара күйде екендігі ешкімге жасырын емес. Тұрғындарының саны ілініп-салынып биыл ғана 19 миллионға жеткен мемлекетіміздің мемлекеттік тілін жетік меңгергендердің үлес салмағы өте төмен. Егер пайызға шағып сөйлер болсақ, мемлекеттік, яғни, қазақ тілінде еркін ойлап, еркін сөйлейтіндердің саны 50 пайызға да жетпейді. Шамамен, 35-40 пайызды құрауы мүмкін. Осының өзі, басым бөлігі барша қазақтың алтын бесігі саналатын ауылды жердегі қаракөздер. Елімізде жүргізілген соңғы санақ көрсеткіші бойынша Қазақстан халқының 70 пайызы жергілікті ұлт, яғни, қазақтар бола тұра, өкінішке қарай сол 70 пайыздың тең жартысы өз тілінен жерініп, ана тілінен мақрұм қалған қандастарымыз.

Жалтақ заң тілді қорғап жарытпайды

Күнделікті өмірде байқап-көріп жүргеніміздей, тәуелсіздік алған соңғы 30 жылда тілдері келсін-келмесін орысша шүлдірлеуге құмар қазақтардың саны күн санап арта түсуде. Бұл – ұлт болып ойланып, жұрт болып толғанатын мәселе. Әсіресе Солтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан секілді орыс ұлты көбірек шоғырланған өңірлерде соңғы жылдары қазақтың тілін ғана емес, ұлтына да тіл тигізіп қорлау, әжуалап мазақтау, кекетіп-мұқатып, орынсыз талаптар қою фактілері жиі орын алуда.

Екі күннен кейін тұтас бір ұлттың намысын жерге таптаған, су ішкен құдығына түкірген әлгі қасиетсіз: «Ой ағайын, кешіріңіздер! Мен жазыппын да, жаңылыппын, енді мұндай білместік қайталанбайды» деген сарындағы жаттанды кешірімін сұрап, әрмен қарай миығынан бір күліп ап, алаңсыз тірлігін кеше береді.

Осының барлығы бізде мемлекеттік тілді қорғайтын, қолдайтын заңның солқылдақтығынан. Бүгінде облыстық, қалалық, қыл аяғы аудандық әкімдіктердің іс қағаздарының дені көрші мемлекеттің тілінде жүргізіліп қана қоймай, сол мекемелердің күзетшілерінен бастап, басшыларына дейін Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлейді. Үлкенді-кішілі жиындар да солай.

Міне, қоғамда осындай олқылықтар, олқылық емес, сорақылықтар орын алып тұрғанда, кез келген елім-жерім, тілім-ділім деген қазақ азаматын: «Қазақ тілінің болашағы, ендігі тағдыры қандай болмақ? – деген сауалдың мазалауы заңдылық.

Санасын дәл осы сауал күндіз-түні сабалап, қалың орыстың ортасында «Қайран тілім, кім көрінгенге қорланбаса екен! Ешкімнің қолжаулығына, мазағына айналмаса екен!» деп шырылдап жүрген қазақ қыздарының бірі Риддердегі тілдерді оқыту орталығының директоры Құралай Садықова.

Бір қызығы, Құралай қаймағы бұзылмаған Катонқарағай ауданының тумасы бола тұра, тілі орысша шығыпты. Орысша шыққанды қойып, бірінші сыныпты да орысша тәмамдаған көрінеді.

Бұл жайлы бүгінгі кейпкеріміздің өзінен сұрағанбыз.

  • Менің туған ауылым Солдатовода бертінге дейін қазақ сыныбы болмапты. Менің анам Назбура Дауытқызы – орыс сыныптарына математикадан сабақ берген мұғалім. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары Солдатово ауылындағы бірыңғай орысша білім беріп келген орыс мектебінен тұңғыш қазақ сыныбының ашылуына тікелей мұрындық болған адам. «Патриот» медалінің иегері.

Қазақ халқына, оның тіліне іші онша жыли қоймайтын мектептің сол кездегі директоры Любовь Ивановна деген кісі анамның ауылдан қазақ сыныбын ашу идеясына үзілді-кесілді қарсы болып, «Қазақ сыныбының қажеті қанша, бәрібір ол сыныпта қазақша оқитын балалар жоқ» дегенге саятын түрлі сылтаулар айтып қарсы шығады. Қарсы шығып қана қоймай, басшылық лауазымын асыра пайдаланып, «ұлтшылсың, бұл ауылда қазақ сыныбын ашуға бала саны жетпейді, оқулықтарды қайдан алмақсың?» деп жан-жақты қоқан-лоқы да көрсетіпті.

«Бұл ауылда қазақша оқитын бала жоқ!» деген бір ауыз сөз намысын қамшылаған анам осыдан соң күн демей, түн демей үй-үйді аралап жүріп, әрбір ата-анамен «Мектебімізде қазақша сынып ашылады, балаларыңызды соған беріңіздер» деп үгіт-насихат жүргізеді. Осындай ұлтқа деген, оның тілі мен болашағына деген сүйіспеншілігінің, алаңдаушылығының нәтижесінде 1990 жылы Солдатово ауылындағы бірыңғай орыс мектебінен қазақ сыныбы ашылады.

Бұл кезде мен және туған жиенім мен тағы бір ағамыздың баласы орыс сыныбынан бірінші сыныпты бітіріп қойғанбыз. Бірақ бірінші қазақ сыныбына баратын бала санын толтыру үшін бірінші сыныптан бастап қайтадан қазақша оқи бастадық. Биыл сол мектепті бітіргенімізге 20 жыл толуына байланысты арнайы мектебімізге барып, ауыл тұрғындарымен, ұстаздармен кездесу өткізіп, сый-сияпатымызды жасап, болашақта ауыл атауын Талдыбұлақ деп өзгерту жайында жазбаша ұсынысымызды қалдырып кеттік, – дейді Өскемендегі ҚАЕУ-дың қызыл дипломды озат түлегі.

Орталықта оқып жүр орыс-қазақ баласы

Алғаш Риддерге келген жылы балабақшада жұмыс істей жүріп қалалық оқу бөліміне түйіндемесін өткізіп қойған Құралайды сол кездегі Тілдерді оқыту орталығының директоры Маржан Қаржаубаева оқытушылық қызметке қабылдайды.

2019 жылдан бастап осы орталықта басшылық қызметке келген Құралай Кәукенқызы іс қағаздарын жүргізуден бастап, әдіскерлікті де, сабақты қызғылықты етіп өткізуді де, басқа да көп дүниені осы орталықта жүріп үйреніпті.

Біз орталыққа барғанымызда Құралай өзге ұлт өкілдерінен құралған 10-15 адамға сабақ беріп жатыр екен. Айтуларына қарағанда, қазан айынан басталған 120 сағаттық оқу курсы мамыр аяғының соңында аяқталатын көрінеді.

Тіл курсына әжептәуір адам тіркеліп, сауаттарын ашып жатыр екен, нәтижесі қандай? – деп сұрағанбыз.

– Қазақ тобына биыл 152, ағылшын тобына 42 адам тіркеліп, аптасына екі күн тіл үйрену курсын меңгеріп жатыр. Топтағы адамдардың жас шамалары да, мамандығы мен ұлттары да әртүрлі. Тіл үйренушілердің басым көпшілігі бюджеттік мекемелерден болғанымен арасында өз еріктерімен оқып жүрген қала тұрғындары да бар.

Нәтиже біркелкі деп айта алмаймын. Әр адамның ынтасы мен қарым-қабілетіне байланысты. Әрине, алдына белгілі бір мақсат-мүдде қойған адам қолына алған кез келген істен айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізері белгілі ғой.

Орталықтың тіл үйретудегі қызметіне риза шығар?

– Қалай десем екен?! Адамдар әртүрлі ғой. Жалпы, көптің көңілінен шығу өте қиын шаруа. Жұмысымызға ризашылығын білдіретіндер де бар. Керісінше, жоқ жерден ілік іздеп, «Тілдік орта жоқ немесе әдістемелерің ескі» деген секілді сын айтып жататындар да бар. Біз негізгі әдістемелерді Алматыдағы «Тіл білімі институтынан», Астанадағы «Тіл – Қазына» ғылыми-практикалық орталығынан алып, әуелі өзіміз меңгереміз де, әрмен қарай әдістеме ретінде пайдаланамыз. Бұған қосымша менің өзімнің авторлық әдістемелерім де бар. Олар облыстық, республикалық тәжірибе алмасу алаңдарында сынақтан өтіп, рұқсат алған жобалар.

Тіл үйренгісі келмейтін адамдардың қай кезде де бір сылтауы дайын тұрады. Егер ғайыптан тайып «Қазақстанда қазақ тілін білмесең нан тауып жей алмайсың» дейтіндей күн туатын болса, солардың қай-қайсысы болмасын аз ғана уақытта қазақ тілін үйреніп алар еді.

Ұлтымыздың санасы уланбасын

Тіл курсына келіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің арасында бірен-сараң қазақтарды да көзіміз шалып қалған.

– Бұлар өзіміздің бауырларымыз. Осы Риддердің жергілікті қазақтары, – дейді Құралай Кәукенқызы. – Мұндай өз ана тілінен мақрұм қалған қандастарымызды көргенде не деріңді білмей қаласың. Өз қазағың өзінің ана тілін білмей тұрғанда, өзге ұлт өкіліне «Қазақ тілін неге білмейсің?» деудің өзі ақымақтық қой. Тілі орысша шыққан, орысша ойлап, не нәрсені болмасын тек орысша пайымдайтын адамдардың жағдайын мен жақсы түсінемін. Өйткені өзім де басымнан дәл сондай күй кешкем. Әлгінде айттым ғой, «Бірінші сыныпты орысша бітіріп, анамның бастамасымен қайтадан қазақша бірінші сыныпқа бардым» деп. Сол үшін анама өле-өлгенше алғыс айтып өтемін. Соның өзінде мен осы күнге дейін көп нәрсені орысша ойлап, орысша қорытам. Неге десеңіз менің тілім орысша шықты, санам орысша қалыптасты. Менің миыма әу баста қазақ емес, орыс тілінің негізі қаланып, дәні егілген. Сондықтан осылай боп қалып қояды екен. Бұл бір сөзбен айтар болсақ – ұлттық сананың улануы.

Жарайды, тілі орысша шығып, орысша ойлайтындардың ұлттық санасы уланған дейік. Ал енді кеше ғана ауылдан қалаға көшіп келген үлкендеріміз бар, білім алам деп келген жастарымыз бар, бұл күнде солар тілдері келсе де, келмесе де бір-бірімен орысша сөйлесуді әдетке айналдырып алды. Тіпті қайсыбірінің сөйлегенін тыңдап тұрып ұяласың. Бұған не айтасың?

– Әрине, өз тіліңнен басқа тілді білген де жақсы ғой. Көп нәрсені оқып-біліп, көкжиегің кеңейеді дегендей. Бірақ жарықтық Қадыр ағамыз:

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деп кетпеп пе еді?! Сол өз тілімізге деген құрмет қайда қалды? Сол ауылдан таза қазақша тілі шығып, ана тілінің уызына жарыған жастарымыздың қалаға кеп, айналасы бір жылда орысша шүлдірлеп, айналасына күлкілі боп жүргендеріне өзім де қайран қалам әрі намыстанамын. Біз, қазақ – өте еліктегіш халықпыз ба? деп қалам кейде.

Біз осы Риддерде 55 мың халықтың 11-ақ пайызын құраймыз. Ол дегеніңіз бар болғаны алты-ақ мың қазақпыз деген сөз. Бұл – өте аз. Бірақ аз екенбіз деп тіліміз үшін, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыз үшін күреспей, әлдебір әрекет етпей қол қусырып отыра алмаймыз ғой. Өйтетін болсақ, онсыз да хәлі мүшкіл тіліміздің болашағы не болмақ? Сондықтан жергілікті билік басында отырғандарға «қаладағы көше атауларын қазақшалау, қажетті орындарға қазақ зиялыларының ескерткіштерін орнату, қазақша концерттер ұйымдастырып, кез келген мерекелік шараларды мемлекеттік тілде жүргізу» деген секілді талап-тілектерді қоя беруіміз керек, қоя беруіміз керек. Оған біздің толық құқымыз бар.

Мерекелік шаралар демекші, ұлттық нақыштағы «Наурыз», «Домбыра күні» қатарлы шараларға қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Ұлттық мерекелерге көңіл бөлінуін бөлінеді ғой. Алайда сол мерекелерді жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізу үшін қомақты қаржы бөлінбесе, көңіл бөліп қана қойған не болады?

Қалайша, сонда ұлттық нақыштағы мерекелерге қаржы бөлінбей ме?

  • Бұл жерде қаражаттың жеткілікті бөлінген-бөлінбегені көзге көрініп тұрмаса да, сырт айнала бере, қабырғаның арғы жағынан қазақ мәдениеті мен өнерін көпе-көрнеу кемсітіп, шеттетуді байқауға болады.

Айталық Риддерде жыл сайын «Убинские распевы», «Медовый спас» деген мәдени шаралар өтеді. Оған бөлінетін қаражат біздің ұлттық мерекеге бөлінетін қаражаттан әлдеқайда қомақты. Себебін сұрасақ, орыс халқының аталмыш мерекелерін өткізуге  бюджеттен бөлінетін қаражаттан бөлек, жекелеген кәсіпкерлер де қол ұшын созатын көрінеді. Міне, мәселе қайда жатыр?! Егер шынымен де солай болса, «Риддердегі қазақ ұлтының ауқатты азаматтарының құлағына алтын сырға» демекпіз.

Тағы бір айта кетер жайт, қаланың сыртында, табиғат аясында өткізілетін бұл мерекелерге қаншама қазақ тілді көрермендер барады. Солардың уақыттарын қиып, көлік жалдап келгеніне қарамастан шараны бастан-аяқ орыс тілінде жүргізеді. «Неге мемлекеттік тілде аударма жасамайсыңдар?» десек, «Бұл біздің орыс халқының дәстүрлі мерекесі ғой» деген әзіл-шыны мен кекесіні аралас уәж айтады. Ал өздері Наурыз немесе басқа да ұлттық мерекелерімізде «Орыс тілінде неге жүргізбейсіңдер?» деп жер тепкілейді…

Осының бәріне білсе де, білмегенсіп, көрсе де, көрмегенсіп отырған басшылар кінәлі ғой?

– Басшылардың барлығын кінәлі деп қаралауға болмас, дегенмен осы мәдениет саласын басқарып отырған бөлім басшыларының тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Егер сол бөлім басшысы ұлт пен ұлтты алаламай, қазақ халқына, оның тілі мен мәдениетіне құрметпен қарап, бүйрегі бұрар болса, барлығы да басқаша сипатта болар еді.

«Ұлтымның тілі мен намысы қорланбаса екен, бабамның қасиетті тілі кім көрінгеннің қолжаулығына айналмаса екен!» деп ұстасқанмен ұстасып, тістескенмен тістесіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген аз ғана риддерлік қазақтардың арасында қазақтың қайсар қызы Құралай да бар.

Ендеше, қазақтың тілі мен салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті үшін бел байлаған күрестеріңіз жеңісті болсын!

Осы айдарда

Back to top button