Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ахаңның 50 жылдық тойында мынадай пікір білдіріпті: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын». Оны жұрттың бәрі де біледі…
Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ақаңды өзінің басшысы деп санайды. Олай болса, Мұхаңның аса құнды насихатын құптай отырып, ұлт ұстазы, Ақаңнан кейінгі жас ұрпаққа қалдырып кеткен аса құнды құдіретті ұлттық тіліміз туралы айтқанын ұсынғанды жөн көрдік.
Тіл туралы қалыпты сөздері: а) Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жүрттың тілін азғыруға тырысады. Ә) Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Б) Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз. В) Бала бастауыш мекепте бар пәнді ана тілінде ғана оқуы керек. Г) ХХ ғасырға дейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Ғ) Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңдеуін меңгергенше, көңілдің түйінін түйгенше айтуға жарау.
Міне, Ақаңның осы пайымдауларына қарағанда ұлы ғалым тіл білімінің негізін қалап, тілді теориялық тұрғыдан жүйелеп, білім мазмұнына енгізіп, қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін орасан зор еңбек етті деуге болады. Таяуда өткен ҚХА-ның ХХХІ сессиясында ел Президенті Қ.Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын ұлғайту, ел жастарын отаншылдыққа тәрбиелеу туралы аса өзекті мәселелерді атады. Халқымыздың ұлт тіліне деген сенімін күшейтуді баса айтты. Ендеше, бүгінгі отаншыл жастарымыз ұлт көсемі Ақаңның жоғарыда аталған тіл туралы ұстанымдарын зерделеп оқып, қолданса деген ниеттеміз. Алаш арыстарын неғұрлым түбегейлі оқып зерттесек, соғұрлым азаматтығымыз арта түспек.
Мәуітқазы Зүкенов, ардагер журналист