Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Осыған орай Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың ұйытқы болуымен «Тілдер шеруі» айлығы өтті. Айлық аясында кітапханада бір ай бойы әртүрлі сала қызметкерлерімен және мектеп оқушыларымен түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Қазақстан халқының тілдері күніне орай кітапханада «Тіл шебері» атты қалалық байқау өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп өткізген байқау барысында қазақ, ағылшын және орыс тілдерін жетік меңгерген түрлі мамандықтағы жастар білімін ортаға салды. Байқаудың «Елтаным» бөлімі бойынша қатысушылар ел мен жердің тарихы, ұлы тұлғалары туралы сұрақтарға мемлекеттік тілде жауап берсе, «Өнертаным» атты бөлімде ағылшын тілінде ән айтып, өлең оқыды. Ал «Сөзтаным» атты бөлімде экранда көрсетілген ұяшықтардағы суреттер туралы орыс тілінде әңгімелеп берді.
Бұл байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасында тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында үш тілді еркін меңгерген жастарды қолдау.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Айзада Қуатқызы иеленсе, екінші орынға Қырмызы Салауатқызы лайық деп табылды. Ал үшінші орын Аида Дәуренқызына бұйырды. Жеңімпаздар Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Басқа талапкер жастарға да алғыс хат пен сыйлықтар тарту етілді.
Сондай-ақ тіл айлығы аясында кітап көрмелері де ұйымдастырылды. Қалың оқырман Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына және Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Анамның тілі – аяулы тілім!» атты кітап көрмесімен және рәміздеріміздің 30 жылдығына арналған «Менің Туым! Менің Елтаңбам! Менің Әнұраным!» атты роллап көрмемен танысып, әнұранды асқақтата шырқады.
– «Әдеби дастархан» атты кітап көрмесінде балалар қазақ билерінің шешендігі мен көсемдігі туралы әңгімелерді тыңдап, жазушылардың шығармашылығымен танысты. Тек танысып қана қоймай, талдау жасады. Осылайша, оқушыларды кітап оқуға баулыдық, – дейді О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.
Кітапхана қызметкері Таңнұр Башайдың айтуынша, «Анамның тілі – аяулы тілім!» атты кітап көрмесіне жүзден аса кітап қойылыпты.
– Кітапханамыздың төрінде жарасып тұрған киіз үйіміздің жанында ұйымдастырылған көрмеде ана тіліміз туралы қазына-кітаптарды ел назарына ұсындық. Балаларға арналған рухани байлықтан қалағаныңызды табуға болады. Ахмет Байтұрсынұлының 1928 жылы жарық көрген «Әліпби» атты кітабының нұсқасы, Махмұд Қашқаридің ХІ ғасырда шыққан үш кітабы бойынша «Түбі бір түркі тілі» атты еңбегі, ұмытылып бара жатқан қазақ сөздерін ел есіне салған Б.Қыдырбекұлының «Түгел сөздің түбі бір» атты кітабы және басқа да ғалымдар мен зерттеушілердің қазақ тілі туралы жазылған жүзден астам құнды кітабы көрмеге қойылды, – дейді Таңнұр Башай.
Іс-шара барысында келушілер «Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлы туралы түсірілген фильмді тамашалап, ұлттық қазақ жазуы (төте жазу) туралы мәліметке қанықты. Тіл туралы кеңінен толғаған Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов сынды тіл ғалымдарының шығармаларымен танысты.
Айта кетейік, көрмеге тек кітаптар ғана емес, ұлылардан қалған нақыл сөздер де қойылған. Ерекше айта кетерлік жайт, аталған шаралардың барлығы жастарды кітап оқуға баулуға бағытталған.
Сөйтіп, өткен аптаның соңында кітапханада «Тілдер шеруі – 2022» байқауы өз мәресіне жетті.
– Мерекеге қаламыздағы әр мектептің оқушылары қатысты. Оқушылардың тілдік білімін тексеру мақсатында мақал-мәтелдер айтудан жарыс өткіздік. Тек мақал-мәтелдер ғана емес, көркем сөйлеуді де негізге алдық. Сонымен қоса балалар Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен өмірі туралы сұрақтарға жарыса жауап беріп, ойындар ойнады. Жеңімпаздарға Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арнайы сыйлықтар табыстады, – дейді Жанат Мәуітқызы.
Мейрам Екпін