Тіл үйренгісі келетіндердің қатары көбейіп келеді
Қазақ тілін үйренуде қандай қиындықтар туындайды? Тіл үйренуге ықылас болса, әдістемелік қолдау табылмай ма? Мұндайда сізге Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының мамандары міндетті түрде көмектеседі.
Олардың айтуынша, өңірімізде мемлекеттік тілде сөйлеуді үйренгісі келетін адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар жыл сайын тілді тиімді меңгеру үшін мүмкіндіктер де көбеюде.
Шығыс Қазақстан облысында Лингвистикалық орталық 2005 жылы құрылды. 17 жыл ішінде мекеме мамандарының мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жолында атқарған жұмысы айтарлықтай. Орталықтың негізгі мақсаты – тілді оқытуда инновациялық технологияларды пайдалана отырып, өңірдің ересек тұрғындарының лингвистикалық капиталын дамыту.
– Орталықтың негізгі қызметі – облыстағы мемлекеттік мекемелердің, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметшілерін, сондай-ақ облыс тұрғындарын мемлекеттік және ағылшын тілдеріне оқыту, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова.
Лингвистикалық орталықта 2021-2022 оқу жылының бірінші жартыжылдығында мемлекеттік тілді 280 тыңдаушы, екінші жартыжылдықта 301 тыңдаушы меңгерді. Бірінші жартыжылдықта ағылшын тілі сабағын 59 адам, екінші жартыжылдықта 17 адам оқыды. Тыңдаушылардың жалпы саны 657 адам болды. Оқу курсы аяқталғаннан кейін тыңдаушылар қорытынды тест тапсырады, оның нәтижелері бойынша оларға сертификаттар, куәліктер табыс етіледі.
– Біздің орталық тілдерді оқыту орталықтарының жұмысын үйлестіретін ғылыми-әдістемелік негізге айналды деп сеніммен айтуға болады, – деп Әсемгүл Абзалова сөзін жалғастыра түсті. – Өз жұмысында қазіргі заманғы оқыту талаптарына жауап беретін әдістер мен тәсілдерді тиімді қолдана отырып, кәсіби бағытта жүйелі жұмыс жүргізетін Ырысты Райханқызы, Ләззат Қайдарова, Жұлдыз Мұқанбаева, Балжан Серікбекқызы, Үміткүл Хуандаг әріптестерімді атап өткім келеді.
Орталықтың оқу бағдарламалары мен күнтізбелік жоспарлары қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігінің ұлттық стандартына сәйкес әзірленген. Мұнда мемлекеттік тіл 120 сағаттық және 72 сағаттық бағдарламалар негізінде оқытылады.
Сондай-ақ «Тілашар» оқу курсы негізінде қазақ тілін игеруге 60 сағат бөлінеді. Ағылшын тілі 48 сағаттық бағдарлама бойынша оқытылады. Ағылшын тілі сабағы аптасына екі рет, 1,5 сағаттан өткізіледі.
Тыңдаушыларға оқу курстары А1, А2, В1, В2 төрт деңгейі бойынша оқытылады. Лингвистикалық орталықтың тыңдаушыларының жаңа легі қазан айында қабылданады. Оқу басталар алдында олар тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін кірісу тестілеуінен өтеді.
– Мемлекеттік тілді оқытудағы қиын сәттердің бірі –ол тыңдау мен түсіну. Бұл күрделі дағдының көмегімен адам естігенін бірден түсініп, қабылдай алады. Сөйлеу тәжірибесінің жеткіліксіздігіне байланысты кейбір тыңдаушылар оқу материалы туралы түсінгендерін толық жеткізе алмай жатады. Сол себептен тыңдау мен түсіну дағдылары тыңдаушылар үшін қиындық туғызады, – деп түсіндірді жаттықтырушы-оқытушы Ләззат Қайдарова. –Сондай-ақ ересек тыңдаушылардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде сөйлемейді. Нәтижесінде, баяндама жасағанда немесе өз ойымен бөліскен сәтте олардың сөздік қоры жетіспейді.
Ересектерге мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесу үшін оқытушылар тілдік дағдыларды, яғни сөйлеу, оқу, жазу және тыңдау дағдыларын дамыту үшін арнайы мотивациялық әдістерді қолданады. Орталықта қажетті материалдық-техникалық жағдайлар жасалған, заманауи және уақыт сынына салынып, тәжірибе жүзінде тексерілген оқу-әдістемелік құралдар пайдаланылады.
- Ересектерге мемлекеттік тілді үйретуде, ең алдымен, әртүрлі тақырып бойынша сөздік қорын байыту жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар сабақтар сұрақ-жауап, әңгіме жүргізу түрінде, аудиовизуалды әдістемелер, көрнекі құралдар мен материалдарды пайдалану негізінде және т.б. жүргізіледі. Оқыту барысында белсенді дамып келе жатқан онлайн платформалар және веб-қосымшалар (Zoom, Padlet, Quizizz, Google Jamboard, Google Forms, Google Meet, Kahoot!, ThingLink, Quizlet, Mentimeter, FlippingBook, OnlineТestPad) қолданылады, – деп атап өтті әдіскер Жанар Салимжанова.
Қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін орталықта ересек тұрғындарға тілдерді оқыту әдістемесі бойынша ғылыми-тәжірибелік семинарлар, оқу курстары, вебинарлар, тренингтер мен конференциялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар оқытушылар авторлық әдістемелік құралдарды, оның ішінде әртүрлі салалар бойынша тілашарлар, диктанттар мен мазмұндамалар жинақтарын, тест түрінде әзірленген ересек тыңдаушыларға арналған мәтіндер мен тапсырмалар жинақтарын және т.б. шығарады.
Оқу үрдісін жүргізуден тыс жыл барысында тыңдаушылар үшін түрлі танымдық іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, «Қазақтелеком» АҚ филиалының қызметкерлері үшін «Тілдік коммуникациядағы аударма ісі» тақырыбында пайдалы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінде жазу мәдениеті туралы сабақ өткізілді.
ШҚО полиция департаменті қызметкерлерімен бірге Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушылары «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты семинар өткізді. Оның барысында қатысушыларға «Тіл әлемі» сайты мен Atau.kz, Quzat.kz, Emle,kz, Termincom.kz және Tilqural.kz жобалары туралы айтылды, семинар соңында тыңдаушыларға құқық қорғау саласына қатысты сөздіктер табыс етілді.
Ғалым, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» тақырыбында диктант өткізілді. Сондай-ақ осы мерейтойлық күнге орай «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тілін оқыту әдістемес» облыстық онлайн-семинары және «Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы және ұлттық тіл мәселелері» облыстық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Айта кету қажет, Катонқарағай ауданында өткен конференцияның қорытындысы бойынша Лингвистикалық орталық директорының орынбасары Ы.Райханқызының және оқытушы Л.Қайдарованың баяндамалары аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, атап өтілді.
Айта кететін жайттың бірі – Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының мемлекеттік тілді оқыту курстарынан облыстық «Рудный Алтай» газетінің ұжымы да тәлім алды.
- Ұйымдар, кәсіпорындар негізінде оқу курстарын өткізу тиімді шара болып табылады, себебі әрбір адамның тілді оқу сабағына қосымша уақыт бөлуге мүмкіндігі болмайды. Ал мұндай сабақтарда жұмыс орнынан алыстамай-ақ, білімнің берік іргетасын қалай отырып, тілді ары қарай үйренуге жол бастауға болады, – деп есептейді «Тілашар» оқу курсының тыңдаушысы журналист Татьяна Кравченко.
Сонымен қатар орталықтың әдістемелік қолдауымен «Рудный Алтай» газетінің бетінде қазақ тілін оқыту бойынша бірқатар оқу сабағы жарияланды. Әр бейсенбі сайын арнайы жоба айдары арқылы біз белгілі бір тақырыпты игеруге негіз ретінде ережелер, тапсырмалар, мәтіндер, диалогтар және лексикалық минимум жариялап отырдық. Осылайша, бір жыл ішінде біздің оқырмандарымыз 50-ге жуық түрлі тақырыпты игере алды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді дамытудың маңызы зор. Сол себептен мемлекеттік тілдің қолдану аясын одан әрі кеңейту және оның мәртебесін арттыру туралы мәселенің тұғыры барлық жерде биік болуы қажет, деп бөлісті Лингвистикалық орталықтың мамандары.
Мекеменің жұмысы туралы қосымша ақпаратты мына телефондар арқылы: 8 (7232) 70-19-65 және 8 (7232) 70-56-46 немесе орталықтың Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан алуға болады.
Гүлжан Естаева