Сайлау-2022

Тікелей эфирде тамашалады

Ержан ӘБІШ

Кезектен тыс президент сайлауына орай «Қазақстан» телеарнасы «Біздің ел – біздің таңдау!» айдарымен 16 сағаттық телемарафон ұйымдастырды. Іс-шара таңертеңгі сағат 9-дан басталып, түнгі 1-ге дейін жалғасты. Телемарафон алаңында қоғам қайраткерлері, депутаттар, саясаттанушылар, мәдениет, спорт саласының өкілдері, белсенді жастар жаңа да әділетті Қазақстан құрудың тетіктерін талқылады.

Облысымыздың аумағында телемарафон altaynews.kz, altaitv.kz және didar-gazeti.kz сайттары және олардың әлеуметтік желілердегі аккаунттары арқылы онлайн жүйеде таратылып, өңірдің мыңдаған тұрғыны тамашалай алды.

Еліміз үшін аса маңызды күнде ұйымдастырылған іс-шарада түрлі бағыттағы 400-ге жуық спикер пікір алмасты. 16 сағат нон-стоп режимінде жұмыс істеген телемарафонда түрлі тақырыптарда дискуссия ұйымдастырылып, отандық сарапшылар елдегі мәселелерді ортаға салды. Мәселен, «Аймақтардың дамуы» пікірталасының спикерлері елдегі демографиялық ахуал мен кәсіпкерліктің жайын қозғады.

– Мемлекеттің мықты болуы өңірлердің мықты болуына байланысты. Сондықтан 3 мегаполис пен 17 облыс мықты болуы керек. Барлық салада әділдік маңызды. Өңірлерді басқаратын тұлғалар ниеті дұрыс, таза менеджерлер, білікті мамандар болуы қажет. Жаңа кадрлар жұмыс істеуі керек. Мәселен, «Қуатты өңірлер» жобасына 7,5 триллион теңге бөлінген. Ал бұл қаржыны тиімді игеріп, тиісті нысандарды уақытында салу үшін бізге білікті кадрлар, мықты басшылар керек. Маған бүгінгі сайлаудың нәтижесі емес, сайлаудан кейін не болатыны маңызды. Халық осы сайлаудан зор үміт күтіп отыр. Сондықтан жаңа адамдар, жаңа менеджерлер келмей, біз әлеуметтік әділетсіздікті жоя алмаймыз. 19 миллион халықтың арасында күшті менеджерлер жоқ деп айтуға болмас, кәсіпкерлік, квазимемлекеттік салада да, депутаттар арасында да, министрліктерде де мықты мамандар бар, соларды тартуымыз керек, – деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Ал меценат, кәсіпкер Исламбек Салжанов отыз жылда кәсіпкерлерге тең мүмкіндік берілмегенін атап көрсетті.

– Кәсіпкерлікті әр өңірде дамытуға болады. Қарапайым халыққа тұрақты жұмыс қажет. Ал осы тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін де, шетелден инвестиция тартып, елге салық төлейтін де – кәсіпкерлер. Өкінішке қарай, 30 жылда кәсіпкерлерге тең мүмкіндік берілген жоқ. Олигаполия мен монополияның тамырын шауып, түбегейлі жою керек, сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейтіп, оны да жою қажет. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын әділ сот болуы керек. Сонда ғана мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешетін мүмкіндігі де, қаражаты да болады. Мықты өңір – мықты мемлекет, – деді И. Салжанов.

Сарапшылар халықтың көші-қон мәселесін шешу жолдарын да ұсынды. Негізі, халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру стратегиялық бағдарламасы бойынша 2017-2020 жылдар аралығында 40 мың адамды көшіру қажеттігі айтылған еді. Алайда деректерге сүйенсек, бұл бағдарламамен 10 мың адам ғана қоныс аударған. Сарапшылар әрбір өңірде халықты қызықтырып, өзіне тартатындай бағдарлама әзірлеу қажет деп санайды.

Сондай-ақ марафон алаңының TED-x форматында ұйымдастырылған мотивациялық дәріске Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысты.

TED-x-тің алғашқы спикері Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мамандық таңдаудың маңызына тоқталды. Еңбек нарығы күннен-күнге өзгеріп келеді. Жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. С.Нұрбектің айтуынша, алдағы уақытта ІТ-мамандарға, ақпаратпен жұмыс істейтін инженерлерге, мұғалімдерге, дәрігерлерге, көлік және тасымалдау қызметкерлеріне, ауылшаруашылық мамандарына сұраныс арта түседі.

– Еліміздегі демографиялық өсімге байланысты алдағы уақытта да балабақша, мектептер салынады, жаңа нысандарды кадрлармен қамту үшін болашақта 120 мыңға жуық ұстаз қажет болады. Сондықтан бұл мамандыққа қажеттілік өспесе, кемімейді. Медицина қызметкерлерінің қажеттігін пандемия кезінде сезіндік. Әсіресе еңбек нарығында инфекционист, вирусолог секілді мамандар тапшы. Сондай-ақ жаһандану кезеңінде көлік тасымалы, логистика мамандары, инженерлер үлкен сұранысқа ие, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ телемарафонда электораттың саяси белсенділігі бойынша сағат сайын баспасөз конференциялары ұйымдастырылып, халықаралық байқаушылар, сарапшылар, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысына қатысты соңғы ақпаратпен бөлісіп отырды.

Онлайн марафонның Орталық коммуникациялық қызметі алаңында «Партиялық емес бақылау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Құнәділов сайлауға 22 мыңнан астам адам байқаушы ретінде даярлықтан өткенін мәлімдеді.

– Елімізде 10 мыңға жуық ашық сайлау учаскесі болса, барлығында байқаушылар таңғы сағат алтыдан бастап, заңнамаға сәйкес өз жұмысын атқарды. Жалпы, осы науқанға 22 мыңнан астам адамды байқаушы ретінде дайындадық. Оларға үздік әлемдік тәжірибе негізінде, заңнамалар шеңберінде 400-ге жуық офлайн және онлайн форматта оқыту жүргіздік, – деді Т.Құнәділов.

Осы айдарда

Back to top button