Қоғам

Тігін ательесін ашпақ

Аудан орталығындағы «Қуаныш» базарында орын тепкен тігіншілер цехына тапсырыс беруші адамдардың қарасы әрдайым қалың.

– Бізге бұйымтайын айтып келетіндер көп. Біреулер киім тіктіртеді, қайсыбірі есік-терезе перделерін ықшамдатады. Басқа да тапсырыстар бар. 2010 жылы осы базардың бір бұрышында алғаш кәсібімді бастағам. Қазіргі жалдаған бөлмем кең, төрт адам жұмыс істейміз. Іс тігуге бейім, шебер әйелдерді жаныма алдым. Кезінде екі ойлы болып, сенімсіздеу бастаған ісім жыл өткен сайын алға басып келеді. Өзіңіз көріп тұрғандай, мынау – біз тіккен ұлттық киімдер, мынау – елдің тапсырыс берген құрақ көрпелері, – дейді цех меңгерушісі Гүлмира Манабаева.

Шынында да, мұндағы тігінші әйелдердің қиыннан қиыстырып, қиюын келтіріп, жымдастырып тіккен әрбір заттары керемет-ақ.

Гүлмира Қабылбекқызы мектепті бітірген соң, 1987 жылы Алматыдағы тігіншілер училищесіне түсіп, мамандық алады. Кейін оңтүстік астанадағы технологиялық техникумды аяқтап, Гагарин жіп иіру фабрикасында технолог болып істейді. 2005-2009 жылдары сол шаһардағы «Сымбат» сән академиясында істеген. Бірақ кейін жанұя жағдайына байланысты елге қайтып, сүйген кәсібімен айналысып келеді.

– Ісімді бастаған алғашқы жылдары елден оншалықты көп тапсырыс болмайтын. Сондықтан табыс табу оңай соқпайтын еді. Қазір күнделікті 10-15 адамнан тапсырыс түсіп жатады. Осыған орай, бізде уақыт тапшы, – дейді Гүлмира.

Шынында, кейіпкеріміз маған көңіл бөліп әнгімелескенімен, бір жағынан іс тігіп отырды. Ар жағындағы әйелдер де өз істеріне беріліп кеткен.

– Айлығымыз бізге түсетін қаржыға байланысты. Кейде 70 мың теңге, кейде одан көп. Бізді қинайтыны – маталардың қымбатшылығы. Арнайы барып Семейден, Алматыдан әкелеміз. Қаражаттың көбі соған кетеді. Дегенмен, кәсібіміз біртіндеп алға басуда, – дейді цех жетекшісі.

Гүлмираның алдағы жоспары – арнайы ғимарат жалдап немесе салдырып тігін ательесін ашу, көп адамды жұмыспен қамту, ісін жетілдіру, елге қолғабыс тигізу.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button