Кедергісіз келешек

Тифлокешен тиімді болып тұр

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Мынау жарық әлемнің жүзін өз көзіңмен көргенге не жетсін! Бірақ өмірде маңдайдағы қос жанарынан айырылып, қара түнекке қамалып қалған жандар да бар. Бірақ олардың  жанары сөнгенімен, көкірек көзі ашық. Олар да оқығысы, білгісі келеді. Осы орайда еліміздегі  зағип және көзі нашар көретіндерге арналған кітапханалар қорын толықтыру, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітаптарды  ұлғайту бүгінгі таңда үлкен мәселе екені сөзсіз. Ендеше  бұл бағытта облыстық зағиптар және көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Иә, кітап оқу деген олар үшін өмір сүру деген сөз. Қолмен сипалап болсын, рухани әлемнің ғажабына сүңгудің рахатын сезінудің жөні бөлек. Бірақ қазір кез келген кітап дүкеніне барсаңыз, зағип және көзі нашар көретін жандарға арналған кітап мүлдем жоқ, сатылмайды деуге болады. Әрине, олардың  облыс орталығындағы ат басын тірейтін жалғыз жері – Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар және көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы. Сонау  1969 жылы ашылған кітапхана бүгінде екі мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп отыр. Жалпы кітапханадағы кітап қоры 76 мыңнан астам болса, оның ішінде 20 мыңы бедерлі-нүктелі Брайль қарпіндегі кітап. Аталған кітапхана бедерлі-нүктелі кітаптарды негізінен Ресейден сатып алады екен. Өйткені Қазақстанда бедерлі-нүктелі қаріппен кітап шығаратын баспахана атымен жоқ. Бұрын Шымкент қаласында болғанымен ол баспаның жұмысы тоқтап қалған.

Ал бұл мәселені Өскемендегі кітапхана ұжымы арнайы тифлокешеннің көмегімен шешіп отырған көрінеді.   Тифлокешен – бұл арнайы бағдарламасы  және перифериялық құрылғылары бар, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы компьютер.   Оның қысқаша түрде маңызды ақпаратты басып шығару үшін пайдаланылатын Брайльдің Everest V4 принтері, иллюстрациялық ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін тактильді-графикалық бейнелерді жасауға арналған Zyfuse Heater-термопринтері бар. Бұдан басқа кітапханада ақпаратты оқуға және енгізуге көмектесетін Брайль Focus Blue дисплейі бар екен.

Кітапхана директоры Гүлнар Қадырова  тифлокешеннің  арнаулы кітапхана қорын қажетті кітаптармен толықтыруда маңызды рөлге ие болып отырғанын айтады. Бүгінде тифлокешенде кітап, брошюралармен қатар тактильді графикалық суреттер де басылады.

Бүгінгі күні елімізде бедерлі-нүктелі қаріпте кітап басып шығару, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітаптар қорын толықтыру мәселесі өте өзекті. Біз арнаулы құрылғы – тифлокешен көмегімен қазақстандық авторлардың кітаптарымен қатар  жергілікті ақын-жазушыларымыздың да кітаптарын басып шығарамыз. Кітапхана мамандары кітаптың ворд нұсқасын дайындап, өңдейді, форматтап басуға жібереді, ал Брайль қарпін меңгерген кітапханашы кітаптың қателерін, сапасын тексереді. Осы жерде кітаптың мұқабасы, аннотациясы дайындалып, тігіледі. Тифлокешенде шығарылған кітаптар  арнаулы кітап қорын толтырып қана қоймай, зағип жандардың отандық және әлемдік авторлардың туындыларымен танысуына мүмкіндік береді, – дейді  кітапхана директоры Гүлнар Қадырова.

Әрине, тифлокешеннің көп тиражбен кітап шығаруға қуаты жетпейді. Бірақ  директор жылына бір-екі данадан болсын, 18, 20 кітап шығарып отырғандарын, шындығында бұл өте ауыр әрі күрделі жұмыс екенін айтады.

Негізінен кітаптар оқырмандардың сұранысы  бойынша шығарылады.  Сондай-ақ атаулы, мерейлі күндерге орай кітаптар шығару дәстүрге айналған.  Мысалы, аталған  кітапхана Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай республикада бірінші болып Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қазақ тілінде шығарғаны есімізде.  «Абай жолы» Брайль қарпінде 24 кітап болып шықса,    Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы  төрт кітап болып шыққан. 

Сонымен бірге «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы  аясында Ахмет Байтұрсынұлының 150  жылдығына орай «Қырық мысал» кітабы да  бедерлі- нүктелі және ұлғайтылған қаріпте жарық көріпті. Аталған кітап  ерекше оқырмандар мен №19 мектептің коррекционды сыныбы тарапынан үлкен сұранысқа ие болыпты.

Сондай-ақ былтыр Балалар жылы мен балалар жазушысы Ескен Елубаевтың 80  жылдық мерейтойы аясында «Балаларға базарлық» кітабы тактильді суреттермен бедерлі-нүктелі және ұлғайтылған қаріпте қазақ, орыс тілдерінде, сондай-ақ «Қазақ мәдениетінің жауһарлары»  атты балаларға арналған әңгімелер жинағы жарық көріпті.

Жалпы тифлокешенде шығысқазақстандық қаламгерлердің де кітаптары жиі басылады. Мысалы,  ақын, журналист  Әлібек Қаңтарбаевтың «Қасқыр-тірлік…» атты кітабы да  бедерлі-нүктелі қаріпте бес кітап болып басылған.

Сонымен қатар жазушы, өлкетанушы Алдияр Аубакировтің  Шоқан Уәлихановтың 185  жылдығына арналған «Истина рядом» кітабы, жазушы Георгий Гребенщиковтың 140  жылдығына орай  «В тиши степей»  әңгімелер жинағы шығарылған екен. Одан бөлек Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай «Қазақстан – біздің Отанымыз» кітабы да тактильді суреттермен ұлғайтылған қаріпте жарық көріпті.

–Кітапханамыздың  қоры тактильді кітаптармен де толығуда. Олардың бірі – «Қазақ халқының ұлттық киімдері». Бұл кітап арқылы қазақ халқының ұлттық киімдерінің тарихымен танысып, сипау арқылы костюмдердің әрбір бөлшегін  сезінуге болады, – дейді Гүлнар Қадырова.

Биыл кітапхана  20-дан астам кітап шығаруды жоспарлап отыр.

–Шығарған әр кітаптың тұсаукесерін өткізіп, мүмкіндігінше кітап авторларын да шақыруға тырысамыз.  Тифлокешенде басылып шыққан әрбір жаңа кітап зағиптар мен көзі нашар көретін оқырмандардың үлкен сұранысына ие болатынына сенімдіміз, – дейді кітапхана директоры.

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button