Қоғам

Тиімді жұмыс – нақты нәтиже кепілі

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» пар­тия­сы фракциясының кеңейтілген отырысында «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақ­ты­лық. Жасампаздық» атты сай­лауалды бағдарламасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылуы талқыланып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер айтылды.

Партия төрағасы ел игілігіне арналған стратегиялық бағдарламалардың орындалу барысында кемшін тұстар бар екенін атап өтті.

Партияның сайлауалды тұ­ғыр­намасының барлық бағыты ең өзек­ті мәселені шешуді қамтиды. Мысалы: «Нұр­лы жол» бағдарламасын жүзе­ге асыру ұлттық экономиканы да­мы­тудың және оны әлемдік жүйеге енгізудің негізі болуда.

Шығыс Қазақстан облысында барлық деңгейдегі мәслихаттарда  «Nur Otan» пар­тия­сынан 291 депутат бар, олардың қызметі халықпен жұмыс істеуге және туындаған мәселелерді шешуге бағытталған.

Жыл басынан бері облыстық фракция депутаттары (42 адам) 1219 азаматты қабылдады, 436 өтініш қабылданды, оның 396 оң шешім тапты.

Облыстық мәслихатта «Nur Otan» партиясы фракциясы жанынан бес комиссия құрылды. Олар: «Денсаулық сақтау», «Білім беру», «Индустриялық даму», «Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау», «Ауыл шаруашылығы» салалары  бойынша бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылайды. Депутаттық фракция және саяси кеңес бюросының отырыстарында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын жергілікті атқарушы органдардың  жүзеге асыру мәселелері бірнеше рет қаралды.

Партия жұмысын «Қайта жаңғырту» аясында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жұмысын жандандыру мақсатында  еліміздің барлық өңірінде мәслихаттардағы  «Nur Otan» партиясы  фракциясының арнайы жиындары өтіп, күн тәртібінде аудан, қала   әкімдерінің «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен 2016-2020 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасының орындалуы туралы есептері тыңдалды. Өткен жылдың және биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық және әлеуметтік салаларының даму көрсеткіштерінің оң нәтижелері аталып өтті.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жиынында облыстық филиалдың төрағасы, облыс әкімі Даниял Ахметов облыстық мәслихат депутаттарына  қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, халық  пен  етене жұмыс істеу және бастауыш партия ұйымдары мен депутаттық фракцияның қызметін жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңеске кіретін депутаттардың жұмысын жандандыру үшін комиссия құрамы жаңартылып, жұмыс жоспары қайта қаралды.

Бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясының «Партиялық кадрлық резервті» қалыптастыру қанатқақты жобасы аясында Бесқарағай ауданында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ондағы басты мақсат – ядролық электоратты қалыптастыру. Бұл қоғамдағы проблеманы жақсы білетін, халық арасынан шыққан, танымал, ел ішінде беделі жоғары, қоғамдық ой-пікірі бар белсенді азаматтар тобын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Биылғы 28 қазан мен 4 қараша аралығында партиялық кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары жүргізіліп, 46 үміткер тіркелді. Қанатқақты жоба бойынша 5-15 қараша аралығында екінші кезеңдегі үгіт-насихат жұмыстары өтті. Тіркелген үміткерлер өз бағдарламалары мен ұсыныстарын таныстыру үшін ауданның әр ауылында болып, партия мүшелерімен, тұрғындармен кездесулер өткізді. Кандидаттар өз бағдарламаларымен таныстырып, өзекті мәселелерді көтерді.

Мәселен, Айнаш Әменова тілдерді тиімді оқыту бағдарламасын ұсынса, Айнұр Байрамова жастардың проблемаларын көтеріп, оларды шешудің жолдары туралы айтты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетудің өзекті мәселелері Адылбек Түктібаевтың бағдарламасының бағыты болды.

Жалпы, бұл жұмыстың басты мақсаты – ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарту.

 Әнуарбек Мұхтарханов,

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары     

Осы айдарда

Back to top button