Қоғам

Техникасын жаңалап, асыл тұқымды мал өсірмек

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Хакім Абай атамыздан қалған  осы бір тәмсілді Алтынбелдің тұрғыны, кәсіпкер Дулат Бұғыбаев жадында бұрыннан мықтап ұстайды.  Еңбексүйгіштігінің арқасында ол ел қатарынан қалмай, кәсібінің нәсібін көріп, бар ынта-жігері мен күш-қуатын егін салып,  мал өсіруге бағыттап отыр.

Дулат Бұғыбаев Үштөбе ауылының тумасы.  Қарапайым шаруа адамдарының отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Кеңес үкіметі тұсында  өмір бойы совхоздың малын бағып,  аянбай тер төгіп, еңбек етті. Өздерінен тараған төрт ұлдарын да еңбекке ерте  кезден шыңдап өсірді.

– Тоғызыншы сыныпқа дейін Үлкен Нарын жақтағы  Жұлдыз ауылында, тоғызды Үштөбеден бітіріп, он бір жылдық мектепті Бекеттен (Алтынбелдің бұрынғы атауы) аяқтадым, –  дейді Дулат. –  Содан қатарластарым сияқты қалаға оқуға түспек оймен мен де бардым. Бірақ ондағы  оқуымды тастап, қайтадан ауылға оралдым.

Ауылға келген соң, атамның қыстағында екі жыл мал бақтым. Содан кейін үйленіп, балалы-шағалы болдым. 2010 жылы қазіргі тұрып жатқан үйімізді алдым. Осындағы кәсіпкер ағам Асқар Сүбебаевтың қол астында екі-үш жыл еңбек еттім. Жалға алған  20 гектар жерге күнбағыс пен бидай егіп, егіншілікпен айналыса бастадым. Егістіктен түскен өнімнің пайдасына кейін жылы ескілеу болса да жағдайы жақсы МТЗ-50 тракторын сатып алдым. Осылайша, ақырын-ақырын өз күнімізді өзіміз көріп, аяққа тұра бастадық.

Кейіннен Дулат қазіргі тұрып жатқан үйінің бұрынғы иесінің  30 гектар жерін жалға алып, соған он жыл бойы күнбағыс егеді.  Жыл сайын одан мол өнім алып, жақсы пайда көргендігін  айтады.

–  Өнімнен   түскен азды-көпті қаржыға үйдегі қыздарымды оқыттым. Тұрмысымыз жақсарды. Қыздарымның екеуі  оқуын бітіріп, тұрмысқа шықты. Одан кейінгі қызым биыл он бірінші сыныпты бітірді. Үйде қазір кішкентай ұлым мен кенже қызым өсіп келеді. Жан жарым солардың тәрбиесімен айналысып, үйдің шаруасын түзеп отыр. Әкем талай жыл бұрын дүниеден өтіп кетті, анам Құдайға шүкір жанымызда, қолымызда тұрады, – дейді  кәсіпкер Дулат Бұғыбаев.

Биыл іскер азамат   Үштөбенің маңынан 140 гектар жерді конкурсқа қатыса отырып, ұтып алып, соның 110 гектарына күнбағыс егіп қойыпты. Алдағы уақытта бидай мен сұлыны да себуді жоспарлап отыр.

– Бұл жер он бес жылдай пайдаланылмай бос тұрды. Жер демалған, сондықтан өнім жақсы түсер деген ойдамыз.  Тұқымның «Заря Востока» деген сортын  септім. Оны себуге маған осындағы ауданға танымал  диқаншы болған Жиенбол Старшинаев ақсақал кеңес берді. Әйтпесе, «Миллионник» тұқымын егуді жоспарлап, елу гектардың тұқымын сатып алып қойған едім. Бірақ ауылымыздың қадірменді ақсақалы, көпті көрген тәжірибелі диқаншы Жиенбол Старшинаев  ағамыз маған хабарласып,  «Миллионниктің»  бағасы да, оны күтіп-баптауға арналған дәрісі де қымбат екендігін, әзірге  «Заряны» егіп, соны байқап көруді айтты.  Сөйтіп, үлкендердің ақылын тыңдай келе, іске кірістім. 140 гектардан қалған 30 гектарды шабындық ретінде пайдаланамын,  –  дейді ол.

Былтыр Дулат   жеке кәсіпкерлігін ашып, оны заңды түрде жұбайының атына  тіркейді. Негізгі бағыты  егін мен мал шаруашылығы. Егіншілікпен қатар, мал   шаруашылығымен де Дулат көптен бері айналысады. Бүгінде иелігінде 20  бас ірі қара асырап отыр. Келешекте алтынбелдік кәсіпкер малдың санын арттырып, асыл тұқымды мал асырауды  көздейтінін айтады. Жаз уақытында  қолда бар мал басын Дулат жайлауға жібереді. Үйде тек сауын сиырларын ғана ұстайды.

– Ендігі кезекте шаруа қожалығын құруды жоспарлап отырмын. Ол үшін қазіргі таңда тиісті құжаттарын рәсімдеп жатырмын. Құдай қаласа,  жақын арада  қожалықты ашып қалармын. Шаруашылықты үйдегі жалғыз ұлымның есімімен  «Нұрәлі» деп атаймын, – дейді Дулат Бұғыбаев.

Іскер азамат кәсібін қолда бар қажетті техника болмаса, тиісті деңгейде жүргізе алмастығын айтады. Д.Бұғыбаевтың еншісінде қазіргі кезде бір МТЗ -82, бір МТЗ-50 мен шынжыр табанды ДТ тракторлары қосалқы құрал-саймандарымен сақадай сай жұмыс істеп тұр. Техникасының жартысын Дулат   Жиенбол Старшинаевтан  екі бөліп төлеу шартымен сатып алған. Егістіктегі биылғы өнімнен түскен қаржымен толығымен қайтарып бермек. Айтпақшы, Дулат қыс уақытында Алтынбел ауылдық округінің ауыл ішіндегі жолдарының күтімімен де айналысады.  Техникасымен Егінді, Үштөбе, Майемер ауылдарының жолдарын қардан тазартып, ауылдастарының алғысына бөленіп жүр.

– Жаз кезінде егістіктегі жұмыстарға маған Үштөбеден күйеу балам мен осындағы ауылдасым әрі досым  Медет келіп болысады. Екеуі де трактордың тізгініне отырып, қажетті жұмысты атқара береді.

Ақыл-кеңесі мен көмегін берген Жиенбол ақсақалға зор алғысымды айтамын. Ол кісінің диқаншылық істегі тәжірибесі ұшан-теңіз ғой. Алдағы уақытта  мал басын өсіруді, техника түрлерін қажетінше жаңалауды, шаруа қожалығын құрып, жүргізіп отырған ісімнің ары қарай да жемісін көруді қалаймын. Ол үшін күн-түн демей тер төгіп, аянбай еңбек ету керек. Сонда ғана кез келген істің берекесін көресің, –  дейді Дулат Бұғыбаев.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button