Техникамен 65 пайыз қамтылды

Биыл облыста 39 адам өрттен қаза тапты. Мамандардың айтуынша, бұл былтырмен салыстырғанда жеті пайыз төмен.
– Газдан улану мен жарақат алу – өте өзекті мәселе. Жазатайым жағдай көбіне түнде немесе таңға жуық – адамдар ұйықтап жатқан уақытта болады. Тұрғындар пеш орнатқанда, электр сымын тартқанда өрттен сақтану ережелерін сақтамай жатады және эвакуациялау жолдарын ескермейді. Нақты санмен айтар болсақ, өткен маусымда 665 024 адамға қауіпсіздік ережесі түсіндірілді, 212 789 ереже бұзу фактісі тіркелді, – деді төтенше жағдай департаментінің маманы.
Айта кетейік, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның онлайн отырысы өтті. Онда жылыту кезеңі қорытындыланып, жазда болатын өртке қарсы іс-шаралар талқыланды.
Баяндамашының айтуы бойынша, халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылған. Үйлеріне профилактикалық тексеру жүргізілді. Есепте пешпен жылытылатын 13 684 үй тұр. Онда көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты қарттар тұрады. Бұл үйлерде 3192 өрт хабарлағышы орнатылған.
Жаз шықты. Енді дала өрті көбейеді. Ресми мәліметке сүйенсек, көктем шыққалы 23 өрт фактісі (жанған жердің ауданы – 496 гектар) тіркелген.
– Кейінгі үш жылда жергілікті атқарушы органдар орман шаруашылықтарының арнайы техника және жабдықтармен қамтамасыз етілу мөлшерін 65 пайызға жеткізді. Орманды қорғауды «Қазавиаорманқорғау» бөлімшесі жүзеге асырады. Оған алты ұшу техникасы (Ми – 8-1 борт, Ан – 2-1 борт, Ми – 2-4 борт), бес бақылаушы-ұшқыш және 40 өрт сөндіруші-десантшы жұмылдырылған, – деді департамент өкілі.
Бүгінгі күні облыс бойынша өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде 85 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Жалпы саны 2 670 адам, 65 өрт бірлігі, 305 бейімделген техника және 3000 бірліктен астам өртке қарсы құрал-саймандар мен жабдықтар (мотопомпалар, аспалы бүріккіштер, бастапқы құралдар) бар.
Департаментте 2211 адамнан тұратын жеке құрам, 452 техника, оның ішінде 224 негізгі мақсаттағы өрт сөндіру автомобилі бар.
Тасқын Болатұлы