Тәулігіне 12 тонна сүт өндіреді

Азамат Темірбеков
Шетелден асыл тұқымды 600 бас ірі қара малын сатып алған шемонайхалық шаруашылық сауылатын сүт көлемін тәулігіне 12 тоннаға жеткізді.
Еуропадан сүтті бағыттағы асыл тұқымды сиырларды жеткізен «Рулиха» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – қазіргі уақытта Рулиха ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған іргелі шаруашылықтардың бірі. Бастапқыда 600 бас гольштин-фриздік тұқымды ірі қара алып келген шаруашылық, бүгінде оның 400-ін сауынға қойып, сүт өндірісін тәулігіне 12 тоннаға жеткізген. Бірнеше кезеңде жүзеге асырылған жоба аясында шаруашылықта қосымша төлдеу кешені, бұзауларды күтіп-бағатын арнайы ғимараты мен сауын сиырлар ұстайтын үлкен қорасы бар сауу залы іске қосылды.
Мың бас сауын сиырға арналған
– Нидерланды елінде осындай тұқымды сиыр өсірумен айналысатын фирмамен келісімшартқа отырып, 2020 жылдың желтоқсан айында 600 бас ірі қараны Рулихаға жеткізген едік. Оған дейін біз мұнда тауарлы-сүт фермасын барлық қосалқы ғимараттарымен салып, толық дайын етіп қойғанбыз. Жалпы, біздің сауын цехымыз мың бас сиырды сауа алады, – дейді «Рулиха» ЖШС директоры Серік Сағандықов.
Оның айтуынша, бірнеше жыл бойы жүргізілген жұмыстар барысында компания басшылығы мал ұстайтын кешенді түбегейлі заманауи құрылғылармен жасақтап шығуды шешкен. Атап айтсақ, сауын залын сатып алуда бір уақытта 40 сиырды саууға мүмкіндік беретін израильдік «Afimilk» фирмасының өніміне басымдық берілген. Ал сиырларды ұстап, жемшөппен қамтамасыз ететін орынның, мал тезегін тазалайтын, жарық және желдету құрылғыларын сатып алуда таңдау итальяндық «Rota Guidо» компаниясының өніміне түскен.
Нидерландтық Гольштин сиырларының басқалардан басты артықшылығы – әр бастан сауылатын сүт мөлшерінің молдығында. Яғни, бір сиырдан ең аз дегенде тәулігіне 30, ең көп дегенде 50 литрге дейін сүт сауылады. Дей тұрғанмен, табиғи жайылымда жаюға көп келе бермейтін ірі қараны күтіп-ұстаудың да машақаты баршылық. Осыған байланысты Украинадан осы бағытта тәжірибесі мол екі маманды жұмысқа тартқан шаруашылық қазірде жұмысты шығынсыз жүргізуге қол жеткізген. Нәтижесінде сауылатын сүт көлемі артып, шикізат облыс орталығында орналасқан «Восток-Молоко» және «Эмиль» компанияларына сатылады.
– Бірінші кезеңде басталған жобамыз өз нәтижесін толық көрсетті, – дейді украиналық маман Василий Кузьмин. – Жұмыстың өзіндік қиындықтары болды. Дегенмен біз бәрін жеңе білдік. Шығыста біздің фермамызда өндірілген сүтке деген сұраныс барына көзіміз жетті. Қазір өңірдегі бірнеше ірі өңдеуші кәсіпорын біздің сүтті таласып алады десем артық айтпаған болармын. Осындай бәсекелестіктің арқасында сүттің бағасы да көңілге қонарлықтай деңгейде.
Жергілікті халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін шетелдік маман тауарлы-сүт фермада кәсіби ұжымның қалыптасқанын айтады. Қазір біртіндеп жергілікті мамандарды осы іске машықтап жатқан ол, өз білгенін жұмысшыларға үйрету үшін түрлі оқыту курстарын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Мемлекеттен қолдау көріп отыр
– Бұл іске жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгеден астам қаражат құйылды. Оның 410 миллион теңгесі өз қаражатымыз болса, қалғанын «Аграрлық несие корпорациясы» жеңілдетілген несие ретінде берді. Пайыздық мөлшерлемесі 16 пайыз болғанымен, оның он пайызын мемлекет субсидиялап, қалған алты пайызын ғана біз төлейміз, – дейді Серік Сағандықов.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың жан-жақты екенін алға тартқан ол шетелден сатып әкелінген әр бас асыл тұқымды малға 400 мың теңгеден субсидия берілгенін атап өтті.
Мал шаруашылығында азықтық базаны қамтамасыз етудің де маңызды екені белгілі. Иелігінде 5,5 мыңнан астам гектар егіс алқабы бар шаруашылық мал азығын өсіруге де ерекше ден қойған. Атап айтсақ, қожалық бидай, күнбағыс пен арпа дақылдарынан бөлек, сиыр сүтін молайтып, майлылығын арттыратын жоңышқа, сүрлемге жабылатын жүгері сияқты мал азықтық дақылдарды өсіруді де арттырған.
Тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істейтін тауарлы-сүт фермада қазір жиыны 42 адам жұмыс істесе, сауын цехындағы сауыншылар мен операторлар екі ауысымда қызмет етеді. Шаруашылық басшысының айтуынша, жұмысшылардың ауысыммен жұмыс істеуі компанияға да, қызметкерлердің өздеріне де тиімді көрінеді.
– Шетелдік құрылғылар сауу үрдісін барынша жеңілдетіп, жұмысшы санын тиімді мөлшерде ұстауға септігін тигізді. Қазіргі кезде сауын цехында бір ауысымда екі сауыншы мен бір оператор ғана еңбек етеді, – деп қосты Серік Сағандықов.
Екінші ферма салынып жатыр
Ірі қара санының көбеюіне байланысты қазіргі уақытта қол қусырып отырмауды жөн көрген шаруашылық басшылығы екінші тауарлы-сүт фермасын салуға кіріскен. Жаңа ферма алдағы уақытта Еуропадан қосымша әкелінетін 480 бас сауын сиырға шақталған. Бүгінде қабырғалары толық қаланып, шатыры жабылған, ішкі әрлеу жұмыстары тәмамдалуға жақын, кешенге әзірге шаруашылықтың өз қаражаты ғана құйылған. Дей тұрғанмен, жеңілдетілген несие алу мақсатында бес миллиард теңгеге жоба әзірленіп, тапсырыс беріліп қойған.
– Жаңа фермамыз Нидерландтан қосымша әкелінетін асыл тұқымды сиырларға арнап салынуда. Биыл барлық жұмыстарды сәтті аяқтасақ 260 бас ірі қараны жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Ал қалған 220 басты келер жылдың көктемінде әкелеміз деген ойдамыз. Осылайша, сауын сиырлар санын белгіленген қуаттылыққа, яғни 1080 басқа жеткізуді көздеп отырмыз, – дейді Серік Сағандықов.
Бүгінде кәсібін өрге дөңгеленткен шаруашылық Рулиха ауылындағы әлеуметтік мәселелерге де жәрдемдесуді ұмытпайды. Ауыл халқын жұмыспен қамтыған қожалық, жергілікті білім ордасына, аз қамтылған отбасыларына қол ұшын созып отырады. Оған қоса, қазіргі уақытта 30 балаға арнап балабақша ашып, жеті жұмысшының отбасын жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз еткен.