Тәуелсіздікке жол ашып берді

Осыдан отыз екі жыл бұрын Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Осы құжаттың негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігімізге қол жеткізген едік. Бұл заңнамалық құжаттың еліміз үшін маңызы зор, қазақ тарихындағы орны ерек. Декларация Қазақстанның егемендігін, аумағының бүтіндігін және бөлiнбейтінін жариялады, қазақ халқының төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамытуды мемлекеттің аса маңызды мiндеті деп бекітті.
«Мызғымас» одақтың қабырғасы сөгілді
Сексенінші жылдардың аяғы Кеңес одағы үшін аса қиын кезең болды. Соңғы басшысы Михаил Горбачевқа мұраға қалған көнерген және қабілетсіз кеңестік «мемлекеттік машина» сыр бере бастаған еді. Ауыр да жүйелі дағдарыс күрделене түсті. Сом құнсызданып, дүкен сөрелері босап қалды, негізгі азық-түлік талонмен берілді.
Бұрыннан да мәз емес ұлтаралық қатынастар тіптен шиеленісті. Кеңес одағының республикаларында тәртіпсіздіктер туындап, дүрдараздық қантөгіс пен соғысқа ұласты, ондаған, жүздеген мың адам босқынға айналды, ал оқиғаның бұлайша өрбуіне әзір емес билік толықтай дәрменсіздігі мен жағдайды бақылауда ұстай алмайтынын көрсетті.
90-шы жылдардың басынан республикаларда одақ құрамынан шығып, тәуелсіздік алуға ұмтылған саяси қозғалыстар пайда болды. Алдымен Балтық жағалауындағы үш ел – Литва, Латвия, Эстония шықты одақтан, кейін Грузия мен Әзірбайжан егемендігін жария етті. Сол бір қиын-қыстау кезеңде біздің елімізде де «Қазақстанның тағдырын қазақстандықтар өздері шешуі керек» деген берік ұстаным орныға бастаған-ды.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның XII шақырылған Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдап, республика Конституциясының және оның заңдарының пәрменділігін мәлімдеді. Қазақстан – халықаралық құқық субъектісі, ал Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі деп жарияланды.
Шынтуайтына келгенде, декларация құқықтық емес, саяси құжат болды. Оның ережелерінің ешқандай заңдық күші болған жоқ. Қазақстанның егемендігіне тек конституциялық акт қана заңды негіз бола алатын еді. Десе де, декларацияның баға жетпес символдық мәні бар болатын, ол бізге тәуелсіздікке бастайтын жолды ашып берді.
Декларация жобасы қызу талқыланды
Мемлекеттің егемендігі туралы декларация 1990 жылы қоғамдағы жағдайды барынша шиеленістірді. Халық депутаттары арасынан Парламент жұмысын жандандыруға баламалы қозғаушы күш болу мақсатында «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы құрылды. Олар ұсынған «Егемендік туралы декларацияның» баламалы жобасы республикалық және одақтық баспасөз беттерінде ерекше дүмпу тудырды.
Жоба авторлары көпэтносты қоғамда ұлттық мемлекеттілік тұжырымын жүзеге асыру жағымсыз салдарға әкеледі деп санады. Ұлттық республиканың орнына азаматтық қоғам құрылуы тиіс деген ұстанымда болды. Қазақ зиялылары «егемендік алдымен тілге берілсін» деген ұсыныс тастады, кейбірі декларация жобасы тіл туралы заңға қайшы келіп тұрғанын айтып, дабыл көтерді. Тіл туралы заңда орыс тілі Қазақстан жерінде ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп жарияланған болатын. Декларация жобасын жасаушылардың оны ресми тіл деп өзгертіп жібергені сынға алынды. Ғалымдар орыс тілін Қазақ КСР-інде ресми тіл деп жариялау қазақ тілінің мемлекеттік статусын жоққа шығарумен пара-пар екенін, өзі көктеп, өркен жайған туған топырағында қазақ тілінің ресми тіл болуға да әбден құқығы бар екенін дәлелдеді.
Декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін құрылған комиссия мүшесі депутат Сұлтан Сартаев «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттардың «ұлттык республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне қарсылық білдірді. Депутат әлемдік тәжірибеге сүйене отырып: «Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен. Англия – кұқықтық мемлекет. Алайда ол – ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония, басқа да көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты сонау ерте дәуірден тілі, ділі калыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», – деген түсінік берді.
Келешекте республика өмірінде аса маңызды рөл атқаратын бұл құжат жобасы қызу талқыланды. Парламент мүшелері декларацияның әрбір сөйлеміне, сөзіне жете мән беріп, айтылған ұсыныстарды сол бойда дауысқа салып отырды.
Тәуелсіздіктің іргесін қалаған құжат
Иә, тарихи құжат – егемендік туралы декларация Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды.
Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін рәсімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдауын үнемі тежеп отырды, сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу азаматтық ержүректіліктің көрінісі болды.
Құжатты дауысқа салу кезінде 261 депутат қолдау білдіріп, 18 депутат қарсы шықса, екі адам қалыс қалды, бір депутат дауыс бермеді. Дауыс беру нәтижесінде Жоғарғы Кеңес декларацияны қабылдады.
Қабылданған декларация барлығы 17 тармақтан тұрды. Негізгілеріне тоқталып өтуді жөн санадық.
Айталық, декларацияда алғаш рет Қазақ КСР мәртебесі одақтағы өзге егемен республикалармен ерікті түрде бірігетін және олармен келісімшарт негізінде өзара қарым-қатынас жасайтын егемен мемлекет ретінде аталды.
Қазақ КСР-нің ең маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті нығайту және қорғау, сақтау, қазақ халқы мен Қазақстанда тұратын өзге де ұлыстардың ұлттық құндылықтарын нығайту және өзіндік мәдениеті мен дәстүрін, тілін жаңғырту және дамыту деп бекітілді.
Қазақ КСР аумағы бөлінбейді, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім де пайдалана алмайды деп көрсетілді.
Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің барлық атрибуттары белгіленді – жеке аумағы мен азаматтығы, республика ішінде мемлекеттік биліктің үстемдік құруы, меншік формаларының сан алуандығы, жеке мемлекеттік бюджет және қаржылық-несиелік жүйе, ішкі жеке әскердің болуына құқығы, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдары, халықаралық қатынастарда өзіндік субъект ретіндегі құқығы, сонымен қатар мемлекеттік егемендіктің белгілері – елтаңба, ту және әнұранының болуы.
Декларация отанымыздың тарихында Қазақстанды дербес, егемен мемлекет ретінде анықтаған конституциялық мәндегі алғашқы жаңа акті болды және ұлттық заңды жасауға негіз болды.
1991 жылы 16 желтоқсанда декларация қағидаттары негізінде «Қазақстанның тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Республика күні ұлттық мерекеге айналды
Сонау 1992 жылдан бері 25 қазанды еліміз «Республика күні» мейрамы деп атап келген болатын. Мемлекеттік мерекелер тізіміне 2001 жылы енгізілді. Содан ресми түрде сегіз жыл ғана тойланды.
2009 жылы мереке ресми мейрамдар тізімінен алынып тасталды. Жұрт бұл қадамға таңғалды, себебі оны жоюға еш қажеттілік жоқ еді. Қайта тынығуды жаны сүйетін халық бір демалыс күнінен айырылып қалғанына қамықты. Республика күнін ел кеңінен атап өтетін. Азаттықты ұлықтайтын сөздер айтылып, түрлі концерт, фестиваль ұйымдастырылатын. Бұл бодандықтан арылып, бостан күнге жеткенімізді, ата-бабаның аңсарлы арманының орындалғанын кезекті рет дәріптеудің жақсы мүмкіндігі еді.
Биыл жазда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынған еді.
– Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Қазанның жиырма бесі күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Егемендік күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Ол тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтілуі керек, – деген болатын Президент.
Осылайша, ел Президенті 29 қыркүйекте 25 қазанды ұлттық мереке ретінде бекіту туралы заңға қол қойды.
Биылдан бастап Республика күні қайтадан тойланатын болды.
Әзірлеген – Ержан Әбіш