Қоғам

Әтеш неге мойнын созып шақырады?

Әтеш неге мойнын созып шақырады?


Босағамыздан аттап келе жатқан 2017 жаңа жылдың иесі – тауық жайындағы көпшілік біле бермейтін қызықты деректермен бөлісуді жөн көрдік.

Әтеш мойнын созбаса, дауыс шығарып шақыра алмайды. Ал адам әтештің шақырғанын екі шақырым қашықтықтан естиді.

* * *

Жұмыртқа түсінің ақ немесе қоңырлығы оны тапқан тауықтың түсіне байланысты екен. Ақ тауық негізінен ақ жұмыртқа тапса, түрлі-түсті тауықтардың жұмыртқасы қоңыр болып келеді. Алайда, бұл жұмыртқалардың құрамы мен дәмінде ешқандай өзгешелік болмайды.

* * *

Үй құстарының саны жер бетіндегі адамдардың санынан асып кетеді. Былайша айтқанда, әрбір адамға үш құстан келеді екен.

* * *

Тауықта да сезім бар дегенге сену қиын. Бірақ британиялық орнитолог Джо Эдгар үй құстарының көңіл күйінде өзгерістер болатынын анықтаған. Сондай-ақ, кез келген тауық топтан бөлініп жалғыз қалған жағдайда, көңіл күйі түсіп кететіндігі бұрыннан белгілі.

* * *

«Тауықтың миындай ми жоқ» деген бекер сөз екен. Шын мәнінде тауықтар мен әтештердің түйсігі өздеріне қажетті деңгейде жұмыс істейді. Олардың миы жүзден астам түрдің (басқа тауықтардың, адамдардың) ерекшелік сипаттарын есте сақтай алады. Сондықтан тауықтар өзіне жақсылық, яки жамандық қылған адамды ұмытпайды. Бұған қоса бұл құстар арифметикалық есеп пен геометриялық фигураларды да ажырата алатын қабілетке ие.

* * *

Жабайы тауықты адамдар алғаш рет қолға біздің дәуірге дейінгі III-II мыңжылдықта Үндістан жерінде үйреткен.

* * *

Тауықты гипноздау оңай, кейбір жан-жануарлар сияқты олар өз өміріне қауіп төнгенде, өліп қалғандай кейіп таныта алады.

* * *

Майкл деген әтеш бассыз бір жарым жыл өмір сүргенін біреу білсе біреу білмейді. 1945 жылы американдық фермер Майклдың басын шауып тастаған. Бірақ әтештің миының жартысы мен бір құлағы қалады. Мұны көрген иесі әлгі құсқа жаны ашып, қайтадан асырауға ниеттенген. Дән мен сүтті фермер арнайы құрылғы арқылы беріп отырған. Сөйтіп, басы жоқ әтеш бір жарым жыл өмір сүреді.

Қуан Сейіт

Осы айдарда

Back to top button