Қоғам

Тергеу ісін сапалы жүргізеді

Катонқарағай аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Шолпан Байжұминова өзінің ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2012 жылы  Риддер қаласындағы ішкі істер бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы болып бастаған.

Семейдегі ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің алғашқы даярлық курстарын аяқтаған соң, Шолпан 2013 жылдың желтоқсанында Катонқарағай аудандық полиция бөліміне кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы болып ауысады.

2015 жылы Ш.Байжұминова әкімшілік практика аға инспекторы болып тағайындалса, 2021 жылдан бастап тергеу бөлімінде аға тергеуші ретінде еңбек етіп келеді.

Жас тергеуші Қазақстан-Американ еркін университетін, кейіннен Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Бұдан кейін ол ҚАЕУ-дің заңгерлік факультетінің сырттай бөлімін де ойдағыдай бітіріп шығады. Бүгінгі заман талабына сай ол осылайша үш тілді де меңгеріп, өзінің еңбек жолында сәтті пайдалана білуде.

Тергеу жұмысында  білімді болу жеткіліксіз, бұл салада адамда  тапқырлық, жоғарғы түйсік пен қисынды ойлау сияқты қасиеттер болуы абзал. Сондай-ақ осы бір жауапты мамандық жолында жаныңда әрқашан көмек қолын созып, ақыл-кеңесін айтып отыратын тәжірибелі әріптестерің болғаны да жақсы.

Ауданға жұмысқа келе қалған уақытта Шолпанның жанынан  өзінің ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөліскен сол кездегі аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жандос Қайсанов табылды.

– Бүгінде Жандос Мырзаханұлы құрметті зейнет демалысына шықты. Қазіргі таңда өзінің кәсіби көмегін маған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Айбек  Алтайбеков, аға тергеуші, полиция майоры Медет Олкенев пен басқа да әріптестерім беріп жүр. Ұжымдағы писхологиялық ахуал да біздің жұмыста маңызды орын алады,  – дейді Шолпан.

Тергеушінің міндетіне күдіктінің қылмыстық  кінәсін дәлелдеу мен қылмыстық істі қарау кіреді. Бірақ басты міндеті процессуалды-тергеу процесі қатысушыларының құқықтары мен бостандығын сақтау  болып табылады.

Жас тергеушінің алғашқы қылмыстық ісі ұрлықпен байланысты болды. Көліктен әйел адамның сөмкесі ұрланған еді.  Қылмыстың ізін суытпай жедел уәкілдер бұл істі тез арада аша білді. Кінәлі адам  дереу ұсталып, ұрланған зат табылады. Қылмыскер өз кінәсін мойындайды.

– Тергеу барысын жүргізуге он күн жұмсалды. Тергеу ісі құжаттары сотқа жіберіліп, кінәліні екі  жылға бас бостандығынан  айырды. Өткен жылы шілдеде Алтынбелден шақырту түсті. Азамат Д. мен азамат А. екеуара сөзге келіспей,  біріншісі екіншісіне пышақ сұғып алған. Мен, криминалист, полиция аға лейтенанты Мерей Токенов пен жедел уәкіл, полиция капитаны Мақсұт Мырзабеков  үшеуіміз жағдай орын алған жерге жеттік. Дау шығарған кінәлі адам ұсталды. Тергеу барысында бізге қателік жібермей, дұрыс шешім қабылдау қажет болды. Кінәлі деп табылған азаматты сот үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Біздің мамандық өте жауапты, қателікке мүлдем орын жоқ. Себебі тергеуші де өз тарапынан адамдардың тағдырына жауапты, сондықтан мұнда өзіңнің барлық білім-білігіңді дұрыс пайдалана білу керек,  жазықсыз адамды қылмыстық жауапкершілікке тартпас үшін сауатты әрі объективті түрде шешім қабылдау қажет, – дейді тергеуші.

Ағымдағы жылдың алты айында аға тергеуші Ш.Байжұминова сотқа жолдау үшін прокуратураға айыпталушы ретінде тартылуға жататын адамдарға қатысты  тоғыз  іс  жіберді.  Қылмыстық кодекстің түрлі баптары бойынша бірқатар қылмыстық істерге қатысты тиісті жұмыс әлі де жалғастырылуда.

Биылғы жылдың  сәуірінде Тергеу күніне орай Шолпан Мұратбекқызы  қылмыстық істерді сапалы жүргізгені үшін облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасарының грамотасымен марапатталды.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы. 

Осы айдарда

Back to top button