СпортТОП

Теннис турнирінің жеңімпазы анықталды

Өскемен қаласында теннистен өткен халықаралық Kazzinc Open Ust-Kamenogorsk W25 жарысы өз мәресіне жетіп, турнирдің бірінші ракеткасы атағын белоруссиялық теннисші қыз Анна Кубарева жеңіп алды.

Жүлде қоры 25 мың долларды құрайтын халықаралық әйелдер арасындағы турнир 8-нен 14-ші тамызға дейін Өскемендегі «Smash» теннис орталығында өткізілді. Оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Израиль, Үндістан сынды мемлекеттерден келген ТОП-200 әлемдік рейтингіне енетін 32 спортшы қатысты. Аталмыш турнирге Қазақстан атынан бес спортшы қыз қатысса, оның екеуі шығысқазақстандық теннис мектебінен тәлім алған спортшылар болды. Атап айтсақ, 18 жасар Татьяна Николенко жасөспірімдер арасындағы Уимблдон кубогына қатысса, 14 жасар Малика Әмірғалиева бұған дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып үлгерген жас спортшы.

Спорттық іс-шараға өңіріміздегі ірі металлургиялық компаниялардың бірі – «Казцинк» кәсіпорны демеушілік жасады.

– Спортшылардың барлығы әлемдік ТОП-200 рейтингіне енетін спортшылар болғандықтан өте мықты. Ал біздің «Smash» теннис орталығымыз осындай деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи құрылғылармен жабдықталған, – дейді «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Турнирде спортшылар жүлделі орынға ғана емес, сонымен қатар оларға басқа да беделді жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпайлар үшін де таласты.

Теннис спортымен айналысқанына 18 жылдың жүзі болған ресейлік спортшы Екатерина Казионова WTA рейтингінің алғашқы спортшыларының бірі болып саналады. Осы себепті, оның есімі Kazzinc Open Ust-Kamenogorsk W25 турнирінің негізгі сеткасында бірінші орналасқан.

– Әр турнирде мықты қарсыластар бар, онсыз бола ма? –дейді Екатерина Казионова. – Өскемен қаласында бұрынырақта болып, жасөспірімдер турниріне қатысқан болатынмын. Теннис орталығы барлық халықаралық стандарттарға сай әрі мұнда әлемдік масштабтағы жарыстар өткізуге барлық жағдайлар жасалған екен.

Жарыстың ақтық сынында Берарусь елінен келген Анна Кубарева мен ресейлік Татьяна Баркова кортқа шықты. Көрерменге тақым қыстырған бірнеше сет ойыннан соң теннис додасының жеңімпазы әрі турнирдің бірінші ракеткасы атағы белоруссиялық теннисші қыз Анна Кубареваға бұйырды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button