Қоғам

Теннис добының үлкендігіндей тасты алып тастады

Өскемендік хирургтар ер адамның қуығынан теннис добының үлкендігіндей тасты алып тастады. Облыс орталығының тұрғыны, 60 жастағы ер адам урология бөліміне жедел түскен. Диагностика зерттеулеріпациенттің қуығында диаметрі 5,5 сантиметр болатын ісік барын анықтап, дәрігерлер дереу операция жасау туралы шешім қабылдайды.

Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың урология  бөлімшесінің дәрігері, уролог-андролог Руслан Исаханов отаның күрделілігі ісіктің көлемінде ғана емес, формасында да болғанын айтты: әдетте қуықта жиналған тастар тегіс болса, бұл кісінің тастары “тікенектермен” жабылған. Дегенмен, операция сәтті өтіпті.

—Орталық дәрігерлері пациентті қатты ауырсынудан арылтып, оның өмір сүру сапасын едәуір жақсартты. Пациентке дұрыс диета тағайындау үшін алынған тас химиялық талдауға жіберілді, —дейді  уролог-андролог.

Ер адамға барлық көмек  МӘМС аясында тегін көрсетілгенін айта кеткен жөн. Науқас екі күннен кейін ауруханадан шығарылды, жағдайы тәуір.

Мамандар  бөлімшеде жылына орта есеппен осындай 50-70 ота жасалатынын айтады. Көп жағдайда көлемі 1,5 см-ден  аспайтын ұсақ тастар кездеседі де, олар әдетте лазермен ұсақталады. Үлкен тастар тек ашық операциямен алынады.

-Цистолитиаз – бұл қуықта тастардың пайда болуы. Бастапқы цистолитиаз кезінде тастар тікелей қуықта жиналады. Қайталанған цистолитиаз кезінде тастар бүйректен немесе несепағардан сол жерге көшеді. Қуықтағы тастар кез келген жыныстағы және әртүрлі жастағы науқастарда кездесе береді. Бірақ көбінесе бұл аурумен ер адамдар ауырады. Бұл орайда тәуекел тобына мектеп жасына дейінгі ұлдар мен 50 жастан асқан ер адамдар кіреді, — деп түсіндірді дәрігерлер. 

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button