Қоғам

Теннің теңдессіз жеңісі

Теннің теңдессіз жеңісі


Медеу мұз айдынындағы рекорд, Теннің теңдессіз биі, шорт-тректен алған алғашқы қола қазақстандық жанкүйерлердің төбесін көкке жеткізіп, Универсиаданың қызығын қыздыра түсті.

Дүбірлі бәсекенің кезекті жарыс күнін конькишілер бастап берді. Теңіз деңгейінен 1600 метр биікте жатқан «Медеудің» әйгілі мұз айдынында қыздар бес мың, ұлдар бір мың метрге жүгіріп, «кім мықтыны» анықтады. Қыздар арасындағы ақтық кезеңге жарыс қожайындары атынан жалғыз Татьяна Климчук қатысты. Алайда, ол іріктеу сындарынан іркілмей өткенімен, финалда бар-жоғы тоғызыншы нәтиже көрсетті. Бұл бәсекеде чемпиондық атақ белорус қызы Марина Зуеваға бұйырды. Бес мың метр қашықтықты жеті минут 20.11 секундта зулап өткен конькиші «Медеу» мұз айдынының рекордын жаңартты. Күміс медальды жапон аруы Нене Сакаи иеленсе, қола жүлдеге кореялық Жиңсу Лимд қол жеткізді.

Ерлер арасындағы жарыста екі бірдей қысқы Олимпиадаға қатысқан, Әлем Кубогының кезеңінде топ жарған тәжірибелі отандасымыз Роман Креч өзіне артылған жанкүйерлер сенімін ақтай алмады. Бір мың метрлік сайыста ол тек сегізінші орынға табан тіреді. Оңтүстіккореялық Микю Ча бірінші, голландиялық Мартин ван Остин екінші, жапон жігіті Рю Косака үшінші орындарды иеленді.

Осы күні «Алматы аренаға» қарай ағылған адамдар қарасы әдеттегіден тым көп болды. Олардың бәрі – мұз үстінде мәнерлеп сырғанаудан финалдық сайысты тамашалауға келген жанкүйерлер. Дұрысы, ел намысын қорғайтын Денис Тен мен Абзал Рақымғалиевқа қолдау-қошемет көрсетуге жиналған-ды. Он екі мыңдық алып сарайда бос орын табылсашы. Ал енді аренадағы атмосфераны айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек сол жерде тұрып сезіну керек.
Финалға барлығы 24 үміткер қатысты. Қысқа бағдарламада жинаған ұпай көрсеткіші бойынша ең төменгісінен бастап спортшылар кезекпен шығып отырды.
Нәтижесінде ең соңғы болып өнер көрсеткен Денис Тен өзінің керемет бағдарламасымен залды лық толтырған жанкүйерлерін де, қазылар қауымын да таңдай қақтырды. Теннің теңдессіз биіне, актерлік шеберлігіне анау-мынауға иліге бермейтін төрешілердің өзі қол соғып, қошемет білдірді. Рас, бұл кеш Денистің кеші болды. Мұз үстінде еркін қимылдап, күрделі қадамдарға тәуекел еткен оның жоғары деңгейдегі өнерін бәсекелестері де мойындады. Сөйтіп, екі бағдарлама қорытындысында 266,97 ұпай жинап, Универсиада чемпионы атанған Денис Тен құрама қоржынына оныншы алтын медальды салды.

– Өз еліңде өнер көрсетудің жауапкершілігі қашан да жоғары ғой. Аздаған қобалжу болды бойымда. Дегенмен, жанкүйерлерімнің қолдауымен бұл сыннан сүрінбей өттім. Қуаныштымын, маған сенім артқан бәріне алғыс айтамын. Менің ендігі мақсатым – 2018 жылғы қысқы Олимпиадада олжа салу. Сол үшін қазірден бастап жаңа бағдарламаны жақсылап меңгеріп, тынбай жаттығудамын. Бүгінгі жеңісім де сол – бапкерім Николай Морозовпен бірге төккен тердің жемісі, – деп түсіндірді Денис Тен.

Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан күміс медальды жапон спортшысы Кэйдзи Танаке еншілесе, қола жүлдемен швециялық Александр Майоров марапатталды. Ал 204,23 ұпай жинаған Абзал Рақымғалиев 12-ші орынға жайғасты.

Жерлесіміз Галина Вишневская бастаған биатлоншылардың тағы да қанжығалары майланды. Бұл жолы аралас эстафетаға шыққан екі ұл, екі қызымыз күміс медальды қанағат тұтты. Жалпы, чемпион атануға мүмкіндік бар еді. Әттең, жігіттеріміз жігер таныта алмады. Уыста тұрған алтынды өздері бере салды. Олай демеске амалымыз жоқ. Сөреден бірінші шыққан Галина нысана ату кезінде екі рет мүлт кеткенімен, алдына қара салмады. Қара салғаны былай тұрсын, ізінен қуған бәсекелесін жарты минутқа дейін «қар қаптырып» келген. Бұл басымдықты екінші қызымыз Дарья Усанова еселей түсті. Нысана атуда бірде-бір рет қателеспеген керекулік биатлоншы эстафета кезегін жігіттерге тапсырғанда, екінші келе жатқан ресейліктермен арадағы уақыт айырмашылығы бір минуттан асып кеткен. Алайда, Василий Подкорытов пен Антон Пантов басымдықты қолдарында ұстап тұра алмады. Шыны керек, жігіттердің мергендігі де, шаңғымен жүгіру жылдамдығы да көңілге қонбады мүлдем. Сырт көзге тіпті, олардың жеңіске деген жігер-құлшынысы тым әлсіз секілді көрінді. Есесіне ресейліктердің алға ұмтылысы айрықша байқалды. Соның арқасында солтүстіктегі көршілеріміз бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын біздің квартетке бұйырса, үздік үштікті Украинадан келген студенттер түйіндеді.

– Биылғы Универсиада ойындарында басты бәсекелесіміз қазақстандық биатлоншылар болатынын біз алдын ала білдік және қателеспеген екенбіз. Қазақ биатлоншылары өте мықты, мойындаймыз. Оларға тек қобалжымай, өздерін жинақы ұстап, мүмкіндіктерін тиімді пайдаланса жетіп жатыр. Әрине, өз елінде өтіп жатқан жарыста жауапкершілік жүгі ауыр болатыны түсінікті. Әйтсе де, психологиялық тұрғыдан сынып кетпеу керек. Қателіктерге жиі жол берудің себебі сондықтан. Ал өзімізге келсек, бәрі ойлағандай орындалып жатыр, – дейді аралас эстафетада алтын медаль алған ресейлік команданың өкілі Сергей Коростылев.

«Балуан Шолақ» спорт сарайында шорт-тректен алғашқы медальдар сарапқа салынды осы күні. Мұздағы ұшқырлар жарысында кәрістерге тең келер ешкім табылмады. 1500 метр қашықтыққа жүгіруде кореялық қыз-жігіттер жүлдені қырып әкетті. Екеуінде де алтын және күміс медальдарды осы елдің өкілдері иеленді. Бір қуанарлығы, жігіттер арасындағы бәсекеде Нұрберген Жұмағалиев үшінші нәтиже көрсетіп, қола медальға қол созды.
Қыздар арасындағы сайыстың қола жүлдесі жапон қызы Кикуши Моемиге бұйырды.

– Бұл қашықтықта кәрістерді жеңу қиын. Өйткені, 1500 метр – олардың оң жамбасына келетін дистанция. Дегенмен алда әлі 500 және бір мың метрге жүгіруден жарыс бар. Осы қашықтықтарда барымызды саламыз. Бұл – біздің қашықтық. Бұйыртса алтын медаль алуға мүмкіндігіміз жетіп тұр, – деді қола жүлдегер Нұрберген Жұмағалиев.

Полторанин неге көрінбей кетті?

Хош, сонымен әлемді дүрліктірген Алматыдағы қысқы Универсиада ойындарының аяқталуына небәрі екі күн қалды. Әзірше жерлестеріміздің аяқалысы жаман емес.

Қазақстан құрамасының қоржынында – 10 алтын, 3 күміс, 10 қола алқа. Ал көш басындағы Ресей дүйсенбі күнгі нәтиже бойынша 19 алтын, 20 күміс, 12 қола медальмен қара үзіп кетті. Мына қызықты қараңыз, Оңтүстік Корея бізді қуып жетіп қалды. Олар 7 алтын, 3 күміс, 3 қоламен үшінші орынға тұрақтады. Күншығыс елінің шорт-тректен мықты екенін ескерсек, қалған бір-екі күнде ұл-қыздарымыздың намысты жани түскені жөн.

Алматыдағы аламанда жігіттеріміз ерлеп тұр. Мұның алдында 18 жасар шемонайхалық Иван Люфтің алтыннан алқа таққанын газетімізде жазғанбыз. Риддер спорт мектебінің түлегі, қазір басқа облыс сапында өнер көрсетіп жүрген Анна Стоян, Анна Шевченко да қола медальды иеленгенде, бөркімізді аспанға атып қуандық. Бірақ бізге керегі – алтын. Алғашқы үштікке енсек деп армандаған едік, бірінші орынды солтүстіктегі көршіміздің бермейтіні белгілі болды. Енді екінші орынға мықтап тұрақтасақ, абыройдың асқаны. Сенбі күні шаңғыдан эстафеталық жарыста Олжас Климин мен Анна Шевченко айды аспанға шығарды, мәртебемізді өсірді. Олар алтыннан алқа тақты.

Алайда, Кенді Алтайдан барған шаңғышылардың барлығы жақсы нәтиже көрсетті деп айта алмаймыз. Мәселен, Универсиадада бес бірдей саңлағымыз өнер көрсетуде. Олар: Иван Люфт, Әсет Дүйсенов, Анжелика Тарасова, Марина Матросова, Екатерина Фисун. Әзірше Иван Люфт қана жанкүйерлерін қуантты. Ал қалғандары медальды қойып, алғашқы ондыққа іліге алмауда. Осындайда, қызығы көп қысқы спорты ерекше дамыған Шығыстың шаңғышы ұл-қыздары еске түседі. Олардың көбі қазір спортпен қоштасқан. Оксана Яцкая, Елена Коломина, Светлана Малахованың ізбасарлары қайда кеткен? Бұлар 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарында Қазақстанның атағын төрткүл әлемге паш еткен. Бір Алексей Полтораниннің өзі бір команданың жүгін арқалаған. Алексейдің Әлем чемпионаты мен Әлем кубогының кезекті кезеңдерінде сан рет топ басында болғанын ұмыту қиын.
Саңлағымыз Азия ойындарында 4 алтын, 1 қоланы олжалаған. А.Полторанин соңғы кезде неге көрінбей кетті? Біз осы және Универсиададан не күтеміз деген сауалды шаңғы спортынан Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Батяйкинге қойған едік.

– Соңғы кезде кейбір ақпарат құралдарында Алексей Полторанин елден басқа жаққа кетеді деген сыбыс тарады. Алайда, бұл – жалған ақпарат. Алексей – әлемдік деңгейде ойып тұрып орын алатын ғаламат шаңғышы. Оның арманы – шаңғы спортынан өтетін Әлем чемпионатында чемпион атану. Ол Әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған. Ар жағында келесі жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, медаль алуды көздейді. Рас, ол бірнеше жылдан бері құрамадан тыс жеке өзі дайындалып жатыр. Олимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы Андрус Веэталу, Мати Алавер Алексейді баптауда. Оған барлық жағдай жасалды. Демек, талантты атлеттен жоғары нәтиже күтеміз. Құрамадағы Сергей Малышев, Марк Старостин, Анна Шевченко, Иван Люфт, тағы басқалар үмітті ақтайды деген пікірдеміз. Командада резерв жоқ емес, бар. Мәселен, бір ғана Риддердегі дарынды балаларға арналған қысқы спорт мектеп-интернаты-колледжінде жүздеген таланттар тәрбиеленіп жатыр. Сондай-ақ, Ақмола облысы мен Солтүстік Қазақстан, Қостанайда да жасөспірімдер шаңғы, биатлонға қызығушылық таныта бастады, – деді бас бапкер.

6-шы ақпанда тау шаңғысы, конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, фристайлдан жарыстар өтеді. Шаңғыдан бүгін 2, ал 7-ақпанда 1 комплект медальдар сарапқа салынады. Галина Вишневская өзі ұнататын масс-старттан алтын алқа алса деген ойдамыз. Шаңғыдан ерлер мен әйелдер эстафетасында да топ басынан көрінуге мүмкіндік бар.

Тағы бір күміс қолда

Алматыда ауа райы ашық, сәл шыңылтыр аяз бар. Әрине, оңтүстіктің бетті шымшытар суығын Астананың сақылдаған сары аязымен салыстыру ретсіз.
Универсиадада болған он күнде тұманды да жаңбыр мен толассыз жауған қарды көріп, ауа райына көндігіп қалыппыз. Оның үстіне алматылықтар мұндай қалың жауған ақша қарды көрмегелі талай жыл өтті дейді. Дүйсенбі күні Талғардың жоғары жағындағы Солдат сай (Алатау спорт кешені) қойнауына келдік.

Шаңғыдан өткен қыздар арасындағы 3х5 сайыс тартысты өтті. Бастапқыда қыздарымыз алға түскен еді, бірақ тәжірибелері мол ресейлік әріптестер есе бермеді. Қара үзіп алға шықты. Ресейдің қыздар командасы бұл жолы да мықтылығын танытып, 42.25.1 минут уақытымен чемпион атанды. Ал құрамында Анна Шевченко, Ольга Мандрика және Ирина Быкова бар біздің желаяқтар 43.17.2 уақытымен күміс медальды иеленді. Франция құрамасы үшінші орынды қанағат тұтты. Енді екі сағаттан кейін ерлер арасындағы эстафетада жігіттеріміз күш сынаспақ. Алтын алуға мүмкіндік бар, бірақ спортта неше түрлі жағдайлар орын ала береді.

Оңдасын Елубай,
Есімхан Орынбаев (фото),
Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button