РУХАНИ ЖАҢҒЫРУӨнегелі өмір

«Тәңірідей табындым өлеңге кеп…»

Мейрамтай Иманғали

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз Бақытжан Раисованың «Тәңірідей табындым өлеңге кеп…» атты поэзиялық жыр кеші өтті. 

Әдеби кеш айтыскер ақын Қуаныш Еркінұлының ақынға арнау өлеңімен ашылды. «Бақытжан Раисова, мен өзіңді Шығыстағы Фариза деп білемін», – деген Қуаныш ақын  апасының мерейін бір көтеріп тастады. Десе де Бақытжан Раисованың қазақ поэзиясында өзінің жолы, өзінің қолтаңбасы бар екені сөзсіз. Сонау бойжеткен кезінде-ақ балауса өлең-жырларымен поэзия сүйер қауымды елең еткізген Бақытжан ғой бұл. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғафу Қайырбековтің өзі  «Мен Бақытжанның балдырған дауысты өлеңдеріне шын қуаныштымын. Жас ақындар осылай жазса керек.  Бұл өлеңдерде ақындық сезім, ол туғызған өрнек бар», – деп талапты жастың болашағынан үміт етіп, ақ жол тілеген екен.

Сол Бақытжан бүгінде қазақтың белгілі ақын қызы атанды. Оның «Ай мен Алтай», «Сезім сәулесі», «Шағылға біткен шынармын», «Кәусар дүние», «Жердің күн беті» атты кітаптары оқырман қауымның сүйікті кітаптарына айналды.

Кеш барысында Бақытжан Раисова өзінің поэзия әлеміне қалай келгенін, алғашқы жыр жинағының қашан, қалай шыққаны жайлы кеңінен толғады. Залдағы жиналған қауымға  Алтайдың «Кербұғысы» атанған Оралхан Бөкеймен кездесуі, онымен шығармашылық байланысы туралы естелік әңгімелерін айтып берді.

Жазушылар одағының Шығыс Қазақстандағы филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев, қоғам қайраткері, әдебиет пен мәдениеттің жанашыры Түсіпхан Түсіпбеков, абайтанушы ғалым Айжан Қартаева, облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ш.Лақаева, тағы басқалар Бақытжан Раисованың шығармашылығы туралы кеңінен сөз қозғады.

Жалпы, ақын өлеңдерінің тақырыбы сан алуан. Туған жер, Отан, табиғат, махаббат, ел тарихы… Ақын қоғамдағы мәселелер, әсіресе ана тілінің жай-күйіне бейжай қарамайды. Ақын ретінде, ана ретінде тіл тағдырына ерекше алаңдайды, үн қосады.

Әрине, мұндай ақынның кеші сый-сияпатсыз болушы ма еді! Өскемен қаласының тілдерді дамыту және мәдениет бөліміның қызметкерлері ақынды құттықтап, иығына шапан жапты. Ал С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры М.Төлеген ақынға «Абай» төсбелгісін табыс етті.

Әдеби кештің көрігін жас ақындар өлеңмен қыздырды. Олар Бақытжан Раисованың өлеңдерінен үзінділер оқып, көрерменге әдемі сәт сыйлады.  

Осы айдарда

Back to top button