Қоғам

Теңге бетіне таңбаланған әнші

Биылғы ел көлемінде тойланатын елеулі оқиғалардың қатарында халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық тойы бар болатын. Тіпті жарты әлемді әнімен тербеткен әншінің тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатыны да айтылып, жазылған болатын. Енді, міне, дара тұлғаның ғұмырнамасына арналған құрмет ретінде арнайы жасалған коллекциялық монеталар сатылымға шықты.

Өнердің өзегі бір, арнасы ортақ. Сондықтан да КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық тойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау заңдылық. Өткен жылы 24 қарашада ЮНЕСКО-ның (БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы) 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Роза Бағланованың 100 жылдығы енген болатын. Жаһан жұртына жар салған тойға арналған шаралар ел ішінде жалғасын табуда. Соның бірі – біз тілге тиек етіп отырған коллекциялық монета. Қазақстан Ұлттық банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» атты монеталар сериясынан «ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL» коллекциялық монеталарының сатылымға шыққанын мәлім етті. Бұл дәстүрлі үрдіс осыған дейін де жалғасын тауып, талай-талай танымал тұлғаға арналып шыққан болатын.

«Монета аверсінің орталық бөлігінде Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның оң жағы мен сол жағында ою-өрнек элементтері орналасқан. «QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазу монета жиегімен айналдыра жазылған. Төменгі бөлігінен монетаның номиналын білдіретін «100 TEŃGE» жазуын көруге болады. Ал монета реверсінде Роза Бағланованың суреті, портреттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін «100 JYL» деген жазу бар, монета жиегінде «Ах, Самара-городок» әнінің ноталары, «ROZA BAǴLANOVA» деген жазулар айналдыра басылған, сол жағында монетаның шыққан жылын білдіретін «2022» деген жазу бар», делінген банк хабарламасында.

Халық әртісіне арналған 100 теңгелік коллекциялық монетаның салмағы 15 грамм, диаметрі – 33 мм.  Ал монета «brilliant uncirculated» сапасы бойынша дайындалып, 15 000 данамен жарық көрген. Монета Қазақстан ішінде экономикалық айналымда жарамды екені жазылған. Осылайша, дара тұлғаның тарихи тойы теңге бетіне таңбаланып, тыңдармандарына таралып отыр.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button