Қоғам

Тең жартысы – біздің жерлестер

15-24 шілде аралығында АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласында жеңіл атлетикадан 2022 жылғы Әлем чемпионаты өтеді. Онда еліміздің намысын 12 спортшы қорғайды, деп хабарлайды Olympic.kz сайты.

Бір атап өтерлігі, сол 12 спортшының тең жартысы – біздің жерлестер. Мәселен, биылғы жаһандық доданың биіктікке секіру сайысына семейлік Надежда Дубовицкая қатыспақ. Ал Семей қаласының тағы бір тумасы Жанна Мамажанова марафонда бақ сынайтын болады.

Сол сияқты, бұл сыннан шығысқазақстандық «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының өкілдері Нора Джеруто, Каролин Кипкируи мен Дейзи Джепкемейді де көре аламыз. «Қара маржандарымыз» үш мың, бес мың, сондай-ақ он мың метрлік қашықтықтарға жүгіруі тиіс. Ал Галина Якушева 20 шақырымға жүгіру сайысына қатысатын болады.

Жоғарыда айтқан атлеттеріміздің қай-қайсысы да жүлдеден үмітті, себебі соңғы жылдары елішілік те, халықаралық та аренада табысты өнер көрсетіп жүр. Мәселен, Надежда Дубовицкая таяуда сол Америка жерінде өткен Prefontaine Classic атты халықаралық жарыстың жүлдегері атанған. Дубовицкая биікке секіру бәсекесінде 1 метр 93 сантиметрге тең межені бағындырып, үшінші нәтиже көрсеткен-ді. Айта кетейік, бұл Дубовицкаяның «Гауһар лига» аясындағы жарыстарға алғаш рет қатысуы болатын және жерлесіміз бірден қола жүлдеге қол жеткізе білді. Одан бұрын Дубовицкая Әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алған болатын.

Сол сияқты, жақында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, марафоншы Жанна Мамажанованың да жерлестерін жаңа рекордымен қуантқаны бар. Шығысқазақстандық атлет Нидерланд Корольдігінің Роттердам қаласында өткен «NN marathon Rotterdam» марафонда жүлделі үшінші орынға ие болып, 35 жыл бойы мұрты бұзылмаған Қазақстан рекордын жаңартқан еді. Отандасымыз 42 шақырым 197 метрлік жарыс жолын екі сағат 26 минут 54 секундта жүгіріп өткенін айту керек.

Ұлттық құраманың бапкерлері мен республикалық жеңіл атлетика федерациясының басшылығы АҚШ-тағы додада өзге спортшыларымызға да ерекше сенім артып отыр.

Жалпы, алдағы Әлем чемпионатына 192 елден екі мыңға жуық атлет қатысады деп күтілуде.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button