Қоғам

Теміржолшы Түкібаевтардың еңбек өтілі – 545 жыл

Теміржолшы Түкібаевтардың еңбек өтілі – 545 жыл


«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде Түкібаевтар отбасы жеңімпаз атанып, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды. Түкібаевтар отбасын – теміржолшылар династиясының жарқын мысалы десе де болғандай. Әулеттің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 545 жылды құрайды. Осынау қарапайым қазақ отбасында құрмет пен сыйласымдылық салтанат құрған. Сондай-ақ, байқауға қатысушы шығысқазақстандық бұл отбасы туған халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін ерекше қадірлейді. Осынау әулетке қолдау білдіргісі келгендер қыркүйектің 2-9 аралығында kaztube.kz порталына немесе 8-8038000 01,02, 03 стационарлық телефонына (Түкібаевтар отбасының нөмірі – 07) хабарласып немесе отбасының нөмірін көрсетіп 6284 – санына SMS хабарлама жіберу арқылы дауыс бере алады.

Түкібаевтар отбасының негізін қалаушылар – Мәукен, Ілияс, Сыдық атты үш ағайындылар. Олар ата-анасы Мәлікриян Мәукенұлының еңбек жолын абыроймен жалғастырды. Ол кісі еңбек жолын электр монтері болып бастап, Жарма-Аягөз станциялары учаскесінде механик, аға электромеханик болды. Қазір отбасының ұйытқысы – «Алтын алқа» иегері Тілеукен әжей. Әжей қазақтың салты мен дәстүрін, әдебі мен ғұрпын балалары мен немерелеріне өмір бойы насихаттап, дәріптеп келе жатыр. Ұлттық тағамдарды да пісіріп, құрақ көрпе де тігеді. Еліміздің барлық мерекелерінде Түкібаевтар отбасы қара шаңыраққа жиналады. Әсіресе, «Наурыз» мейрамы мен теміржолшылардың кәсіби мерекесін бұл отбасы ерекше қуанышпен күтеді.

Түкібаевтар отбасының берік іргесі ұлттық құндылықтарды құрметтеуге негізделген. Отбасының үлкендері қашан да кішілерге өнеге көрсетуге тырысады. Отанға деген махаббат, еңбекке деген сүйіспеншілік, туған-туысқа деген жанашырлық, айналаға деген қамқорлық – бұл отбасының ерекше қасиеті.
Мәлікриян мен Тілеукен әжей 54 жыл бір шаңырақ астында тұрып, сегіз баланы бағып-қағып, саналы азамат етіп өсірді. Қазір олардан 22 немере, бір шөбересі бар. Ауыз¬ – бірлігі мен ынтымағы жарасқан еңбек династиясының мүшелерінің еңбегі «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы тарапынан да ескеріліп, талай рет алғысхаттар мен құрмет грамоталары да тапсырылды. Енді осынау отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының финалдық кезеңіне өтіп отыр.

Мейрамтай Екпінбайқызы

Осы айдарда

Back to top button