Қоғам

Теміржолда тер төгіп жүр

Теміржолда тер төгіп жүр

Сексенінші жылдардың басында Аягөз қаласындағы мектепті жақсы бағамен бітірген Нұржамалдың алдында сан тарау жолдар жатқан. Жайсаңбай қарт пен Дәмеш ананың сүт кенжесі болған жас қыз алдындағы аға-әпкелерінің жолын қуып арман қала – Алматыға тартты.
Шаңы аспанға шығып жататын өзінің сүйікті Аягөзінен мүлде бөлек, құжынаған халқы тынымсыз сабылып жататын Алматы шаћары Нұржамал үшін жұмақтай болғаны рас. Көп ұзамай Алматы жеңіл өнеркәсіп технологиялық техникумының «Бояу және химиялық тазалау» факультетінің студенті атанған жас қыз өзінің шағын да болса бір белесті бағындырғанын білді. Үш жарым жыл оқып тәмамдаған оқу орны мұны Семей қаласына бөлген болатын. Алайда екі жыл сол жерде химиялық тазалау деп аталатын цехта қызмет атқарған ол өзі сұранып, туған қаласы Аягөзге келіп біржолата қоныс тепті. Осындағы локомотив (тепловоз) жөндеу депосына кір жуатын машина аппаратының операторы болып орналасқалы да отыз жылдан асқан екен. Білікті маман ретінде өз ісінің шебері атанған Нұржамал Мұқашева депо, аудан басшылығы тарапынан әлденеше Құрмет грамоталар мен Алғыс хаттарға ие болды. Осында Бейбіт атты азаматпен бас қосып, Нұрболат, Салтанат атты перзент сүйді. Өкініштісі, жан жары Бейбіт бірнеше жыл бұрын бақилық болып кеткен. Өмірдің қиыншылығы мен бұралаң соқпағын көп көрген Нұржамал бұл сыннан да мүдірмей өтті.
– Осы депода көп жыл кір жуу аппаратының операторы болып еңбек еткенімде өз атыма да, ұжым атына кір келтірмеуге тырыстым. Еңбегімді жоғары бағалаған Асхат Тілеубаев, Мәулен Таңатов сынды басшы азаматтар қашан болсын жеке басымды сыйлап тұрады. Бұл да адал еңбегімнің арқасы шығар деп ойлаймын. Өкініштісі, қазір барлық жердегідей бізде де қысқарту жүріп, деподағы жалғыз оператор болған жайым бар. Дегенмен, келер күндерден үміт мол. Бәрі де қайта жаңғырар деген ойдамын.
Бастысы, ел аман, жұрт тыныш. Аллаға шүкір, қазір ұлым осындағы «Қазақтелекомда» қызмет етсе, қызым өз алдына тұрмыс құрған, балалы-шағалы. Бізге бұдан артық не керек? – дейді сирек мамандық иесі, бұл күнде бірнеше немеренің сүйікті апасы Нұржамал Жайсаңбайқызы.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button