Қоғам

Теміржол бойындағы пайдалы қазбалар игерілетін болады

Теміржол бойындағы пайдалы қазбалар игерілетін болады

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен селекторлық режимде кеңейтілген аппараттық кеңес болды.
Кеңесте Өскеменде өткен «Техникалық және кәсіптік білім беруге дуальді оқыту жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс тәжірибесі» атты III республикалық форумның жұмысы мен аймақ басшысының Премьер-Министр алдында берген есебі қорытындыланып, концессиялық негіздегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Сондай-ақ, облыс әкімі жүктеген тапсырмалардың орындалуы бойынша әртүрлі мәселелер қаралды.
– Форум ойдағыдай өтті. Білім және ғылым министрлігімен бірге осы шараны ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан, әсіресе, білім мекемелерінің басшыларына рақмет. Дегенмен, дуальді оқыту жүйесі 2008 жылдан бері қолға алынғанмен, әлі де болса нәтижесі мардымсыз. Сондықтан орынбасарым Жақсылық Омарға және білім басқармасына аудан-қалалардың әкімдерімен бірге тағы бір талдау жүргізуге тапсырма беремін, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл бағытта атқарылуы тиіс мәселелерге тоқталды.
Атап айтқанда, кадрларды келісімшарт арқылы даярлау, жұмыс берушінің сұранысына сай тапсырыс бойынша оқыту, еңбекпен қамтамасыз ету, студенттер мен оқушылардың өзіміздегі кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуі, кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізу сияқты өзекті міндеттерді бірінші кезекте қолға алынуы тиіс.
Осы салаға қатысты қаперде ұстайтын тағы бір мәселе – облыс әкімдігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрлері арасында қол қойылған меморандумның орындалуын қадағалау. Мемлекет басшысының еліміздің оңтүстік өңіріндегі жұрттың белгілі бір бөлігін солтүстік пен шығыс облыстарға көшіру жөніндегі тапсырсырмасын жүзеге асыру мақсатында қанатқақты жоба ретінде Риддер қаласы таңдап алынған-ды. Алайда, аталмыш бағдарламада көшіруге болашағы жоқ ауылдардың тұрғындары ғана жатқызылады деп көрсетілген екен. Өз кезегінде Риддер сияқты өндірістік шаһарға ауыл шаруашылығы саласын меңгерген мамандардан гөрі кәсіби-техникалық мамандықтардың иелері аса қажет екенін ескерген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, сол себепті қоныс аударуға ниеттілерді қалалар мен облыс орталықтарынан да қамту туралы бағдарламаға өзгерістер енгізуді ұсынған. Бұл өз кезегінде Риддерден бөлек Зырян мен Өскеменде де келешекте туындауы ықтимал еңбек ресурстарының тапшылығын жоюға көмектеспек.
Оған қоса мемлекеттен көшіп келушілерге арналған тұрғын үйлер салуға қыруар қаржы бөлінуде. Риддер қаласының өзінде бүгінгі күні көпқабатты алты бірдей тұрғын үй бой көтеріп келеді. Сол сияқты қоныс аударушылардың балаларын мектепке және балабақшаға орналастыру мәселесін шешуді қадап тұрып тапсырған аймақ басшысы: – Біз бұл шаруаны қолға алған екенбіз. Аяғына дейін жеткізуіміз керек. Республикада бірінші болып Риддер қаласына қанатқақты жобаның сеніп тапсырылғаны бекерден-бекер емес екенін дәлелдеуіміз керек, – деп нақтылады.

Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан жоғары

Облыс әкімінің есебін тыңдап, өзінің оң бағасын берген Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВ жыл басынан бергі Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өскенін атап өткен. Бұған дәлел ретінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша еліміздің облыстары арасында Шығыс Қазақстанның бірінші орынды иеленгенін, ал облыс орталықтарының ішінде Өскемен қаласының бірінші сатыға тұрақтағанын айтуға болады.
Иә, жалпы алғанда өңірдің негізгі даму нәтижелері өткен жылғыдан да, республикалық орташа көрсеткіштен де жоғары тұр. Дегенмен, аймақ басшысы инвестиция тарту, инфляцияны тұрақтандыру, ауыл шаруашылығындағы игерілмей жатқан жерлерге түгендеу жүргізу, құрылыс нысандарының қолданысқа берілуін ширату, бюджеттің кіріс-шығыс бөлігін қамтамасыз ету, өндірістегі қазақстандық құрамның үлесін ұлғайту секілді экономиканың ілгері басуына серпін беретін салаларға жете көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, облыс әкімі экономиканың өсімін тұрақты ұстап тұратын резервтер туралы да айтты. Негізгі резервтер бес бағыт бойынша қарастырылған екен. Олар: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік, туризм және баламалы қуат көздері. Аталған әрбір бағытта қалай жұмыс жүргізілетіні анықталып, тиісті орындарға тапсырмалар берілген. Ендігі міндет – солардың бәрін орындау.
Егер межеге алынған жобаларды тиянақты жүзеге асыратын болсақ біз жарты миллиард теңге көлемінде тауарлық өнім алып, 40 млрд. теңгеге жуық жуық инвестиция тартуға, 7 млрд. теңгенің жеңілдігі мен 34 мыңдай қосымша жұмыс орынын ашуға қол жеткіземіз. Ол үшін мүмкіндіктер мен резервтер жеткілікті.
Жиын барысында аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ аудандар мен қалалардың әкімдеріне, жауапты орындардың басшыларына проблемалық кәсіпорындардың жағдайын қатаң назарда ұстауды шегелеп тұрып тапсырды. Әсіресе, бұл тұрғыда Глубокое, Шемонайха, Зырян аудандарының әкімдері арқаны кеңге салуға болмайды.
– Ең басты мәселе – жалақының уақтылы төленуі. Жұмысшылар алдында еңбекақы қарызы болмауы керек. Бұл жұрттың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына кері әсер етуші болмасын. Сол секілді Өскемендегі «Трамвай паркіне» қатысты шешілмеген мәселе бар. Орынбасарым Е.Текешов қала әкімімен және «Ертіс» ӘКК-мен бірге парктің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етіңіздер. Ал енді жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға, оның ішінде «РОСТ» ЖШС-ге келетін болсақ, біз ешкімге де заңды бұзуға, келісімшарт талаптарын белден басуға, сол арқылы қаланы көлік қатынасынсыз қалдыруға жол бермейміз. Кейбір көлік компанияларының басшылары айтқандай тарифті көтеруге ешбір негіз жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, Өскемен қаласы әкімдігінің тарифті көтеру туралы ұсынысы қалалық мәслихат депутаттарымен қанағаттандырылмаған. Үшіншіден, 1 маусымға дейін тарифті көтермеу жөнінде мораторий жарияланған. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, ешбір автопарктің заңнан аттап кетуіне жол бермейміз. Қажет болса, заңға сәйкес қатаң шара қолданамыз, – деген облыс әкімі бұл проблемамен прокуратура орындары айналысып жатқанын да атап көрсетті.

Инвестициялық жобалар қалай жүзеге асып жатыр?

Концессиялық негіздегі (мемлекеттік-жекеменшік) инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Текешов баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі күні өңірімізде бірқатар инвестициялық жобалар нақтыланып, оларды іске асыруға ниетті инвесторлар қатары да шыға бастаған көрінеді. Айталық, осындай инвестициялық жобалалардың бірі – Бұқтырма су қоймасы арқылы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғастыратын көпірдің бүгінгі күні техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже алған. Ендігі жерде облыстық бюджеттік комиссияның оң шешімі шыққан соң, көлік және коммуникация министрлігі өзінің шешімін қабылдайды. Содан кейін бұл жобаға инвесторлар қаражат салса, құрылыс жұмыстары да басталады.
Тағы бір маңызды инвестициялық жобаның бірі – теміржол желісін тарту. Оның ішінде инвесторлардың қызығушылығын тудырып отырған Шар-Майқапшағай теміржол желісінің болашағы зор.
– Жалпы, теміржол торабына қатысты жауапты министрлік тарапынан қарсылық жоқ. Бұл орайдағы біздің басты дәлеліміз теміржол бойындағы жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды игеру болуы керек. Сөйтіп, ол тораптың бойындағы елді мекендерді дамытуға ықпал ететінін де ұмытпаған абзал. Бүгінгі күні түйіні шешілмей тұрған проблеманың бірі – теміржол торабы тартылатын жерлер. Жауапты орындардың басшылары болашақ шойын жолдың қай ауданның аумағымен өтетінін және ол жерлер кімнің иелігінде екенін анықтап, олармен жұмыс істесін. Егер ол жерлер мемлекеттің иелігінде болса, ешқандай мәселе туындамайды, ал егер жекеменшікке қараса, иесімен қазірден бастап келіссөздер жүргізіңіздер, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аталған мәселелер шешілгенде ғана нақты ұсыныспен Үкіметке шығуға болатынын айтты.
Тұрғысын өзеніне салынатын шағын СЭС жобасын Индустрияландыру картасына енгізу бағытында не істеліп жатқанын Зырян ауданының әкімінен сұрап білген аймақ басшысы облысымызда қолға алынған өзге де инвестициялық жобалардың жағдайы туралы өзінің орынбасары Ерлан Текешовтің жан-жақты ақпарат беруін талап етті.
Аппараттық кеңестің соңына қарай әртүрлі мазмұндағы бірқатар мәселелер қаралды. Олар: Курчатов қаласында ғылыми қалашық құру жұмыстарының барысы, облыс аудандарындағы құрылыс нысандарын қолданысқа беру, оның ішінде жаңадан салынып жатқан апаттық мектептер мен медициналық мекемелерді мерзімінен кешіктірмей ашу, Өскемен қаласында абаттандыру, көгалдандыру шараларын жүргізу, көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай атқару және басқалары. Аталған мәселелер бойынша аймақ басшысы аудандар мен қалалардың әкімдеріне, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button