Темір-терсекке әуес жан

Күршімнің Барақ батыр көшесіндегі «У Василича» атты техникалық қызмет көрсету стансасының ашылғанына да он жылдың жүзі болып қалған екен. Қызметі сапалы, бағасы көңілге қонымды болғандықтан, оның қызметіне жүгінетіндердің саны қашанда мол.
Бастапқыда бұл маңнан өткен жұрт кесек тұлғалы, толық келіншектің қашан көрсең арсы-күрсі боп доңғалақ ауыстырып немесе көлік балонына жел үрлеп жататынын көріп, таңырқайтын еді. Бірте-бірте бұл көрініске күршімдіктердің көздері үйренді. Бұл «пысық» әйел – станса қожайыны С.Ерошкиннің зайыбы Светлана еді. «Әдетте ер адамдар айналысатын темір-терсекке әуес болған бұл қандай жан екен?» – деген сауалмен әдейілеп барған біз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, еңбекқор келіншекті бірер ауыз сөзге тарттық.
– Бұл сауалды мен жиі естимін, – деп күледі Светлана Владимировна. – Сергей екеуіміздің тапқан тиын-тебеніміз, жеп отырған нанымыз ортақ қой, ендеше, мынау – еркектің, мынау – әйелдің жұмысы деп таңдап-талғап жатудың да жөні жоқ. Басында күйеуім бар шаруамен өзі ғана айналысатын, бірақ ол бір жаққа кеткенде немесе сырқаттанып қалған жағдайда үздіксіз келіп тұратын көлік иелері шаруаларын бітіре алмай кетіп жатады. Ал мұның өзі – тұтынушыны жоғалту деген сөз. Бірде Сергей жығылып, бірнеше қабырғасын сындырып алғанда, шағын шаруашылығымызға біржола тоқтап қалу қаупі төнді. «Болмас, дедім мен, – өзімнің үйренуім керек екен бәрін». Бұл ниетімді Сергей де жөн көрді. Сөйтіп, ақырындап мені осы жұмысқа баули бастады. Айналасы бір айдың көлемінде доңғалақтың резеңкесін алып-салу, камераны жамау, жел үрлеп беру сияқты шаруаларды еркін меңгеріп алдым. Мұның өзі тамаша болды, күйеуім материалдар әкелуге қалаға кеткенде, әлде басқа бір шаруамен айналысып жатқанда, келген көліктерді тоқтатпай, өзім қызмет көрсете беремін. Менің қызметімнің сапасына кінә тағып кеткен адам болған емес десем, сенетін шығарсыз.
Қалаға көшіп барып, екі-үш жыл тұрып, осы өнерді сонда үйреніп қайтқан С.Ерошкин өз бизнесін 2009 жылы бір шағын вагондағы қызметтен бастаған болатын. Кейінірек оның қарт анасы баласының қадамын қуаттап, өзінің жинастырған 300 мың теңге ақшасын осы шаруаны дамытуға көмек ретінде ұсынған екен. Ол уақытта әжептәуір мол қаржы болып есептелген бастапқы капиталдың талапты жандарға айта қаларлықтай демеу болғаны шындық. Ал қазір біршама көтеріліп алған олар жылы цех салып, басқа да бірқатар қолайлы жағдайларды жасап алған сыңайлы.
– Көктем жақын, – дейді Светлана. – Жақында жұрт жаппай доңғалақ резеңкелерін ауыстыруға кіріседі. Бізге де тынымсыз еңбектенетін қауырт мерзім таяп келеді.
Ал бұл еңбектің жемісті болатынына күмән жоқ. «Еңбек етсең – емерсің» деген ғой, ендеше, нәпақасын маңдай терін аямай төгіп, адал еңбегімен тауып отырған жандардың табысты болғанына ешкімнің де қарсылығы жоқ.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.