Теміржол тұйығында көмір жеткілікті
Азамат Темірбеков
Алтай ауданының әкімдігі ауыл-аймақ тұрғындарын алдағы қыс маусымына ерте қамданып, көмірді жаз айларында түсіріп алуға шақыруда.
«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, жылу беру маусымына деген дайындық қашан да өзекті. Сол себепті де, ол күн тәртібінен түспек емес. Алтай ауданының әкімі қылышын сүйреткен қысқа деген қамды ерте бастан бастауға бел буған. Бүгінде жылыту маусымы аяқталысымен қолға алынатын жылу беру нысандарын жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарынан бөлек, ауыл-аймақ тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Аталмыш мәселеге байланысты аудан әкімінің міндетін атқарушы Сергей Охременконың тапсырмасына сәйкес, аудан әкімдігі мен осы мәселеге тікелей жауапты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зубовск кентіндегі «Зырян ТЭК» кәсіпорнына қарасты көмір түсіретін теміржол тұйығында болып қайтты.
Жалпы, бүгінгі таңда ауданда бюджеттік ұйымдар мен халық қажеттілігіне орай алпыс тонна көмір жеткізу жөнінде «Қаражыра» акционерлік қоғамымен келісімшарт бекітілген. Әзірге көмір жеткізуде ешқандай проблема жоқ. Қазіргі уақытта теміржол тұйығында тоннасының жекелей сатылымдағы бағасы 11900 теңгені құрайтын жалпы көлемі 1600 тонна көмір бар көрінеді. Осыған орай, аудан әкімдігі тұрғындарды ерте бастан қыс қамын жасап, көмір түсіріп алуға шақыруда.