Темірдің әскері Еуропаны қалай құтқарып қалды?
Әмір Темір 1399 жылы Самарқанд қаласында құрылтай шақырып, мәмлүктер басшылық жасаған Мысыр мен Баязид сұлтанның жетегіндегі Осман еліне жорыққа шығатынын мәлімдеді.
Алдымен ол мұсылман әлеміндегі ең қуатты мемлекет саналатын Мысырға бағыт алады. Бұл кезде түрік сұлтаны Баязид кәрі құрлықпен соғысып жатқан. Бірінен соң бірі талқандалып жатқан Еуропа елдері үрейден қалтырап, пәледен құтылудың жолын іздей бастаған. Осы тұста Мәуераннахр билеушісі Әмір Темір армиясының айналадағы азиялық елдерді өзіне бағындырып, ешкімнен жеңілмей келе жатқанын естіген кәрі құрлық корольдері онымен одақтасуға талпынады.
Дегенмен, бұдан төрт жыл бұрын христиан папасы ұйымдастырған крест жорығы діттеген жеріне жетпей, Дунай өзені бойындағы Никополь түбінде Осман түріктерінен жеңіліп, Франция, Бургундия, Венгрия, басқа да корольдіктер армиялары талқандалған болатын.
«Түріктер Андриапольді басып алып, со жерде еуропалық астанасын бекітті. 1389 жылы олар Косово шайқасында (Сербия) сербтер мен басқа славяндарды жеңді. Осылайша, Баязид Кіші Азия мен Балқан түбегіне иелік етті» деп жазады ағылшын зерттеушісі Хилда Хукхэм.
Византия империясының күні санаулы еді. Осман түріктерінің үздіксіз соққысынан орталығы Константинополь саналатын империя мен тұтас батыс христиан әлемі үрей құшағында болатын. Бұл кезге дейін жалайыр кавалериясының арқасында Баязид болгар, серб, славен, чех, венгр елдерін жаулаған соң, венгр королі Сигизмунд бүкіл христиан әлемін күш біріктіріп, бұларға қарсы крест жорығын ұйымдастыруға шақырды. Түріктердің Еуропадағы табысты шабуылдары әсерінен ағылшын мен француздар арасындағы талай жылға созылған соғыс біраз уақытқа тоқтаған еді. Дегенмен, кәрі құрлық елдері 170 мың әскер жинады, бұл осыған дейінгі крест жорығына жиналған армиядан асты. Бірақ Сигизмунд бастаған христиан әскері кішігірім Никополь қаласының түбінде қырылады. Түрік сұлтаны өзіне сеніп, тұтас Еуропаны жаулап аларына үміттенген.
Осы уақытқа дейін Әмір Темір Мысырды талқандап, өзіне қаратып үлгерген еді. Енді Баязидпен соғыспақ болатын. Әмір Темірдің соғысу тәсілі өзінен бұрынғы Шыңғыс ханның әдісінен аумайтын.
«Темір Тарағайұлы 1336 жылы 9 сәуірде Шахрисиабз маңында дүниеге келген. Ол найманның барлас руынан шыққан. Жас кезінен даланы қаладан артық көрді. Жылқының қыр-сырын жақсы білді. Мықты шабандоз, керемет садақшы болды» дейді Хилда Хукхэм.
Кіші Азия мен Еуропаның Баязидтен жеңілген билеушілері қашып кеп, Әмір Темірді паналады. Екі жақ та соғыспай, бітімге келмейтін жағдайға тірелді. Дегенмен, Темірлан соғысты бастамай тұрып, алдымен Баязидке хат арқылы өз талабын біраз уақыт жеткізіп тұрды. Оны Әмірдің резиденциясында біраз уақыт болған елші Клавихо былай деп жазады: «Әмір Темір мен Баязид бірнеше рет хат алмасты. Темір Баязидті қарсылықсыз берілуді ұсынды, кәпірлерге қарсы соғыс жүргізгендіктен ғана оны жазаламағанын ескертті».
Бірақ түрік сұлтаны оған көнбеді. 1402 жылы маусымның аяғында Анкара қаласы түбінде, Шыбыққабат жазығында ірі соғыс басталды.
Кезінде жаяу әскерінің (янычарлары) шамасы келмесе, түрік сұлтандары ортаазиялық жалайырларға алтын-күміс төгіп, атты әскерін жалға алатын. Солардың күшімен түріктер Еуропаның, Азияның біраз елін басып алып, Осман империясын қалады.
Баязид пен Әмір Темір армиясы соғысуға қарсы тұрған кезде жаңағы жалайырлар өз қандастарына қол көтеруге дәті жетпей, Темірлан жағына шығып кетті.
Амалы қалмаған Баязид қолына қылыш алып, соғысқа өзі араласты. Бірақ Әмір Темір армиясы бірнеше сағатта түрік янычарларының тас-талқанын шығарды. Осылайша, Сақып Қыран (Әмір Темірді достары осылай атаған) Баязидтің әскерін талқандап, Азияда өзіне қарсы келер ешкімді қалдырмады.
Сөйтіп, Әмір Темірдің арқасында бүкіл Еуропаның халықтары жарты ғасыр еркін, тәуелсіз өмір сүруге мүмкіндік алды.
Бейсенғазы Ұлықбек