Қауіпсіздік

Темір жол маңында мал бағу қиын

Азамат Темірбеков

Биыл Ұлан ауданында қараусыз мал пойыз астына түскен 11 оқиға тіркелген.

Ұлан ауданына қарасты Айыртау станциясында қараусыз жайылған төрт түліктің пойыз атына түсуінен жолаушылар мен жүк пойыздары зардап шеккен. Мәселен, биыл осындай 11 оқиға тіркелген.

Мамандардың айтуынша, соңғы кездері ауыл маңына таяу орналасқан теміржол бойына шығып кететін жеке иеліктегі малдар көбейген. Малдың жолға шығып кетуі себепті пойыздар жедел тежегішті басып тоқтауға мәжбүр. Осының кесірінен вагондағы адамдар жарақат алып, не болмаса жүктер қирап қалып жатады. Мұның барлығы тұрғындардың теміржолға жақын маңдағы мал жаю ережелерін сақтамауынан болады және бұл қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруде.

Еліміздің «Теміржол көлігі туралы» және басқа да теміржол көлігіндегі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, қоршалмаған учаскеде малды темір жолдан 300 метр қашықтықта арқандап бағуға ғана рұқсат етілген. Ал темір жол бойында малды пойыз қағып кету дерегі тіркелсе, онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес мал иесі бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

Жергілікті шаруалардың айтуынша, темір жол бойында мал бағу өте қиын. Төрт түлікті қауіпті аймақта бағудың өз тәртібі, өз ережесі бар әрі әрбір елді мекеннің, шаруа қожалығының мал жаюға арналған белгіленген учаскесі болуы тиіс. Сол себепті, тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарға төрт түлікке бас-көз болып, малды қараусыз жібермеу керектігін ескертеді.

Осы айдарда

Back to top button