Темір тордың ар жағында концерт өтті

Конституция күніне орай ОВ 156/1 мекемесінің акт залында концерт өтті. Темірдей тәртіпке бағынғандар ән салып, өлең оқыды.
Концерттік бағдарлама жүргізген Диас Масалиов пен Серік Сымбат «тәртіпке бағынған құл болмас», – деген Бауыржан Момышұлының сөзін жандарына жалау еткен. Сонымен қатар мерекеге орай Апош Сарбаз бен Асқар Ысқақ әннен шашу шашты.
– Конституция күніне орай осындай концерт ұйымдастырдық. Бұл да тәрбиенің бір көзі деп білемін. Сотталушылар мен айыпталушылар жоғары жауапкершілікпен дайындалды. Тіпті сахнаға дейін өздері безендірді. Бәрімізге мерекелік көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарға рақмет, – деп мекеме бастығының орынбасары әділет подполковнигі Жасұлан Молдаханов алғысын білдірді.
Ескерте кетейік, мерекелік іс-шарада барлық санитарлық талаптар сақталды.