Қоғам

Темір жол – аса қауіпті аймақ

Елімізде жыл сайын теміржол маңында қайғылы оқиғалар болып тұрады. Мұның басты себебі – адамдардың қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарауы.

Сағатына 60-80 шақырым жылдамдықпен жүретін пойыз бірден тоқтай алмайды. Сол себепті теміржол бойында рұқсат етілмеген жерден өтуге қатаң тиым салынады.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде жыл сайын елуден астам жазатайым оқиға тіркеледі екен. Жапа шеккендердің 20%-ы құлаққаппен жүргендіктен оқыс оқиғаға ұшырайды. Айта кететін жәйт, қайғылы оқиғалар арасында суицидтік сипаттағы жағдайлар да жоқ емес.

Теміржол – бұл жеке қауіпсіздік ережелерін қатаң түрде сақтауды талап ететін қауіптілігі аса жоғары аймақ. Сондықтан оның маңынан жүргенде мына қарапайым ережелерді есте сақтаған жөн:

– ешқашан және ешқандай жағдайда жолаушылар платформалары мен жылжымалы құрамның астына түспеңіз;

– жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер және тоннельдер, төсемдер арқылы жүріңіз;

– жақындап келе жатқан пойыздың немесе маневрлік локомотивтің жоқтығына көз жеткізу қажет;

–  темір жолдан белгіленген орындардағы бағдаршамның рұқсат етілген белгісі жанғанда ғана өту;

– балаларды вокзалдарда, станцияларда, жолаушылар платформаларында, темір жолдардың жанында қараусыз қалдырмау;

– жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде құлаққапты және қалпақшаны алыңыз, олар сізге келе жатқан пойызды байқауға кедергі келтіруі мүмкін;

– теміржол платформасында болған кезде оның шетіне жақындамаңыз, шектеу сызығының артында тұрыңыз.

Темір жол бойындағы қайғылы жағдайлар әсіресе жазғы демалыс кезінде жиілеп кетеді. Балалар мен ересектер үшін темір жол көлігі аса қауіпті, сол себепті жоғарыда айтылған ережелерді естен шығармаған дұрыс. Өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтаңыз.

О.Қабдуахитов,

            Бұқтырма станциясының басшысы

 

Осы айдарда

Back to top button