Темекі сөрелерде тұрмауы тиіс
– Темекі өнімдерін 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға болмайтынын білемін, бірақ заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес темекі қорабын ашық көрсетіп сатуға және оны бір талдап сатуға тыйым салынғанын білмеппін. Сұрайын дегенім, мұндай заңбұзушылықтар үшін айыппұл салына ма?
Қайрат Қазыбаев , Көкпекті ауданы.
Бұл сауалға «АСК» құқықтық кеңес беру орталығының заңгері Алмас Серғазинов жауап береді:
– Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сай темекі өнімдерін, оның ішінде қорқор қоспасын, оған арналған сұйықтықтарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға, он сегіз жасқа дейінгі адамдардың сатуына, темекіні ашық қорапта не даналап сатуға, денсаулық, білім, спорттық-сауықтыру ұйымдарының, стадиондардың ғимараттары мен аумақтарында, өнім сапасын растайтын құжатсыз, темекі қорабына сәйкестендіру құралдары жапсырылмаған күйде, балалар тауарларын сататын сауда ұйымдарында, темекіні шығарып және ашық көрсете отырып сатуға тыйым салынады.
Жиырма бір жасқа толмағандарға темекі сатқаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 133-ші бабы, 1-ші бөлігі, 423-ші бабы, 1-ші бөлігі негізінде айыппұл салынады. Атап айтсақ, жеке тұлғаларға – 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК.
Ал темекі өнімдерін шығарып және ашық көрсете отырып сатқаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 455-ші бабы негізінде жеке тұлғаларға 60 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 170 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 450 АЕК айыппұл қарастырылған.
Темекі бұйымдарын акциздік және есепке алу-бақылау таңбасынсыз, сол сияқты белгіленбеген үлгідегі және сәйкестендіруге келмейтін таңбасыз сатқаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 283-ші бабы 2-ші бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК айыппұл салынады. Ал акцизделетін тауарлар тәркіленіп, лицензиядан айырылады.
Әзірлеген – Ержан Әбіш