Қоғам

Тәлімді де тағылымды кездесулер

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық Қаһарманы, полковник Қайрат Үмбетов бастаған Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы Өскеменге келіп, мән-мағынасы ерекше бірнеше іс-шараға қатысып қайтты.

Ондағы мақсат – әскери қызметшілер мен өңір тұрғындарына ел Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын және еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін түсіндіріп, насихаттау еді. Сапар барысында топ мүшелері жастарды отансүйгіштікке баулуға, халықта Қарулы Күштерге деген оң көзқарас қалыптастырып, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның имиджін нығайтуға бағытталған іс-шараларға қатысып, жиналғандармен салиқалы әңгіме өрбітті.

Осы орайда, «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» ұранымен өткен аталмыш іс-шараларға, кездесулер мен концерттерге кез келген адам қатыса алғанын айтқан жөн. Әсіресе студент жастар, ардагерлер, полиция қызметкерлері мен әскерилер көптеп жиналды.

Мәселен, концерттік іс-шаралар барысында патриоттық сарындағы және ұрпақтар сабақтастығы рухына толы әскери әндер мен өзге де музыкалық шығармалар шырқалды. Жиналған қауым заманауи эстрадалық музыкамен қатар, әлем халықтарының әндерімен сусындап, билерін тамашалай алды. Сондай-ақ Құрмет қарауыл ротасы жауынгерлерінің өнеріне қол соқты.

Жалпы, өскемендіктердің ыстық ықыласына бөленген Ұлттық ұланның ән-би ансамблі фольклорлық-этнографиялық, вокалдық-хор және би топтарының, сондай-ақ эстрадалық оркестр мүшелері мен жекелеген солистерден құралғанын айтқан орынды.

Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының  баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазіргі уақытта аға лейтенант Алпамыс Асылбек жетекшілік ететін ансамбльде кәсіби музыканттар, бишілер мен солистер жұмыс істейді екен. Ансамбльдің репертуары да алуан түрлі. Бұл ретте, 2004 жылы құрылған әскердің ән-би ансамблі бүгінде елордада орналасқанын да айту керек.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button