Руханият

Тектінің тұяғы еді

Тектінің тұяғы еді

Өзі бұл фәниден бұрынырақ озып, жер басып жүргендерден алыстаған сайын мүлде өмірден өшіп, көңілден көшіп кетпей, керісінше соңында қалған ұғымтал ұрпақтың санасында жаңалана жаңғырып, тұлғалана түсетін адамдар болады. Менің түсінігімде Омарбек аға Қайсаұлы да сондай аруақты жандардың бірі. Омаш аға облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінің бас редакторы болған жылдары мен де ол кісінің ұлағатын ұлықтап, зердесін зейіліме түйген едім. Көргенділіктің үлгісін үйреніп, мәрттіктің мәнісін ұғындым. Тағдырдың талай-талай тауқыметін тартқан, өмірдің тар жол, тайғақ кешулерін басынан кешкен көнекөз қарияның әр әңгімесінде үлгі-өнеге, тағылым жататын.
– Биыл сексеннің екеуін толтырғалы отырмын, – деген соңғы кездескенде. – Өмірде өткел деген болады, өткелек деген болады. Біз сол өткелектерден өткен, әділетсіздіктің кермек дәмін біраз татқандар тұқымынанбыз. Мен қазақтың үш жүзіне белгілі болған «Алаш» партиясы көсемдерінің бірі – Райымжан Мәрсековтің тетелес туысы, яғни, тектінің тұяғы екенімді мақтан етемін, – деп барып әлдебір ой жетегіне берілген.
Расында сол туыстық кейін қызылкөз қудалаудың құралына айналған. Әкесі Қайсаны қарапайым малшы деген жоқ, жала жауып, қуғын-сүргіннің нәубетіне ұшыратты да жіберді. Ал Омаш аға болса, әуелі Алматы облысындағы Түрген рабфагында оқыды, содан соң Абай атындағы ҚазПИ-ге түсіп, ауыл мектебінде мұғалім боп жүргенде майданға аттанды. Алдымен Семейде, көп өтпей Андижандағы пулеметшілер училищесінде әскери даярлықтан өтті. Алғашқы ұрысқа взвод командирі ретінде Дала майданында кірді. Одан соң атышулы Курск шайқасында шыңдалды. Атқыштар құрамы болғандықтан үнемі алғы шепте болды. Анталаған жаудың алғашқы арынына төтеп беруші топ солар болатын. Сондықтан қай ұрыс болмасын дос-жаранмен қоштасып, бір өмір – бір өлім деп, тәуекелге бел байлап кіретін соғысқа. Өткен тарихтың өшпес қара таңбасындай болған қанқұйлы шайқастардың ең бір ауырларының сол Курск иіні мен Днепрде, Сталинград пен Москва түбінде болғанын кітаптан оқып, кинодан көріп жүрміз ғой. Сөйтсек, Омарбек аға әйгілі Днепрден өту тозағына түскенде небәрі 21-ақ жаста екен. Сол Днепрдің жағасында ол бірінші рет аяғынан жараланды. Командир ретінде, жауынгер ретінде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін өңіріне тақты.
Сол жылдың ақырған ақпаны олар үшін қатал сын, қатты ұрыс айы болды. Дәл орталарына келіп түскен граната жарықшағы бірнеше солдатты мерт қылып, командирдің сегізкөзінің тұсын оңбай қақыратып кетіпті. Жауынгерлер оны сау аяғынан сүйреп ойпатқа түсіріп, екінші рет ажал тырнағынан аман қалған. Ал іле-шала жеткен дивизия екпіні ентелеген жаудың тас-талқанын шығарды. Сол жолғы ерліктері үшін бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталғандардың ішінде аға лейтенант Омарбек Қайсанов та бар болатын.
Ол алты ай емделіп, ауруханадан шыққанда қанқұйлы жау соңғы күшін жинап, өршелене айбат шегіп тұрған. Атақты «Қаңтар операциясы» деген атпен тарихта қалған қиян-кескі ұрыс Висладан басталды. Оны бастаған бесінші армияның құрамындағы Омекеңнің взводы да жан алып, жан берісіп алға ұмтылды. Сол екпінмен жауды түре қуған олар 1945 жылғы қаңтардың 21-інде Германия жеріне табан тіреді. Сол күні-ақ немістің Крайцбург қаласы үшін қоян-қолтық шабуылға кірді. Бекінген жау оңайшылықпен алдырмады. Қабыландай қасарысқан Омекең өрендерінің үштен бірі қырылып қалды. Ал Омаш ағаның өзі үшінші рет қатты жараланып, бірнеше ай госпиталь төсегіне таңылды. Ерен ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

***
… Омарбек аға ұлы Жеңісті Эльба өзенінің жағасында қарсы алыпты. Жау жеңіліп, азаттық таңы атты. Бірақ Чехословакия шекарасында жасырынып қалған бір армия жендет қайтадан бас көтеріп, бесінші армия енді соған қарсы жорыққа аттанады. Тағы да қиян-кескі соғыс, тағы да қанды қасап…
Омаш аға фашистік Германия тізе бүккеннен кейін де әскер қатарынан босай қойған жоқ. Енді олардың дивизиясына Вена қаласында жауынгерлік күзетте тұруға тура келді. Елге 1946 жылдың шілдесінде бірақ оралды. Келген соң өз облысымыздың атқару комитетінде, одан кейін облыстық партия комитетінде істеді. Арнайы жолдамамен Мәскеудегі жоғары партия мектебіне түсті. Кәсіподақтардың Мәскеудегі жоғары мектебінің экономика факультетін бітіріп, біраз жыл облыстық кәсіподақтар кеңесінде істеді. Содан соң облыстық партия комитеті идеология бөлімінің нұсқаушысы және бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 1973 жылдан 1983 жылдың соңына дейін он жыл табан аудармастан облыстық «Коммунизм туы» газетінің бас редакторы болды. Сегіз жыл республика Журналистер одағының облыстық бөлімшесін басқарды. Тағдырдың тақсыреті мен қасіретін қатар тартқан тәжірибелі тарлан жазуға ебі бар жастарға барынша қамқор бола білді. Олардың талабын ұштап, жарқ еткен жақсы қадамына қуанып отыратын. Бүгінгі күні Шығыстан шыққан, есімі елге танымал бірқатар ақындар мен жазушылар Омаш ағаның қол астында істеп, көргені – көп, түйгені – мол ағаның тәрбиесін алған. Менің де қаламымды ұштап, қарақанаттандырған қасиетті қара шаңырақ – облыстық газет ұжымының сол кездегі береке-бірлігін, шығармашылық шабытын мен қай жерде болса да мақтана айтып жүремін. Сайып келгенде, ол да «арқасы бар» адамдардан тұратын базыналығы басымдау ұжым басшысының парасаттылығы мен көргенділігі һәм көрегендігіне тікелей байланысты болса керек.
Омаш аға бейбіт өмірде Отан соғысы орденінің тағы бірін өңіріне қадады. Кейінірек сол төрт орден мен он медальға «Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы қосылды. Өскемендегі қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағымен қимай қоштасып, республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққаннан кейін де облыстық теледидарда төрт жылдай редактор болды…

* * *
Әрине, қамығу мен жабығудан, зарығу мен сағынудан тұратын сұрапыл жылдар майдангер жүрегіне жүк артпай қойған жоқ. Оның да көкірегінде соғыстың алауы, намыстың жалауы желбіреп тұратын. Өзі жайында ашылып сыр ақтара бермейтін, асыра мақтауды да, көпіре мақтануды да жанымен жақтыра қоймайтын. Қандай мәселе болса да ұсақ-түйек демей байыппен қарап, өмірден жиған бай тәжірибесінің таразысына салып барып шешетін. Амал нешік, абзал аға сексеннің екеуін толтырар-толтырмастан өмірден озды…
Бүгінгі күні қадау-қадау ғана қалған ардагер ағалар басынан өткен сонау бір дүрмекті кезеңнің дүбірі келмеске кеткенімен, зары өшкен емес, зардабы өшпек емес. Ол жылдардың жүрекке түскен жарасы, көңілде қалған наласы қаншама! Биыл сол ұлы мереке, ұлық той 70-ші рет атап өтілмек. Сондай көңіл қозғарлық, жүрек сыздатарлық шақ жыл айналып келген сайын осы бір жансебіл жауынгер ұрпаққа деген, олардың арамызда жоқтарының аруағына деген қадір-құрметіміз де арта түспек. Солардың арасында тәңірінің рақымы түскен қадірі таудай қария – Омарбек ағаның орны мен үшін, тіпті мен үшін ғана емес, кешелі-бүгінгі «дидарлықтар» үшін де қай-қашан ойсырап тұрары хақ…

Жұмағазы Игісін,
журналист

Өскемен

Осы айдарда

Back to top button