Қоғам

ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАР

   Өткен ғасырдың 80  жылдарында Ақжар халық театрына режиссер болған, қасиетті өнер шаңырағының негізін қалаушылардың бірегейі Шоқан Мұхамадиев болатын. Сол елеулі еңбегіне құрмет ретінде Шоқан Кемелбекұлы есімі  2020 жылы Ақжар халық театрына берілді. Ол кісі театрды биік белестерге шығару  жолында аянбай тер төккен  біртуар  дарын иесі, тума талант. 

Өнермен өрілген   шығармашылық  жолында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, облыстық, республикалық  өнер байқауларының лауреаты  атанған  Шоқан ағамыздың  мұрагері – Ақжар ауылының тұрғыны, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ұлы, жеке кәсіпкер  Ербол Шоқанұлы да әкеден алған тектілік қасиетті жалғап келеді. Әкесінің  театрға есімі берілгенін қуанышпен қабылдап қана қоймай, 2020 жылы  халық театрының  режиссерлік бөлмесін  толық жабдықтап, 2021 жылы  Ақжар өңірі бойынша    Шоқан Мұхамадиев атында театр фестивалінің өтуіне демеушілік көрсетті. Елдегі жағдайы төмен отбасыларына жәрдем көрсетуден де  аянып қалған  емес. Оны елге сыйлы, жұртқа қадірлі ететіні де осы қасиеті. Яғни кеңпейілдігі мен жомарттығы, мәрттігі мен азаматтығының арқасында зор беделге ие. Кейде демеушілік жасау, жомарттық жасау қалтаның қалыңдығына байланысты емес. Бұл ананың сүтімен, әкенің тегімен келіп, содан кейін өзінің отбасы, ошақ қасы, айна­ласындағы тәрбиеге байланысты болса керек.
– Әкеміз өмірін өнер саласына арнады.  Қолын­дағысын аямайтын. Туысына, жақынына, бас­қа­ларға да бөліп беруге дайын болатын. Өнерге жақын болуымыз: бала кезімізде  сахналанып жатқан қойылымдарды тамашалап әкемізбен бірге жүруші едік,  өнер сол кезден қанға сіңген-ау деймін. Бәрі де өзіңнің көңіл-күйің мен жүрек сезімің­де ғой. Өзім ән айтып, домбыра шертпегенмен, оларды түсіне біліп, әкемнің еңбек еткен өнер ордасына  қол ұшын созып, шама келген­ше өнерге жәрдем беріп келем, –  дейді Ербол Шоқанұлы.

Осы ретте, арада қаншама уақыт өтсе де әкесінің еңбек еткен  мәдениет ордасына  құрмет көрсетіп, Ақжар Мәдениет үйі жанындағы  Шоқан Мұхамадиев халық театрына  қолдау көрсетіп келе жатқан Ербол Шоқанұлына  барша мәдениет саласы қызметкерлері атынан жүрекжарды алғысымызды білдіреміз! Бұл әкеге деген құрмет қана емес, халықтық өнерге деген азаматтық көзқарас деп түсінеміз.

Үмітгүл БАЯНБАЕВА, Ақжар мәдениет үйінің қызметкері

Тарбағатай ауданы.     

Осы айдарда

Back to top button