Елімізде құсбегілік өнер қанатын кеңге жайып, жалпақ жұрттың қызығушылығын арттырып келеді. Тіпті, шетелден келіп тамашалайтын туристердің саны жыл санап артуда. Осылай түз тағысын туризмнің тетігіне айналдыруда. Бұл тұрғыдан шығыс өңірі өнімді жұмыс істеп, құсбегіліктің мәртебесін биік ұстап отыр. Оған үлес қосып жүрген жандардың бірі – құсбегі, Зайсан ауданы, Біржан ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Боранбай Төлепбергенұлы. Құсбегімен сұхбат құрып, Зайсандағы құсбегілік өнердің аяқ алысын білген едік.
– Бүгінгі жаһандану заманында екінің бірі қыран баптап, құс сала бермейді? Сіздікі елге еліктеу ме, әлде, бабадан балаға мирас өнер ме?
– Қыран баптап, құс салуым ешқандай еліктеу емес, әке жолын жалғау, ұлттық өнерді өзгеге насихаттайын деген мақсат. Әкем қырық жыл құс салған адам, биыл 77 жасқа келді. Сол құсбегі әкенің үлкен мектебінің түлегімін. Мен құндағымнан бүркіттің шаңқылын естіп өскен баламын, сондықтан да түз тағысы маған ешқандай жат емес. Бүркітті баптауды, аңға салуды бала күннен үйреніп өстік. Қазір екі бүркіт, бір қаршыға ұстап отырмыз.
– Қазір Шығыста құсбегілік өнер жақсы қолдау тауып келеді. Зайсанда құсбегілік қалай дамып жатыр?
– Иә, соңғы кезде Шығыс Қазақстан облысында құсбегілік өнер жақсы дамып келеді. Облыс басшылығы да қолдау көрсетуде. Ұлан ауданының Бозанбай ауылында биылғы қыста екі рет қансонар өтті. Зайсан ауданында да құсбегілік өнер қанатын кеңге жайып келеді. Әуелгіде құс ұстайтын біздің әулет қана еді, қазір тағы екі бүркітші қосылды. Жастар арасында қаршыға және ителгі құсына деген қызығушылық артып келеді. Енді Алла қаласа, қатарымызға қаршыға мен ителгі баптайтын жас құсбегілер қосылып қалар деп үміттеніп отырмыз. Былтыр аудан әкімінің қолдауымен құсбегілердің турнирін өткізген болатынбыз. Бұрын Шығыс-Алтай бүркітшілер федерациясы болса, қазір ШҚО бүркітшілер федерациясы бөлек құрылып жатыр. Осының барлығы құсбегілік өнерге деген қолдау бар болғандықтан іске асып келеді деуге болады.
– Бүркіт баптау «бала бағудан қиын» деседі. Бүркіттің жемін қалай тауып беріп, қалай сақтайсыздар?
– Бір бүркіт күніне 2 кг ет жейді. Сонда жыл он екі айда бірнеше жылқы етін жеп қояды. Аспан серісі болғандықтан шығар, қай уақытта да несібесіз қалмайды. Айтпақшы, өткен жылы аудан әкімі әкемізге үлкен қолдау көрсетіп, бір малдың еті сиятындай мұздатқыш алып берді. Ол да осы өлкеде құсбегілік өнерді өлтірмей сақтап отырғанымыз үшін көрсеткен құрмет болды. Бүркіт жемді қыста аз жейді де, жазда көп беруге тура келеді. Сондықтан оны сақтау да оңай емес. Өйткені жазда түлекке отырады ғой, дұрыс түлемеген құс қысқы аязда тоңғақ келеді. Ал жақсы түлеген құс қыста аңға да жақсы түсетін болады.
– Аңшылық маусым қашан аяқталады? Кез келген уақытта аңға шыға бересіздер ме?
– Аңшылық маусым ақпан айы басталған соң аяқталады. Өйткені ақпан айы басталған соң аң үйікке түседі, сол үшін аңшылық маусым аяқталады. Жалпы кез келген уақытта аңға шыға бермейміз. Түлкі, қоян сияқты аңдарды аулауға рұқсат қағазын аламыз. Қазір аңшылық та заң аясында жүреді. Баяғыдай кез келген таудан қасқыр, түлкі, қоян аулай бермейсің. Қызыл кітапқа кірген аң-құс бар. Қысқасы, табиғаттың тәңірден кейінгі де қорғаушысы бар дегендей. Сондықтан аң аулаудың табиғи заңдылығын да, заңды түрдегі заңдылығын да ұстанамыз.
– Құсбегілік өнер баяғы қалпын бұзбай дамып келе жатыр деп айта аламыз ба?
– Біздегі ұлттық спорттың ішінде ерекше еңбекпен дамып келе жатқан ат спорты мен құсбегілік өнер. Екеуін дамытып жүрген жандардың еңбегі зор. Өйткені машақаты көп өнер ғой. Десе де қазір ат спортымен айналысып жүргендерде бір қателік бар. Атқа ат қоюда шетелдік атауларға, мағынасыз атауларға жол беріп келеді. Баяғының Құлагері, Тайбурылы, Байшұбар, Қубас ат сияқты аттарды қойса ғой жүйріктерге. Бұл тұрғыдан құсбегілер байырғы баба қалыптан танған жоқ. Ақиық, Мұзбалақ, Сауыр, Мұзтау деген сияқты қырандарының аты жалғасып кете береді.
– Құсбегінің ең басты қандай қасиеті болуы керек?
– Құсбегінің ең басты қасиеті қыранды баптай білуі керек. Бүркіт қолбала және түз құсы деп екіге бөлінеді. Қолбаланы ұядан балапан кезінде алса, түз құсын аңға түсіп үйренген соң тор құрып ұстайды. Қолбалаға бүкіл аңшылық қасиетті аңшы үйретеді, ал түз құсына қыран бүркіт өзі үйретеді. Сондықтан да түз құсы тек аңға түссе, қолбала адамға да, аңға да, малға да түсе беруі мүмкін.
Қолымда жарық көрмеген тоғыз дастанның қолжазбасы бар
– Құсбегіліктен бөлек, ақындық өнеріңіз бар екен. Қолыңызда бірқатар рухани мұра бар деп естідік?
– Иә, кез келген қазақ екі ауыз өлеңді ұйқастырып айта алатын қасиетке ие ғой. Сондықтан да біздің де өлең-жырға әуестігіміз бар. Бұл өзі жалпы аңшылар қауымына, дала қазағына тән қасиет. Ал енді қолдағы рухани мұраға келер болсақ, ол өте үлкен рухани дүниелер. Менің атам Сағдолла Нұралин деген кісі үлкен қаламгер адам болды. Сағдолла атамыз 1909 жылы Зайсан уезінің Шолақбұлақ деген ауылында дүниеге келіп, 1981 жылы Марқакөл ауданының Ақбұлақ деген ауылында қайтыс болған. Ол кісінің жазған 9 дастанының қолжазба нұсқасы менде сақтаулы тұр. Былайша айтқанда бір чемодан қолжазба, құнды кітаптарды сақтап отырмын.
– Ол қандай дастандар? Бұрын жарық көрген бе?
– Ол кісі «Арқалық батыр», «Қасен-Жамила», «Зуқа батыр», «Мырзаш батыр», «Күркебай», «Көгедай төренің өлімі» қатарлы дастандар және қазақ тарихы, Абақ керей мен Найман шежірелерін жеке-жеке жазған. Сондай-ақ бір чемодан қолжазбаның ішінде бірқатар өлеңдері де бар. Ақын атамыз бір өлеңінде:
«Бірқатар менің жазған дастандарым,
Өлеңнің басқан кезде баспалдағын…», – деп бастап, дастандарының аты мен мазмұнын тізбелеп бастайды да:
«Жиыны тоғыз дастан жазған едім,
Болмас еді жарық көрсе басқа арманым…», – деп жалғастырады. Ел аузынан тың дүниелер жинап жазғанын да келтіреді.
Бұл дастандар көп жерде жарияланбаған. Марқұм атам көзі тірісінде 1970 жылдары Нариман деген кісімен байланыс жасап, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына №336-339 архивтік папкаға сақтатып кетіпті. Кейін «Ақсауыт батырлар» деген кітап шыққанда атамыздың Арқалық батыр және Зуқа батыр жырларының нұсқасы енгені айтылады. Бұл басқа жерде кітап болып әлі шықпады. Ал жеке кітап қылып шығару үшін біраз қаржы керек екен. Ендігі кезекте облыс әкімдігінің қолдауымен шығатын «Абай әлемі» кітаптар сериясына ұсынып көрсем бе деп отырмын. Ал бұған дейін сұрап келген кісілер болды. Бірақ олардың көбі сол шығарманың емес, өз мүддесін көздегендей болды.
Текті өнерді оқушыларға оқыту қажет
– Бойыңызда бабадан қалған, әкеден алған қандай тағылым бар?
– Әкемнің туған нағашысы Сафари деген кісі мықты бүркітші болған. Әкем сол кісіден үйренсе, мен әкемнен үйрендім. Әкем нағашысынан құсбегілікті, өрмешілікті, ағаштан ер шауып, темірден түйін түюді үйренді. Ал маған атамның ақындығы мен әкемнің құсбегілігі жұғыпты. Қазақ «Жігітті талап ұшырады, құсты қанат ұшырады» дейді. Тағы да: «Қазаншы етке қарайды, батыр шепке қарайды, мерген төске қарайды, құсбегі көкке қарайды» дейді. Сол сияқты көктегі қыранның самғауына қарап өстік. Заңды түрде төрт жылдан бері құсбегі болып келемін. Бойда бар сол қасиетті келесі ұрпаққа үйретіп кету мақсатында жұмыс істеп жүрген жайым бар.
– Бозанбай ауылы құсбегілік өнерді өз биігіне көтеріп алды, сол сияқты Зайсанда дамытсам деген жоспарыңыз бар ма?
– Биыл ШҚО бүркітшілер федерациясы құрылғаннан кейін, төрт адам айлық алып жұмыс істейтіні айтылған болатын. Соның біреуін осы Зайсан ауданына бөлеміз деген еді. Егер олай болып жатса жас құсбегілерді даярлап, ұрпаққа қыранның қасиетін дәріптейтін боламыз. Әкемнің де тәрбиелеп жатқан шәкірттері бар. Солардың барлығын жүйелі түрде дамытсақ деген жоспар бар. Қарабайыр жұмыс түрінде емес, педагогикалық нұсқаулық дайындап мектеп оқушыларына оқытса деп ойлаймын. Бұл жалпы құсбегілік өнерді дәріптеу үшін елімізде қолға алынып, іске асса дұрыс болар еді.
– Құсбегілік өнерді ғылыми тұрғыдан зерттесем деген мақсатыңыз бар сияқты?
– Иә, қол жеткізе алсақ мақсат көп. Жалпы құсбегілік өнер ғылыми тұрғыдан толыққанды зерттелген деп айта алмаймыз. Әлкей Марғұланның жазған біраз дүниелерімен ғана жүрміз. Бүркіттің жасы, бабы және тағы да басқа қырынан айшықтайтын дүние көп. Құсбегілікке қатысты аңыз-әфсаналарды да зерттесем, жинақтасам, мектеп оқулықтарына кіргізсем деген мақсат бар. Қазір технология дамыды, зерттеуге, зерделеуге мүмкіндік көп ғой. Қазір шетелдерде дрондардың, мықты камералардың көмегімен зерттеліп жатыр.
– Құсбегілікті оқушыларға оқытқанда не ұтамыз?
– Біз бүгін өзімізден туған баланың тілін таппай отырмыз, кешегі бабаларымыз түз тағысының тілін тапты ғой. Қыран бүркітті қолға бағындырып, бір ауылды асыраған құсбегілер болған. Бүгінде Көк байрағымызда қыран бекер тұрған жоқ ғой, болмағанда сол туда қыранның не үшін тұрғанын ұрпақ білуі керек емес пе?! Бұрын мырза кәсіп болса, бүгінгі таңда рухты ұрпақ тәрбиелейтін құрал болады деп ойлаймын. Біз телефонға телмірген ұрпақты түз тағысы арқылы түзеп, рухтандырып алуымыз қажет. Сол үшін керек.
– Алда қандай мақсат, жоба-жоспар бар?
– Орындай алсақ мақсат көп ғой. Тек Зайсан мен Ұлан ғана емес, облысымыздың басқа өңірлерінде де дамытуға атсалысуымыз керек. Басқа аудандарға насихаттасақ деген жоспар бар. Өткенде Өскемен және Риддер қалаларында кездесу өткіздік. Қыран мен құсбегі көп болса, насихаты да соғұрлым жақсы болмақ. Біз сондықтан құсбегілер біріге жұмыс істесек, ісіміз өнімді болар деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы